Өткенде 03.10.2003 жылы «Хабар» «екі ақтөбелік ғалым Кэмбридж библиографиялық орталығының тізіміне еніпті, жыл адамы атаныпты, Нью-Йорк академиясының мүшелігіне сайланыпты, оларға бәленбай карат алтын сыйланыпты» деген сенсациялық жаңалық айтты. «Бұл ғалымдар еңбегін қазақ елі елемепті, керісінше, тұрмайтын еңбек деп, ЖАК кезінде бекітпей қойыпты. Мінеки, қараңдаршы, Америка мойындап отыр, Америка академиясы сайлап отыр», — деді. Мен Қазақстан ғылымын осындай үлкен «жетістікпен» құттықтауға асықпаймын. Себебін түсіндіріп көрейін.
Қазір жағдай қиын. Нан табу оңай емес. Журнал арқылы жағдай түзеудің әдісі бар. Алдымен, сол әдісті үйретейін. Бұл әңгіменің біздің тақырыпқа тікелей қатысы бар екенін оқырман тез ұғарына күмәнім жоқ.
Сонымен, сіз бір газет немесе журнал шығарғыңыз келеді делік. Махаббат жөнінде, еркек пен әйелдер қатынасы жөнінде, рэкетирлер жөнінде жазбақ болсаңыз, газетіңіз тез өтер еді. Бұл орайда, менің ақылым аз. Сіз ғылым мен білімге қатысты журнал шығарғыңыз келді делік. Ғылым туралы жазу махаббат туралы жазғаннан анағұрлым қиын. Оған үлкен талант керек. Бірақ, «не жазамын, қалай жазамын?» деп көп қиналмаңыз. Журналдарыңызды бәрібір ешкім оқымайды. Журналыңыздың аты айқайлап тұратындай болғаны жөн. Мысалы, «Академия» деп атауға болар еді, бірақ бұл – тым жалпы ат. Кейбіреулер бұны «Мақпал сән академиясымен» шатастырып алуы мүмкін. Нақтырақ, «Қаскелең академиясының жаршысы» деп аталық.
Енді, сіз «Қаскелең академиясы жаршысына» оқырман іздейсіз. «Ау, бұл журналдың ешкімге керегі жоқ қой, мұны оқитын кеңкелесті қайдан табам?» деп өзіңізге-өзіңіз орынды сұрақ қоясыз. Асықпаңыз. Асығу – сайтаның ісі. Оқырманның журналды оқуы міндетті емес, журналыңызды сатып алуы – міндетті. Қазақстанда шығатын басылымдардың (қателеспесек, екі мыңдай) бес-он пайызы ғана оқылады, қалғаны бірден керек жеріне жөнелтіледі. Сондықтан, бұл жөнінде аса қиналмай-ақ қойыңыз. Азар болса, көптің бірі боларсыз. Сіз кейбір қазақ редакторларынан үлгі алыңыз. Пысықтау қазақ журналына жазылу жорығын бастықтар мен әкімдердің есігін қағудан бастайды. Беделін салып, танысын салып, «мына журналға жаздырып бер» дейді. Әкім білім беру бөлімі бастығын шақырып алады да, «мектеп мұғалімдерін мына журналға жаздыр» дейді. Сөйтіп, ай соңында мұғалім байғұс жалақысының бір-екі мың теңгесін қалдырып, керек емес журналға жазылып шыға келеді. Бұл жөнінде мұғалім не ойлайды? … Жә, тақырыптан ауытқымайық.
Мұндай жағдай тек Қазақстанға тән десек, өтірік болар еді. Дүниежүзінің барлық елінде баспасөзге жаздырту деген оңай шаруа емес. Бірақ, күнкөріс керек. Журнал шығарудан басқа қолынан ештеңе келмейтін адам не істейді? Барайын десе, біздегідей әкім жоқ. Оны халық сайлайды, ол халықтың алдында жауап береді, халық оны журналға жаздыру мәселесі үшін сайламайды. Ол «Пәленшекең келіп қалыпты, журналын жаздырып берейік» деп, жүгіре жөнелмейді. Күнкөріс қамы миға қатты салмақ түсіреді. Мұндай данышпандық ой келеді. «Осы жазылады-ау» деген адамдарға хат жібереді. «Академия деген сөз үшін ғылымға қатысты бір адам қармаққа түсіп қалар» деген дәме ғой.
“Сіз дүниедегі ең ғұлама адамсыз, сіздің еңбегіңіз ЮНЕСКО–да қаралды. Кэмбридж библиографиялық орталағында сіздің атыңыз «Жыл адамы» ретінде аталды, енді сіздей ұлы адамды Қаскелең академиясының мүшелігіне қабылдау біз үшін үлкен құрмет”, — деп керемет қағазға басылған керемет сөздердің жиынтығы жіберілді. Лазерлік принтер үшін бұл түкке тұрмайтын шаруа. Доллардың өзіне компьютер арқылы айнытпай салуға болатынын бесіктегі балаға дейін біледі. Шынында да, сіздің еңбегіңіз ЮНЕСКО-да қаралды ма, қаралмады ма, қаралса да, оның шешімінің құны қандай, оны ешкім тексеріп жатпайды. Шетелге шықпаған, беделді ғылыми журналдарда бір еңбегі басылмаған адам оны тексере алмайды.
Хаттың ең маңызды мәлімет хат түбінде кішкентай ғана қарапайым әріптермен теріліп, мом-момақан, тойған қозыдай монтиып тұрды. «Мүшелік жарна бағасы» деп, сіз журналыңыздың жазылу бағасына көрсете аласыз.
Осындай хаттарды “қалтасында бір нәрсе бар-ау” деген, мұнай мен газдан байыған елдердің азаматтарына жібересіз. Адам — әлсіз. Мақтауды жек көрмейтін адам жоқ. Біреуі шекпен жапса, лауазым берсе, жылтырақ берсе, «бұл неге берілді, осыған лайық шын еңбегім бар ма?» деп ойламайды. Ибраһим Құнанбайұлы мырзаның «сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» дейтін сөзін еске алмайды. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деген сұрақ ойға келе бермейді. Жүз адамға хат жіберсеңіз, Құдай біледі, соның оншақтысы Қаскелең академиясына мүше болу қуанышы қойнына сыймай, баспасөз мәслихатына өткізеді. Дүниеде кенеттен байыған, негізі жоқ, білімі таяз, бірақ амбициясы күшті адамдар аз емес. Олар Қаскелеңнің қайда екенін білмесе де, «доктор», «профессор», «академик», «сэр», «князь» деген сөздердің құлаққа жағымды естілетінін біледі. «Шынымен-ақ ғылымды қопарып тастаған екенмін-ау» деген ой келеді. «Бұлар мені мазақ қылып отырған жоқ па?» деген сұрақ тумайды. Оны жаңалық таппай отырған журналистер газеттеріне басып, жұртқа таратады. Бірақ, сіз үшін ең басты жаңалық ол емес. Сіз үшін ең басты жаңалық – Қаскелең академиясының мүшелігін қабылдаған он адамның ең болмағанда біреуі мүшелік жарнасына төлейді.
Енді, кіріс-шығыс есептеп, бухгалтериялық жұмыс жүргіздік. Сіз мың конверт алдыңыз делік. Көтерме бағамен сатып алынғасын, конверт құны қымбат болмайды. Ажарлы, қолпаштау сөздерге толы мәтінге интернеттен табылған адамдардың есімдерін енгізіп, тәуір принтерден мың данасын шығару түкке тұрмайды. Интернеттен сәл хабары бар адам ғылымға қатысты адамдардың тізімін бес-ақ минутта тауып алады. Интернет – орасан зор қара күші бар дию, орасан зор жылдамдығы бар жел. Нобель сыйлығын алған да, кандидаттық диссертация қорғаған да, докторлық диссертациясы құлап, ЖАК тізіміне енген де интернетте жүре береді, өйткені бұл мемлекеттерге ақпарат құралдарына, оның ішінде электронды ақпарат орындарына хабарлап тұру міндеттелген. Сіз үшін де, компьютер үшін де, ол Нобель сыйлығын алды ма, жоқ, ЖАК-тан құлап қалды ма, бәрібір. Сіз хат жіберген адам шын ғалым болуы да мүмкін, ғылымға қатысы аз адам болуы да мүмкін. Сіз үшін маңызды нәрсе – сол адамның ғылымға аз да болса қатысы барлығы, демек, сіздің журналға жазылуы мүмкін екені.
Қорыта айтсақ, бұл әдістің шығыны аз, ешқандай қиыншылығы жоқ, нан табуына оңай жолы екенін байқау қиын емес. Тек «ең кінәсі жоқ адамдарды ақымақ қылдым-ау» дейтін моральдық ауырлығы бар демесеңіз. Бірақ, мұндай кияли шаруаға көп басты ауыртпайтын, «ақымақтарды алдау күнә емес» дейтін қағида ұстайтын, сыраханаларды жақсы көретін, ақшасы аз студенттер мен жұмыссыздар үшін бұл – тәп-тәуір табыс көзі. «Бізді алдады» деп ешкім полицияға шағым бермейді. Бұл жағдайда «боқмұрын студентке алданып жүрген қандай ғалымсың, осы өзің шын ғалымсың ба, жоқ, әлде, дипломды сатып алатын қулардың бірісің бе?» дейтін кәсіби деңгей жайында шағымданушы үшін ыңғайсыз сұрақтар туар еді.
Сонымен, Нью-Йорк академиясы деген не? Бұл – «Қаскелең академиясы деген не?» деген сұрақпен парапар. Бұл – ғылым академиясы емес. «Жас натуралистер мектебі», «Пионерлер сарайы» сықылды мекеме. Ғалымдар үйі десеңіз, дәлірек болады. Жазушылар одағында «Қаламгер» дейтін кафе болған. (мүмкін, қазірде бар болар). Бұл – жазушылардың кездесіп, шай-кофе ішіп, кейде одан да күштірек сусын ішіп, шүйіркелесіп отыратын жері. Нью-Йорк академиясы – сондай жер. Оған кез келген аспирант өте алады. Мүшелік жарна академия шығаратын журналға жазылу құнымен тең.
Өзін сындарлы ғалыммын деп есептейтін адам Нью-Йорк академиясының мүшесімін деп, ғылыми өмірбаянына жазбайды. Сіз «Қаламгер» кафесінің мүшесімін деп, мақтанып жүрсеңіз, сізді шай ішкен екен деп ойласа бірсәрі, «жоқ, бұл алқаш екен, бұған жоламау керек екен, бұны жұмысқа алуға болмайды екен» деген қорытындыға келсе, не істейсіз?
Бір тәуір университетке жұмысқа тұрғыңыз келді делік. Бұл жұмыс орнына екі жүз, үш жүздей арыз түседі. Комиссия жұмысты былай ұйымдастырады. Бөлмеге макулатура салынатын үлкен жәшік кіргізілді. Үміткердің белгілі университет бітіріп, белгілі ғылыми журналдарда мақалалары бар екені анықталса, олардың құжаттары мұқият қаралады. Нью-Йорк академиясына мүшелігін мақтан қып жазған үміткердің құжаттары бірден макулатура жәшігіне жөнелтіледі. Содан кейін мұндай үміткер мынадай сарынды жазылған хат алады. «Құрметті профессор Пәленшетегі! Сіздің керемет ғалымдығыңызға тәнті болдық. Сіз байқаудың барлық кезеңінен өте жоғары ұпаймен өттіңіз. Өкінішке қарай, байқауға биыл өте жақсы үміткерлер көп қатысты. Біз қайсысын таңдарымызды білмей, қатты қиналдық. Сіздей мықты ғалымдардың біздің университетке назар аударғаныңызға қуаныштымыз … ». Осындай әдемі көпірме сөздерін қалай түсінерін білмей, дал болып, сөздікке қарап, бір күн әуре болған «академик» «осылар қысқа да нұсқа орыстың белгілі әрпіне сілтей салса, анағұрлым ұғынықты болар еді» дейтін қорытындыға келеді.
Мен Кэмбриджде, Ньютон институтында бір тоқсандай болғаным бар (бұл университетте оқу семестрмен емес, тоқсанмен жүргізілетін, жылында екі семестрдің орнына үш тоқсан жүргізілетінін ескерте кетелік). Сонда «Кэмбридж библиографиялық орталығы қайда екен?» деп іздеп көрсем, ешкім білмейді. Мұндай мекеме шын болуы да мүмкін. Бірақ, кәсіпқой ғалымдар үшін бұл орталық шешімінің ешқандай маңызы жоқ. Әдетте, мұндай ұйым қолмен ұстап көретін материалды түрде емес, виртуалды түрде өмір сүреді. Ақша түсетін қалта түрінде. Мұндай компьютерлік қалтаның артында әдетте бір алаяқ тұрады.
Егер Нью-Йорк академиясы мүшелігі жайлы хабар тек екі ақтөбелік ғалымға ғана қатысты болса, біз ол екі кісінің жеке шаруасы деп, үндемей-ақ қояр едік. Өкініштісі, мұндай хабарлар қазақ теледидары мен газеттерінде жиілеп кетті. Арасында қазақтың өте белгілі азаматтары мен шенеуліктері де аталады. Бұл, бір жағынан, қазақ зиялыларының деңгейін көрсетеді. Мансапқа, даңғазаға жақын тұратынын байқатады. «Бұл ел аңқаулар мен юбилей сүйгіштер елі ме? » деген ойға жетелейді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Кейде «Н. Назарбаевты бәлендей деген мүшелікке ұйым мүшелікке алыпты, бөлінбей деген орденмен марапаттады» деген хабарлар көрсетіліп жатады. Назарбаев Брежнев емес. Ағамыздың жылтыраққа әуес еместігі қуантады. Бір елдің патшасы дүниедегі толып жатқан кәкір-шүкір қорларды, керексіз академияларды білу міндет емес. Оны білетін президент көмекшілер болуы тиіс. Біз президентіміздің абыройын ел абыройы, халық мәртебесі деп ұғуымыз керек. Кейде ұсақ-түйек академиялардың мүшелігі жайлы, «жыл адамы», «ғасыр саңлағы» сықылды көбігі көп атақтары жайлы хабарларды эфирден жібергеннен гөрі, айтпай-ақ қойғанымыз дұрыс болар еді. Мысалы, «Ақпараттандыру академиясына мүшелікке алыпты» деген мәліметті «Хабар» орысша-қазақша екі рет қайталады, одан кейін, «Хабардың» осы мәліметін республикалық газеттер, басқа да толып жатқан ақпарат құралдары тағы қайталап шықты. Егер екі-үш жүз жыл тарихы бар Ресей академиясы, не Париж академиясы мүшелікке алып жатса, бұл шын мәнінде үлкен оқиға болар еді. Кеше ғана туған белгісіз бір ұйым Нұрекеңнің атын жамылып, өзіне тегіннен тегін керемет жарнама жасап жатқанын Президенттің нөкерлері, «Хабар» агенттігі басшыларының байқамағаны қалай?
Шетел университеттерінде «Нью-Йорк академиясы» сықылды мекемелердің көп екені жақсы біледі. Бірақ, олармен арнайы ешкім көрсетпейді. Олар доллар басып жатқан жоқ. Алдаса, өзге елдің адамдарын алдап жатыр. Олармен күресу мүмкін емес. Ақымақтар таусылмай, мұндай мекемелер жабылмайды.
“Жас Алаш” газеті. №18. 12 ақпан 2004
“Жас Алаш” газеті. №138. 18 қараша 2003