Өмірбаян

Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев (25 ақпан 1956 жылы, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кенті) – белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы (1988), профессор (1990), Қазақстан ҰҒА-ның академигі, 12-шақырылған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің және 13-шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты.

Асқар Жұмаділдаев 1956 жылы Қызылорда облысындағы Шиелі қыстағында дүниеге келген. Асқар Жұмаділдаевтың арғы атасы Шоң өңірге белгілі адам болған. Шоңның Сырдария өзенінің бойындағы Көтентоғай жерде үлкен үйі болған екен және болыс қызметін атқарған. Күштеп ұжымдастыру кезінде Шоңның ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшырайды да, барлық мүлкі кәмпескеленеді. Асқардың атасы Жұмаділдә бала-шағасын алып, Өзбекстанға қашуға мәжбүр болады. Жұмаділдә және оның жанұясы күн көру үшін түрлі қара жұмыстар жасауға тура келеді. Кейінірек Сталин қайтыс болғаннан кейін Жұмаділдә Қызылорда облысына қайтып келеді. Алайда, Жұмаділдәнің Өзбекстанда туған немерелерінің барлығының ғұмыры қысқа болады. Қазақстанға қайтып келгеннен кейін туған алғашқы немересі Асқар Жұмаділдаев екен. Қазақтың дәстүріне сәйкес, Жұмаділдә Асқарды өзінің бауырына басып алады.

Асқар Жұмаділдаев 1962 жылы №299 темiржол төртжылдық бастауыш мектебiне, 1966-69 жылдары №45 Октябрьдiң 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебiнде білім алады. Кейінірек 1970-72 жылдары Алматыдағы №56 Сәтпаев атындағы физика-математика мектеп-интернатында оқыды. Кейiн физика-математика кластары негiзiнде жаңа мектеп ғимараты салынып, Республикалық физика-математика мектебi болып қайта құрылды. Мектепте жүргенiнде талай қалалық, республикалық және бүкiлодақтық физика-математикаға қатысты жарыстарға қатысып, талай рет жүлдегер атанды.

1980-90 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі Математика институты) кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтың негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Ол – 12-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

Ғылыми дәрежелері:
1981 ж. — физика-математика ғылымдарының кандидаты (КСРО Ғылым академиясының В.А. Стеклов атындағы математика институты, Мәскеу);
1988 ж. — физика-математика ғылымдарының докторы (КСРО Ғылым академиясының В.А. Стеклов атындағы математика институты, Ленинград бөлімі). Тақырыбы: Оң характеристикалы Ли алгебраларының когомологиялары және оның қолданылулары. Ғылыми жетекшісі: Алексей Кострикин;
1990 ж. — Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры;
1995 ж. — ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі;
2004 ж. — ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Шетелден алған шақыртулары:
1988 ж. – Гамбург университеті (2 ай);
1995-1996 жж. – Мюнхен университеті (18 ай);
1997, 1998, 1999 жж. – Бильфельд университеті (4 ай);
1997 ж. – Ньютон институты, Кембридж, Ұлыбритания (4 ай);
1998, 2001, 2002, 2003 жж. – Теориялық физиканың халықаралық орталығы, Триест, Италия (9 ай);
1998, 1999 жж. – Миттаг-Лефлер атындағы математика институты, Швеция (9 ай);
1999 ж. – Киото университеті, Жапония (1 ай);
2000-2001, 2002, 2003 жж. – Стокгольм университеті, Швеция (6 ай);
2000 ж. – Оксфорд университеті, Ұлыбритания (1 ай);
2001 ж. – Филдс институты, Торонто, Канада (1 ай);
2001, 2002, 2003, 2005 жж. – Жоғарғы ғылыми зерттеулер институты, Бюр-сюр-Иветт, Франция (5 ай);
2002 ж. – Эрвин Шрёдингер атындағы Математикалық физика халықаралық институы, Вена, Австрия (1 ай);
2005 ж. – Макс-Планк атындағы математика институты, Бонн, Германия (3 ай).

Қызықты деректер:
— Қазақстан Тәуелсiздiгi деклорациясын, Қазақстан Тәуелсiздiгi туралы Заңды, Қазақстанның тұңғыш Конституциясын, тұнғыш мемлекеттiк рәмiздерді қабылдаған депутаттардың бірі;
— «Болашақ» бағдарламасы туралы Президентке ұсыныс айтқан;
— Қазақстан Конституциясында Қазақстан Президентi қазақ тiлiн жетiк меңгеру керек деген ұсынысты алғашқы рет енгізген;
— Қазақстанның Тұңғыш Президентiнiң жалақысын есептеген.