«Байқоңырдан» ұшырылған «ҚазСат» зымыранының экономикалық мәнінен гөрі саяси мәні күштірек болды. Мен бұл саланың маманы емеспін. Физика-математика ғылымдарының докторы Серік Бүркітбаев деген ғалым бұл оқиғаға «Өткен ғасырдың ар жағына оралу» деп баға беріпті. Неге? Біріншіден, бұл жобаны жүзеге асырып отырған Ресей мамандары. Оны Мәскеудің Хруничев атындағы ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары орындап шықты. Екіншіден, бұл салада Қазақстанда маман болмағандықтан, оның жұмысын тағы да ресейліктер бақылады. Сонда Қазақстанның бұл жобаға қандай қатысы бар дейсіз ғой? Ащы да болса шындықты айтайын, біз тек оның ақшасын төлеп отырдық. Ұшырған зымыранның тілін білмесек, құпиясын зерттемесек, оның берген сигналын қабылдай алмасақ та айдай әлемге ауыз толтырып мақтандық. Ғарыштық ғылым саласынан хабары жоқ адамға, әрине, бұл үлкен жаңалық көрінері анық. Жоғарыда тілге тиек еттім ғой, зымыранның берген хабарын қабылдап алатын жабдық бізде жоқ екен. Ал оны қабылдау үшін бүкіл аппаратураны ауыстыру қажет дейді. Ғалым Бүркітбаевтың пікірін енді ұққан боларсыз. Оның «Өткен ғасырдың ар жағына оралу» деуі осыдан. Бұны былай да түсіндіруге болады, жұрттың бәрі «Мерседес» мініп жүр, ал сен баяғы көне «Запорожец»-ті мініп жүрсің деген сөз. Құны 65 миллион жобаның 30 миллионын біздің ел төлеген екен.
Әрине, ғылым бірден дамып кете қоймайды. Ресейдің бұрынғы технологиясын пайдаланып отырмыз дегенімізбен, мүмкін ғылым үшін бұл да керек шығар. «Өтпелі кезеңнен» озық технологиялы елдердің бәрі өткен ғой. Бірақ сол елдер сол кезеңнен аман-есен шығып, өз ғылымын гүлдендіре дамытты. Бізге де керегі осы. Ғылым кандидаттарының көптігіне қарап, ғылым қарқындап дамуда деп айта алмаймыз. Өйткені, жасыратыны жоқ, ел ішінде ғылымға кездейсоқ келген адамдар көп. Атағы дардай, бірақ қандай ғылыммен айналысып жүр, оны ешкім білмейді. Тіпті өмірінде бірде-бір ғылыми мақала жазбағандар ғылыми атақ алып, депутат боп, шенеунік боп ел билеп жүр. Осыдан кейін біздің елде ғылым қайтіп дамиды?
Соңғы кездері үкімет ғылымға көп қаржы беретінін айтып жатыр. Мұнысы дұрыс. Дегенмен, сол ақша орынды, мақсатты игеріле ме жоқ, ғылымға кездейсоқ келгендер арқылы талан-таражға түсіп, ту-талақайы шыға ма? Міне, мен осы жағдайдан қорқамын. Қазақстан жетпіс жылдың ішінде жаманды-жақсылы ғылыми дәстүрді қалыптастырып еді. Қазір соны құрттық. Ғылыми орда – академияны жауып тастадық. Рас, академияның жіберген қателіктері, кемшін тұстары болып жатты, бірақ ғылымның ордасы еді. Соның тамырына балта шаптық. Академияны жапқандар фин мемлекетінің үрдісімен дамимыз дегенді көлденең тартады. Біле білсек, сол финдеріңізде іргелі ғылым мүлде жоқ. Жылма-жыл «Болашақ» бағдарламасы арқылы қаншама жас шетелден білім алып келіп жатыр. Сол жастардың ішінен біреуі суырылып шығып, ғылыми жаңалық ашыпты дегенді өз басым естімеппін. Сонда олар не оқып, не тоқып келіп жатыр? Мұны да ешкім білмейді. Басқа саланы былай қойғанда, өзім зерттеп жүрген математика саласында мен білетін 30-40 ғалымның ішінде таза ғылыми жұмыспен айналысып жүргендері үшеу-төртеу ғана. Демек, ел ішінде ғылыми әлеует болмайынша, ғылым дамымайды және ғылымға «ұят» деген категория қосылмайынша, ілгерілеу болмайды.
Ғылымға бөлініп жатқан зор қаржы мақсатты игерілу үшін біздің қоғамға көп нәрседен арылу қажет болады. Өйткені, ақша жүрген жерде ұрлық-қарлық қоса жүретіні белгілі. Шыны керек, біздің қоғамда ақша жымқыру психологиясы басым. Қолында аз-маз билігі бардың бәрі әйтеуір «жеп» қалғысы келіп, қарпып қалғысы келіп тұрады. Міне, бізге осы психологиядан арылмайынша, рухани дағдарыстан шығу қиынға түседі. Мемлекеттің қаржысын бөліске салмай, орынды, мақсатты жұмсаған кезде ғана ғылымда да нәтиже болады. Өйтпейінше, даму туралы әңгіме айтудың өзі ауыр. Соңғы кездері инновациялық қор, ақпаратты-технологиялық парктер дегенді де ұйымдастырып жатырмыз. Олардың қызметі нешік, қандай жобаларды жүзеге асырады? Бұл туралы да былайғы жұрт біле бермейді. Жұрт түгілі өзімнің де басым жетпейді. Атаулары әдемі мұндай мекемелердің ашылғаны, әрине, дұрыс. Әрі қажетті де. Бірақ, гәп басқада, олардың сауатты жұмыс істеуінде ғой.
«Қазақстан-Заман» газеті 26 ақпан, 2009 жыл