Көктем қайтып келе ме?

Математиктің жыр жазуы

Күнә қылмай таза боп,
Өткеніңнен не ғайып?
Сөзің кетсе қаза боп,
Оқылмаса не айып?

Көп ойланып жазғаның,
Біреу білу міндет пе?
Жерден жоқты қазғаның –
Кеткені де күн текке.

Омар Хайям бабаңның,
Кей сөзіне құлақ сал.
Отқа күйіп табаның,
Қыл көпірден құлап қал.

Хор қызынан қорықсаң,
Жұмақ саған не керек?
Келмей жатып торықсаң,
Шабыт саған не демек?

Қырт екен дер қияли,
Зорға шыдар сын сағат.
Қағаз жаңарт, сияны үй,
Қалай ұшар жыр қанат?

Қағаз көптен алайда,
Пайда болмай, зиян жоқ.
“Әль-джебрмен” маңайда
Алынбайтын қиян жоқ.

Сұрап келіп түйені,
Бие алар әдіс бар,
Әл-Хорезми киелі,
Шабыт берер шабыс бар.

Формулалар жаңбырдай,
Шелектетіп құяды.
Кетер ме деп қандырмай,
Қалам ойды қияды.

Бөтен ойды нөсер тез,
Түкпіріне тығады.
Өлең болып көсем сөз,
Содан кейін шығады.

* * *

Заман өтті білдің бе?
Жігер жалау ілдің бе?
Кешеден қалған бір үзім,
Жұқалатып тілдің бе?

Жалға барсаң малай боп,
Тазаласаң талай боқ,
Намысыңды езетін
Ақыл-қайрат қалай жоқ?

Әлі көп пе көн етің?
Шөп ексеңші өнетін.
Боталы түйе қимылың
Қорадан шықпай өлетін.

Қиысқанға құрысқан,
Бос мылжыңмен тұрысқан.
Екі жерде екіні,
Үйренсеңші Дұрыстан.

***

Домбыраңды біреуге,
Бере берсең, жабығар.
Көңіл қарын күреуге,
Өз үніңді сағынар.

Арман сырын әркімге,
Аша берме орынсыз.
Бара берме бәлкімге,
Көзір түскен қолыңсыз.

Ұзақ қыс пен көктеммен,
Жаз да ұзақ болады.
Қар мен жаңбыр төккеннен,
Қырманға астық толады.

Келер күз бен қыс бірақ,
Оңай жетер күн бар ма?
Күндер жігер ысқылап.
“Тоқтай тұрды” тыңдар ма?

Қайратың қыл көктемде,
Көп қайғыны елеме.
Өкінгеннен өткенге,
Көктем қайтып келе ме?

«Қазақ әдебиеті», №40 (2992) 6 қазан — 12 қазан, 2006 ж.