Сыр-Ана

Көк патшасы биікте,
Су патшасы – Сыр-Ана.
Қыр патшасы киік те.
Киік тұрақ – Сыр-Дала.

Дарияның ағысы,
Жұтқан жылдар қаншама.
Көңіл киік шабысы,
Оятады таң шама.

Қатар ұшқан сызықтар,
Шексіздікте ұштасар.
Талай өткен қызықтар.
Бұлқынғанда күш басар.

Талай күйреп, қираған,
Қайта тұрған Сыр-Қалам.
Кең далаға сыймаған,
Қайран менің Сыр-Анам.

Айдын шалқар көлдерің,
Тамшылардан құралар.
Тұз тасыған шөлдерің,
Суға жетіп тұралар.

Теңіз күткен тамшылар,
Құмға сіңіп жоғалар.
Суды кері қамшылар,
Тарих тартқан оқ алар.

Жүгіртетін жыр қалам,
Сағынышты сыр ғана.
Алыстағы бір балаң,
Есепте ме Сыр-Ана?

«Қазақ әдебиеті», №40 (2992) 6 қазан — 12 қазан, 2006 ж.