Достарым көп келетін біздің үйге,
Бар себеп – домбырада, ән мен күйде.
Мәскеуде бір домбыра болатұғын
Оның да шын тұрағы біздің үйде.
Домбыра сағасында жарысады,
Бес саусақ қалай-қалай қабысады.
Нұржанның күй тартатын кездерінде
Пәк сезім жан сезіммен табысады.
Жан сезім ұшардай боп әрең тұрар
Синустар өзгелерден сәлем сұрар.
Алайда домбырамен кездескенде
Иіліп домбыраға сәлем қылар.
Қыздарға күй тартатын кештер есте
Тәуір жігіт алатұғын ою-кесте.
Қанша кесте алып едің Нұржан құрдас,
Қайта айналып бармаймыз ба сол бір кешке ?
Домбыраны қос ішек еңіретті,
Жастықтың жайлауынан өмір өтті.
Аяңдап алпысқа да жетіп қаппыз
Айқайлап щулатпай-ақ төңіректі.
Алпыстың асқарына ойнап келсек,
Достарға дүркіретіп тойлап берсек.
Бір домбыраға таласқан күндеріміз
Бұл да бір бақыт екен ойлап көрсек.
05.01.2016
*****
Қу балық құйрығымен қармақ қабар
Іздеген берген болса алмақ табар.
Уақытың қу балық боп бұлғаңдатып
Сөздерің істеріңмен салмақтанар.
Жылдарың сәудіретіп күнді тізген
Көктемің оралмайды енді күзден.
Парасат іздейтұғын адам болса
Мол табар басып өткен біздің ізден.
*****
Әл-Хорезми ойлап тапқан ережелер,
Көзін тапсаң – саф алтын берекелер.
Ұйқасы жоқ өлең құсап бос әурелеп
Қисық кетсең өзіңді келекелер.
Қисық кетсең есебің мазақ қылар,
Сәттіліктің ақ құсы аз-ақ қонар.
Өлеңдер ақ жауын боп төгілсе де,
Өмірің есеп шықпай азап болар.
Синустармен достасып бірге жүрдім
Досыммен бірге жылап, бірде қүлдім.
Синустар косинуспен ұйқасқанда
Өлеңнен кем шықпасын бірден білдім.
Бұл өлеңді алайда ұқпас бәрі
Аш тауыққа тас та тары, дән де тары.
Синустың сырын ұғып әнін сезген
Адамзатқа нағыз шипа, нағыз дәрі.
Қуғын сүргін көбейді адамзатта,
Айырбаста зеңбіректі қаламсапқа !
Синустан өлең ұғар адамдар аз,
Жетпейді осындайлар адамзатқа.