тіл клавиатураға,
әлде клавиатура тілге бағына ма?
Жаңа алфавиттің екі нұсқасын көрдік. Екеуінің ортақ жері – бәрі таза латын алфавитіне негізделген. Айырмашылығы – бірі апостроф, үтір, ноқаттар қолданса, бірі диграфтар арқылы жазбақ. Біріншісі филологтарға ыңғайлы, екіншісі программистерге ыңғайлы. Бірақ екеуі де жәй қазаққа ыңғайлы емес.
Қазақ алфавитінің парламент ұсынған нұсқасының артықшылығы – компьютерде қолдануға жеңілдеу. Кемшілігі – бір дыбыс бір әріп ұстанымы сақталмаған. Соңғы нұсқа сәл тәуірлеу сықылды. Бірақ апострофтардың көптігі көз сүріндіреді. Мерседеске Запорожецтің дөңгелегін салып қойғандай әсер қалдырады. Лажы болғанша диграфты да, тырнақша мен апострофты да азайтқан жөн.
Екі нұсқа да тілді клавиатураға бағындырып тұр. Яғни барлық дыбыс, барлық ақпарат келсе де, келмесе де 26 латын әрпімен өрнектелуі керек. Неге? Бұл сұрақтың тұшымды жауабын естімедім.
Менің естігенім латын алфавитіне өтсек, компьютердің сырын терең ұғады екенбіз. Бүл арада мен кириллицаның айыбын көріп тұрғаным жоқ. Таза орыс әріптері қазаққа артық көрінуі мүмкін. Осыны алып тастасақ қазақ тілі қарыштап дамиды, компьютер жорғалап кетеді деген бекер сөз. Компьютер секундына миллион амал жасайды. Миллионның қасында отыз әріп не, қырық әріп не, мың әріп не бәрібір. Қытай елу мың иероглифімен компьютерді дөңгелетіп отыр. Жапон алфавиті хирагана, катакана болып екіге бөлінеді. Хирагана қытай иероглифтерінің бәрін сіңіреді. Катакана жаңадан келетін кірме сөздерді жазуға арналған. Жапон мен қытай осыншама символды компьютерге ұқтырып, компьютер өнерінің шыңына шығып отыр.
Компьютер өнерінің майын ішкендер басты мәселе әріпті қалай жазуда емес, мәселе математиканы, оның ішінде алгоритмдер теориясын жетік меңгеруде екенін нығыздап айтады.
Латынға көшу тек қана латын әрпін қолдану керек деген сөз емес. Барлық дыбыстарды 26 әріпке сиғызу зорлық. Бәрібір қосымша әріптер енгізілу керек. Осындай қосымша әріп қатарына, мысалы “ә” әрпі лайық.
Бұл әріп кириллицада да жоқ, латиницада да жоқ. Бұл дыбыс арабтан немесе парсыдан енуі әбден мүмкін. Бірақ бүгін қазақтың төл дыбысына айналды. “Ә” дыбысын кері жазылған “Е” әрпі арқылы жазуды кім ұсынғанын білмедім. Кім болса да данышпан адам ұсынғаны байқалады. “Ә” әрпін қазақтың төл әрпі ретінде, арнайы символ ретінде, дәл осылай клавиатуруға енгізген жөн.
Бұндай болмаған жағдайда, мысалы ә-ні бірінші нұсқадағыдай “ae” деп диграф қылып жазатын болсақ, “Әлім” әйелімге айналып кетеді. Нәби мен сәбіз неге айналатынын жазбай-ақ қоялық.
Енді екінші нұсқадағы ә-нің шаруасын қарастырайық. Бұл жерде екі жағдай болуы мүмкін. Бірінші жағдай: ә-ге клавиатурадан арнайы орын табылмайды. Онда ә-ні жазу үшін алдымен a-ны іздеп, содан кейін апострофты іздеп әлек болып жатамыз. Бұл тірлік сирек қайталанса бір сәрі, бірақ Ә әрпі қазақ тілінде көп кездесетін әріп. Сонда қазақ текстін жазу жылдамдықты баяулататын көңілсіз шаруаға айналады. Бұндай әріптер бір емес сегіз екенін ескерсеңіз, клавиатура сіздің досыңыз емес, жауыңызға айналады.
Екінші жағдайда “ә” әрпіне клавиатурадан арнайы символ ретінде орын беріледі. Онда бұл жаңа символға “а’ ” деп айдар таққанда не мағына болмақ? Клавиатурада “a” деген символ бар, апостроф та бар, бірақ“а апостроф“ деген символ жоқ. Бұл клавиатураға қосылмақ жаңа символ болады. Құн жағынан “а’ ” не “ә” не бәрібір, екеуінің де шығыны бірдей. Олай болса “ә” дыбысын еш өзгеріссіз үйреншікті “ә”-мен бекіте салсақ болмай ма?
Бұндай проблема әзірбайжан бауырларымыздың алдында да тұрған. Алғашында “ә” әрпі төбесінде қос ноқаты бар “а” ретінде қабылданған. Тіпті, екі-үш жылдай қолданыста болған. Бұл үлкен дау тудырып, ақыр соңында “ә”-нің өзі қайта қабылданған.
“Ә” әрпі отызыншы жылдардағы қазақ латиницасында да болған. Мысалы “Әдебиет майданы” журналын алсақ, бұндағы “әдебиет”сөзі “Әdebijet” болып басылған.
Жалпы алсақ, қазақтың төл дыбыстарын белгілейтін “ә”, “ө”, “қ”, “ң”, “ғ”, “ұ”, “ү” әріптерін арнайы символ ретінде клавиатураның оң жағында енгізуге болады. Бәрі енсе ең дұрысы осы болар еді. Болмаса, мүмкіндінше көбін енгізген жөн. Бұндай символдар қатарына ең көп қолданыста болатын әріптер кіруі тиіс. Осындай әріптер санатында әлбетте “ә” әрпі жатыр.
Клавиатураны толықтыру қымбатқа түседі деген де бекер сөз. Қазіргі клавиатураның барлығы латын әрпімен қатар кириллица әріптерімен толықтырылған. Кириллицаға негізделген қазақша клавиатура да бар.
Керек болса орысша да, қазақша да жазуға болады. Бұны кез келген компьютер дүкенінде көп болса бес мың теңгеге компьютеріңізге нығыздап алуға болады. Егер латыншаға бес-алты әріп қосымша қылсаңыз, оны да осындай жолмен шығынсыз шешуге болады.
Кириллицаға негізделген қазақ клавиатурасының кемшілігі неде?
Әнгіме регистр мен шрифтің жиі өзгертілуінде. Латын шрифтін бассаңыз Тайбурылдай жорғалайсыз. Қазақша бассаңыз тұяғы тағаланбаған аттай кібіртіктей бересіз. Тегіс жерде шабыт келуі мүмкін. Тас шоқалақ кездесе қалса, шабытыңыз желмен ұшып кетеді.
Кириллицаға негізделген қазақ клавиатурасының ең үлкен кемшілігі цифрларды жаза алмауында. Өйткені, қазақ клавиатурасында цифр мүлде жоқ. Цифрларға қазақтың төл әріптері ілінген.
Мысалы “екі жерде екі төрт пе, не бес пе?” дейтін қарапайым сұрақты қазақ клавиатурасымен сөйлетіп көріңізші. Мен икс квадрат қосу игрек квадрат тең зет квадратты айтпай-ақ қойдым. Шрифті латынға не кириллицаға көшіріп “2 x 2=4”-ті жазасыз, сонан соң қайтадан шрифт қазақшаға көшеді де “пе, не” деген сөздер жазылады, бұл арада тырнақшаны жазу үшін тағы да шрифт өзгеруге мәжбүрсіз, не болмаса 1-ді төменгі регистрде басасыз, сонан соң латын шрифтінде “2x 2=5” басылып, содан барып “пе?”-ні жазу үшін шрифті тағы өзгертесіз. Осылай қарапайым ғылыми сөйлемді жазу үшін шрифтерді қайта-қайта өзгертуден құралатын күрделі бір операция жасауыңыз керек. Филология мен философиядан өзге ғылымдардың бәрінде дерлік бұндай амалдар миллион рет қайталанады. Сонда жігеріңіз құм болады, шабытыңыз жым болады. Қазақ тілінде математика жазып қиналғанша, өлең не роман жазып тыныш отырған дұрыс-ау деген қорытындыға келесіз.
Латын алфавитіне негізделген қазақ алфавитінде қазақтың төл дыбыстарына үстемдік берілуі тиіс. Қазақтың төл әріптері латын әріптерінің көлеңкесінде “апостоф пен диграф жаздыртып әурелегеніме кешірім өтінемін” дегендей ұялып тұрмасы керек. Қазақтың төл әріптеріне клавиатурадан ойып тұрып лайықты орнын белгілеп беруіміз керек. Әйтпесе жұртты әуре қылмай кириллицада қала бергеніміз дұрыс. Бұл дыбыстар міндетті түрде латын әріптерімен жағаласа өрнектелуі қажет дейтін Ньютон заңы жоқ. Бұл қағиданы отызыншы жылдары қазақ зиялылары жақсы қолданған.
Апострофпен жазу кірме әріптердің еншісіне қалдырған абзал. Мысалы, “ч” мен “ц” апострофпен жазыла берсін. Ал “ә”, “ң”,“ғ” мен “ө”-ге латын клавиатурасының төменгі оң жағынан сол күйінде жазылатындай орын табуға болады. Латын клавиатурасында бұл жерде әріптер емес, тырнақша, қос нүкте, үтір-нүкте, жақша сықылды символдар ілінген 8 түйме бар. Оның ішінде жақшалардың үш түріне, тырнақшаның екі түріне арнайы орын берілген. Жақшалардың барлық түрін пайдаланбай-ақ қойса да болады. Мысалы { } немесе [ ] жақшаларын ( ) түрінде келтірсе де болады.
Қос нүкте мен нүкте-үтірді біріктірілсе де болады. Сонда қазақтың төл дыбыстарының құрығанда жартысы латын клавиатурасына әп-әдемі сиып кетеді. Қалған жартысына мысалы “қ”-ны “q” қылып, “ү” мен “ұ” ны “u” ға апостроф қосу арқылы өрнектей салсақ алфавит бірталай икемге келіп қалатындай.
Сонда бұл алфавит таза латынға, таза кириллицаға негізделген емес, арасындағы компромиске негізделген алфавит болмақ. Біз кириллицадан көп зиян шеккеніміз жоқ. Кириллицаға негізделген қазақ алфавитінде жазылған орасан зор әдебиет бар. Қазақ классиктерінің барлығы (Абайдан өзге) кириллицада жазды. Біз кириллицаға рахмет айтып, оның да тиімді жағын алғанымыз дұрыс. Бұл бағытта отызыншы жылдары қазақ зиялылары жасаған латын-кириллицаға негізделген қазақ әріптерін де жаңғыртқанымыз жөн.
Менің ұсынысым: жаңа қазақ алфавиті былай болмақ ләзім.
А =A
Ә = Ә
Б =B
В =V
Г =G
Ғ = отызыншы жылдардағы Ғ, яғни ƣ = домалағы мен тірегі ажыратылыңқыраған Q, болмаса G’
Д =D
Е =E
Ж=J
З =Z
И=I’
Й=I’’
К=K
Қ =Q
Л=L
М=M
Н=N
Ң=Ң (болмаса отызыншы жылдарғы құйрығы бар n, яғни ŋ, немесе n’, құрығанда ng)
О=O
Ө=Ө
П=P
Р=R
С=S
Т=T
У=Y
Ұ=U
Ү= U’
Ф =F
Х=X
Һ=X’
Ы=Ы (болмаса отызыншы жылдардағы Ь)
I=I
Ш=SH
Мысалдар:
Өner aldы – qыzыl tіl
Әsempaz bolma әrnege,
Өnerpaz bolsaң, arqalan.
Sen de bir kirpish, du’niege
Ketigin tap ta, bar qalan !
Senbe jurtqa, tursa da qansha maqtap,
Әyre etedi ishine qylық saqtap.
Өziңe sen, oziңdi alыp shыgar,
Eңbegiң men aqыlың eki jaqtap
Eki jerdegi eki – tөrt, bes emes.
Sin^2 x+Cos^2 y=1 formulasы Pifagor teoremasыnan shigadы.
Ku’kirt qыshqыlыn H_2 SO_4 dep belgileimiz.
Newtonnың ekinshi zaңы bыlai oqыladы: F=ma.
Aqыn u’shin qara sөzden өleң jaqsы,
Balыq u’shin tayaz sydan tereң jaqsы.
Men yshin sinystы kosinyspen qyalatыp,
I’ntegralmen esepteitin kөlem jaqsu.
Sharshadыq qoi, asxanaƣa (asxanag’a) bary turalы oi’ыңdы bilsem dep edim.
Бұнда кейбір ағылшын дыбыстары, мысалы w,c сыртта қалғандай көрінуі мүмкін. Бұл дыбыстарды ағылшындар қалай оқыса біз де солай оқыланымыз жөн. Бұған біз қатты қайғырмауымыз керек. Біздің мәселе қазақ дыбыстарына латын әріптерімен өрнектеу ғана. Артық әріптер қазақ алфавитіне кедергі жасамайды. Керісінше қазақ алфавитінде ағылшынша жазуға мүмкіндік береді.
Бұл алфавиттің артықшылығы. Апостроф пен диграф минимумға түскен. Ағылшыннан қазақшаға көшсеңіз, шрифты бір-ақ рет ауыстырасыз. Ал қазақшада тұрсаңыз, шрифті ауыстырудың қажеті жоқ. Мысалы, қазақ клавиатурасында қазақ тілінде өлең жаздыңыз. Сонан соң қиялыңызға математика келе қалды, сол шрифте формулалар жаздыңыз. Біраздан соң ағылшын тілінде ой келе қалды делік, онда да шрифті ауыстырып әуре болмайсыз. Шабытытыңызға шабыт қосып, таза творчествомен айналысасыз. Клавиатура сіздің есегіңіз емес, тұлпарыңызға айналады. Өйткені, бұл алфавит ағылшын алфавитімен жақсы ұйқасқан. Бұл клавиатурада қазақша да, ағылшыншы да еркін жаза бересіз. Бұл алфавитті орыс тілді азаматтар да еркін қолдана алады. Орысша жазу ыңғайлы деп айтпаймыз, бірақ орыс тілді қандастарымыз қазақша ұқпақ мақсаты болса, осы алфавит диграфты алфавитке қарағанда анағұрлым тиімді. Өйткені, сәбіздер мен нәбилер сықылды ойды басқа жаққа жетелейтін жалған жолдар жабылады.
Бұл алфавитте кемшілік жоқ деп те айта алмаймын. Мысалы, маған қ-ның өзгергені ұнамайды. Бірақ Q де жаман әріп емес. Отызыншы жылдары осы әріп қ-ның орнына пайдаланылған. Іс бүкіл халықтық іс болғандықтан сындарлы сын болса қабылдауға дайынбыз.
Байқасаңыз біз апострофтар мен диграфтардан бас тартып тұрғанымыз жоқ. Бұлардан түгелдей бас тарту мүмкін емес. Біз бұндай қиыншылықтарды сирек кездесетін дыбыстар мен сырттан келген дыбыстарға қалдырдық.
Мысалы, орысша дыбыстарды былай өрнектеуге болады:
Ц =TC
Ч =CH
Щ =SSH
Э =EE
Ю =Yu
Я=Ya
Кірме дыбыстарға қатысты басқа варианттар да болуы мүмкін. Бірақ бұл біз үшін маңызды шаруа емес. Біздің мақсатымыз ағылшын, орыс алфавиттерін құрметтей отырып, қазақ дыбыстарына мүмкіндігінше төрден орын беру.
Сонымен бұрынғысынша қалатын дыбыстар төртеу: “ә” ,“ө”, “ы” және “ң”. Бұған қ -ны да қосуға болатын секілді. Бұл жайында соңғы шешімді клавиатурада әріптерді қалай орналастыруды эргонометрика, ыңғайлылық тұрғысынан білетін мамандар айтқаны жөн.
Бұндай принцип түрік, француз, неміс, швед клавиатураларында қолданылған. Латын әріптерін сол күйі қалдырып, қазақтың төл әріптерін клавиатураға қоссақ біз
ұтылмаймыз. Дыбыс үндестігін бір әріпті ағылшын дыбыстарымен сәйкестендіруге болады. Қос әріппен өрнектелетін дыбыстардан аулақ болғанымыз жөн. Апострофтың көп болуы адамды шаршатып жібереді. Бұндай дыбыстарды өзіміздің үйреншікті әрптерімізбен белгілеген дұрыс. Әріптердің төркіні кириллица ма, жоқ латын ба, бұл сұрақ бізді мазаламауы тиіс. Бұл арада Ден Сяо Пиннің мысықтар жайлы белгілі афоризмі еске түседі. «Мысық қара ма, ақ па маңызды емес. Маңыздысы мысық тышқан аулай алады ма, жоқ аулай алмайды ма?» Сонда қазақ клавиатурысымен қазақша да, ағылшынша да жазуға болады. Сонда ғылым, жігер, шабыт және тіл құдіреті дейтін ұғымдар ұйқаса кетпек. Сонда ғана алфавит ауыстыруда мағына болады.
10.10.2017 жыл.
«Қазақ әдебиеті» газеті