Артыма қараған уақытта екі нәрсеге қуанам

Атақты математик, академик Асқар Жұмаділдаев – Алматыдағы ең үздік мектептің түлегі. Бүгінгі күнге дейін шəкірттерінің дені мектепті алтынға бітіретін, халықаралық олимпиадаларда алтын-күмістен алқа тағынатын əйгілі физматта оқыған. Асқар ағамызды кезінде физматқа Орымбек Жəутіковтің өзі алдыртқан екен. Алтыншыны оқып жүрген баланың еш қиналмастан 8-сыныптың есебін шығарғаны қайран қалдырса керек. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик О.Жəутіков кезінде дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектеп-интернатының ашылуына мұрындық болған. Бүгінде физмат Жəутіковтің атымен аталады. Бұл мектеп – аңыз мектеп. Жəутіковті бітіргендердің біразы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болса, енді біразы еліміздегі əйгілі бизнесмендер. Кейінгі түлектерінің дені «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерде оқып, біразы əлемнің əйгілі компанияларында қызмет етіп жатса, енді біреулері ғылым жолына түскен.

Сонау Қызылорданың Шиелісінен келіп оқып, осында білім алып, кейін Мəскеу мемлекеттік университетін бітірген Асқар Жұмаділдаев та бүгінде аңыз десек, артық айтқанымыз емес. Германия, Италия, Швеция, Канада елдерінде қызмет еткен. «Ұланның» жас тілшілер форумына келген жастар үшін мұндай тəжірибелі ғалымның айтары аз емес деп шештік те, балалармен кездесуге Асқар ағаны шақырдық. Жас  балалармен кездесуге академик қуана-қуана келді. Болашақ журналистердің қойған сауалдарына разы болғаны сондай, қанаттанып қайтқандай көрінді. Екі сағатқа созылған сырласудан кейін суретке түсіп те біраз шаршаттық ағамызды.

Күні кеше ғана 60-қа толған Асқар ағамыздың «артыма қараған уақытта екі нəрсеге қуанамын» деген сөзі жас тілшілерімізді толқытқаны сөзсіз. «Жоғарғы Кеңесте депутат болып жүргенімде, Қазақстан Президенті кім болады, қандай адам болуы керектігі жөнінде мəселе көтерілді. Заңда «қазақ тілін білетін адам болуы керек» деген сөйлем болды. Мен соған «жетік білетін» дегенді қостым. Өйткені, «сəлеметсіздер ме, сау болыңыздар» деген екі сөзді үйреніп алып та қазақ тілін білемін деушілер шығуы мүмкін ғой. Қазір осыған қуанамын», – дейді Асқар ағамыз. Ал екіншісі «Болашақпен» байланысты. Иə, иə, кəдімгі шетелге оқуға жіберетін «Болашақ» бағдарламасымен байланысты. Оның жай-жапсарын Асқар аға былай түсіндірді: «Екінші рет Парламент сайлауына түскен уақытта жастарды дамыған елдерде оқыту жөнінде мəселе көтердім. Ойымды тұжырымдап, қағазға түсіріп те қойғанмын. Ол қағазыма соус па, бірдеңе тамып кетті. Сөйтіп жүргенде Нұрсұлтан Əбішұлымен кездесіп қалдым. Көптің ішінде көріп тұрсам да, əлгі ұсынысымды қолына қыстырып жібермек болдым. Көшіріп отыруға уақыт жоқ, сол соус тамған қағазды қолына ұстатып жібердім. Бір айдан кейін мені Премьер-министрдің орынбасары Дəулет Сембаев өзіне шақыртты. Президент мəселені қарауды вице-премьерге тапсырған екен. Міне, содан бері қаншама бала шет мемлекеттерде оқып келіп жатыр. Мен соған қуанамын».

Асқар ағаның əңгімесін мейлінше ықшамдап, ең, ең, ең деген тұстарын жариялауды жөн көрдік…

 «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа»

Асқар аға, бір сұхбатыңыздан оқып, қайран қалдым, сіз 50 жасқа дейін көлік жүргізуді білмеген екенсіз. Ал 50-ге келгеніңізде бірінші рет көліктің руліне отырып, оны тез-ақ меңгеріп кетіпсіз. Жалпы, кез келген нəрсені солай тез меңгеріп, тез үйреніп аласыз ба?

Əкем шопыр болған адам. Бірақ, мен көлік айдамадым. Үйде мотоцикл бар еді. Содан құлап, қатты жарақаттанып, содан кейін рульге қызықпай кеткенмін. 50-ге толғанымда Бауыржан Оспанов деген кəсіпкер жігіт көлік сыйлады. Алға жүргеннен артқа жүрген қиын екен. Қағып-соғып жүріп, артқа жүруді əрең үйрендім. Бір күні Бауыржан бауырым кездесе қалып, «Артқа жүруді үйрендіңіз бе?» деп сұрады. Үйренгенімді айтып едім, тағы бір көлік сыйлады. Қазір енді көліксіз жүре алмаймын.

Математиканы таңдауыңызға не түрткі болды, кім ықпал етті?

Ешкімнің ықпалы болған жоқ. 12 жасымда физматқа қабылданып, алғаш рет Алматыға келдім. Ол уақытта олимпиада деген сирек болады. Болса да, хабарландыру бола бермейді. Ілуде бір естіп қаласың. Сондайда математика, физика, химия, бəрінен олимпиадаға қатыстым. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген принциппен, бəріне бара бердім. Тіпті, қолыма аттестатымды алғаннан кейін де математик боламын деп бекінген жоқ едім. Вокзалға барып, қай жаққа билет бар екенін сұрасам, Мəскеуге бар екен. Əйгілі Мəскеу Мемлекеттік университетін тауып, сонда бардым. Қабылдау бөлімінен ертең қай пəннен емтихан бар екенін сұрап едім, математикадан емтихан екенін айтты. Соған тапсыра салдым. Сөйтіп, МГУ-дің математика факультетінен бір-ақ шықтым. Химиядан емтихан болса, химияға тапсыра салар едім. Физикадан десе, физикаға. Өйткені, қайсысы болса да, ғылымның айырмасы жоқ.

Атаңыз Жұмаділда есепке жүйрік болған көрінеді. Бəлкім, сол кісіден бірдеңе дарыған болар?..

Атам есепке жүйрік болды ма, болмады ма, білмеймін. Бірақ, мал базардағы сатушы мен алушының ортасында жақсы делдал екен. Атамның көрегендігі сондай, 1930 жылдары аштық басталып жатқан уақытта бала-шағасын түйеге мінгізе салып, Өзбекстан жаққа қарай үдере көшкен. Сөйтіп, отбасын аштықтан аман алып қалған. Ақылға салған.

«1000 ДОЛЛАР ӨЗІМДЕ ҚАЛДЫ»

Жуырда сіз бір есеп жасырып, оның үш шешімін өзіңіз айтып, төртінші шешімін тапқан адамға 1000 доллар сыйақы беретініңізді айттыңыз. «Алпыс жылдығыма ең үлкен сыйлық болар еді» дегенді қоса айттыңыз. Сонымен, есептің төртінші шешімі табылды ма?

Көптеген хат түсті. Бірақ, хат иелерінің 99 пайызы 1 қате жіберді. Бұл жастардың үлкен қатесі ғой деп ойлаймын, барлығы компьютерге сенеді екен. Компьютер деген – үлкен күш. Долы күш, қайрат, жігер. Бірақ, оның ақылы жоқ. Ол бар болғаны дию. Оған не айтсаң, соны істейді. Баспен жұмыс істеу дегенді білмейді. Ал балалар соған көп сүйенеді екен. Бəрі компьютерге салған. Компьютер кішкентай сандарды жақсы есептегенмен, үлкен сандарды қате есептейді. Ал менің есебімді дəл табу керек. Жуықтап табуға болмайды. Барлығы жуықтап тапқан. Дегенмен, 1 пайыз жақсы идеялар бар екен. Есепті бергенімнің себебін айтайын. Дүниеде не көп, есеп көп. Жұрт математик деген азаннан кешке дейін отырып алып есеп шығаратын шығар деп ойлауы мүмкін. Мен есеп шығармаймын.

Есеп шығару – балалардың тірлігі. Ал менің жасырған есебім – баяғыдан белгілі есеп. Бірақ, оның шешуі ғылымға негізделген. Балаларды тартатын ғылым. Көзіңмен көруге болатын есеп. Бұл ғылыми есеп болғандықтан, балалардың көңілі бөлінсін, қиялы оянсын деп бердім. Жауап берушілердің 1 пайызының фантазиясы оянғанын көрдім. Интернеттен қараған, кітап іздеген, ғылыми кітаптарды қараған. Менің көздегенім де сол болатын. Оған қуанышты болдым. Тағы бір қуанғаным, Испаниядан хат келді. Жіберген адам физик. Акустика, яғни дыбысты зерттеу саласының профессоры екен. Ол шешімі жоқ екенін дəлелдеп беріпті. Оның шешімі бар ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Мен де білмеймін. Білсем, ондай есепті неменеге жасырамын?! Испаниядан келген жауапты зерттеп жатырмыз. Бірнеше қате табылды. Қуанғаным, жастардың қызығушылығы оянды. Бірақ, есеп əлі шыққан жоқ. 1000 доллар да өзімде қалды.

Оксфорд, Кембридж сынды əлемге əйгілі оқу орындарының атағына қанықпыз. Біздің елімізге сұранысқа ие, сондай мықты жоғары оқу орындары бар ма?

Эйнштейн деген шалдың «Барлық нəрсе салыстырмалы» деген керемет сөзі бар. Жақсы мен жаман да солай. Мысалы, бүгінгі күннің көзқарасымен қарасақ, Шыңғыс хан жауыз адам сияқты. Ал өз дəуірінің көзқарасымен қарасақ, ол – батыр. Өйткені, басқаны жаулап алмаса, оның өзін біреу жаулап алады. Осы тұрғыдан қарасақ, біз, əрине, Оксфордқа, Кембриджге жете алмаймыз. Ол рас. Ал тəжікпен, қырғызбен, түркіменмен салыстырсақ, біздің ғылымымыз жаман емес. Жалпы, біздің университеттеріміз жаман емес. Елбасы жастар ғылым мен техниканы үйренуі керектігін айтты, ол дұрыс. Өзім үшін оқимын деген адамға қазір мүмкіндік көп. Мықты оқу орындарының профессорларының көпшілігі дəрістерін интернетке кіргізіп қойған. Қалада тұрасыз ба, ауылда тұрасыз ба, айырма жоқ, кіресіз де оқи бересіз. Алдыңғы қатарлы оқу орындары ретінде Сүлейман Демирел университетін, ҚБТУ-ды айтуға болады. КИМЭП тек экономика жағын оқытады ғой, ал жаңағы екі оқу орнында техника жағын оқытады. Өзім техникаға көп назар аударамын. Өйткені, дүниежүзінің тірегі – техника. Мықты университеттердің ректоры ешқашан философ болмайды. Ол не физик, не математик, не химик болады.

ҚАЗІР «ӨНЕР АЛДЫ – ТЕХНИКА»

Бізге, яғни болашақ журналистерге математиканы тереңдетіп оқытудың қажеті бар ма?

Журналистика факультеті бізде бар, ал дамыған елдерде ондай факультет бар-жоғын білмеймін. Журналистика деген кəсіпке кез келген адам келе алады. Егер қазір журналист болғым келсе, мен осы салаға кіре аламын. Жəне ешкімнен кем журналист болмасыма да сенемін. Бізде бір қате пікір бар, журналистке бірінші кезекте тіл байлығы керек сияқты. Журналистика деген тек сөз өнері емес. Сөз өнерін үйренумен ғана шектелмеу керек. Бұрын «өнер алды – қызыл тіл» дейтін. Қазір олай емес. Қазір «өнер алды – техника». Бүкіл əлемде екі адам революция жасады. Билл Гейтс пен Стив Джобс. Дүниежүзіндегі 7 миллиард халықтың бағытын осы екі-ақ адам басқа арнаға бұрып жіберді. Міне, техниканың құдіреті. Мен білетін мықты журналистердің бəрі технократ болған. Адам бір кəсіпті үйренуі керек. Жазу əркімнің қолынан келеді. Журналистиканың мақсаты – ақпарат беру. Ал ол ақпаратыңызды елге жеткізу үшін алдымен өзіңіз түсінуіңіз керек. Тек қызыл тілге сүйене бермей, нақты бір нəрсені меңгеру керек. Сол адамның аты да оза шабады.

Қазақ балалары математикаға бейім бе?

Қазақ балаларының басқа балалардан ұтатын бір жері – осы математика. Дүниежүзіндегі ең ақылды екі халықтың бірі кəріс те, екіншісі – қазақ. Американың ең мықты бизнесмендерінің бəрі кəрістер. Мықты ұйымдастырушылар да солар. Мəселе балалардың математикаға бейім болу-болмауында да емес, оларды оқытуда. Қызықтырып оқытуда. Мəселен, қиырдағы ауылға мұғалім болып баратын адам сирек. Сол барған мұғалімнің қадірін білу керек. Ешкім бəрін біліп тумайды, білмейтін адамды оқытып, үйрету керек. Мектепте оқып жүргенімде-ақ репетитор болдым.

Мектептің 10 жылда үйреткенін мен 1 аптада үйрететінмін. Əлбетте, оған төтеп беру оңай болмайтын. Бірақ, төтеп бергендер жоғары балл алып, оқуға түсіп кетіп жататын.

Біраз жыл шетелде жұмыс істедіңіз. Тіл жағынан қиналған жоқсыз ба? Неше тіл білесіз?

1995 жылы қиын-қыстау күндер басталды. Ел дағдарды. Ғылым барахолкаға кетті. Парламентте едім, оны да таратты. Менің қара базарға шыққаным ұят қой, сол үшін шетелге кеттім. Тіл үйрену қиын емес, математиканы үйрену қиын. Студент кезімде орыс тілін оқыдым. Өйткені, ауылдың баласымын, орысша таза білгем жоқ. Ал қазір 3-4 тілдің басын шаламын. Ағылшын, неміс, француз тілдерін аздап білемін. Семинарларға барғанда математика туралы сөйлесе аламын. Итальян, түрік тілдерін аздап білемін. Тіл деген – құрал. Қажет болса, үйреніп аласың.

Көп жыл сыртта жүргенде солардың қандай дағдысын бойыңызға сіңірдіңіз?

Біз қазақты қонақжай халық дейміз ғой. Бос сөз. Нағыз қонақжай халық деп мен немістерді айтар едім. Адамға не қажеттің барлығын жасап қойған. Анталияға барған адам міндетті түрде келесі жылы тағы келемін деген оймен кетеді. Қазақстанға демалуға келген адам ендігəрі келмеспін деп кетеді. Өйткені, бізде қызмет көрсету дамымаған. Түркияға барыңызшы, есіктен кіргеннен қуана қарсы алады. Қу жаныңа керектің бəрін даярлап қойған. «Суға түсесіз бе, тамақ ішесіз бе, демаласыз ба?..» деп жаныңды қоймайды. Адам өз өмірінің айтарлықтай бір бөлігінде ұйықтайды, тамақ ішеді, дəретханаға барады. Міне, осыларды дұрыстау керек. Қонақ күту, келген қонақты мақтау да – үлкен өнер. Бізде қонаққа шапан жабады. Ол неге керек? Жай шапан емес, алтындалған, өңірі түгел өрнектелген шапан жабады. Оны көшеде кие алмайсың. Түймесі де жоқ. Етегі салпаңдап жерге түседі. Оның орнына шетін ғана оюлап, күнделікті көшеге кигенге ыңғайлы, ықшам киім беруге болады ғой. Біз қонақжайлылықты шетелден үйренуіміз керек. Осыдан біраз жыл бұрын банктерде, поштада талон беретін жүйені енгізу керектігін айтқан едім. Қазір барлығы соған көшіп, рахат болды ғой. Əйтпесе, бұрын бір жерге барасың, ұзын-сонар кезек, оның соңы кім екенін айырып болмайсың. Ортадан біреу кезексіз кимелеп кіреді, арты айғай-шу, дау-дамайға ұласады. Ал талон деген рахат. Алдың, кезегің келгенде шаруаңды бітіресің де кете бересің. Шетелден үйренетін нəрсе көп. Кейде қарапайым мəдениетті үйренуге тура келеді. Швецияда автобус аялдамасында қарт адам тұрса, дөңгелегінің желін азайтып, автобусты қисайтып, қарт адамды мінгізеді. Содан кейін қайтадан тіктеліп алып, əрі қарай кетеді.

«МЕН КӨНБЕЙМІН, АЛ СЕНДЕР МЕНІҢ АЙТҚАНЫМА КӨНЕСІҢДЕР…»

Аға, қазақпыз ғой, тойға барасыз ба?

Бармаймын. Бармауға тырысамын. Бірақ, кейде бармасыңа қоймайды. Ағайын-туыс, дос-жаран бар дегендей. Қазір өзі қыз беру деген сұмдық қиын екен ғой. Бес рет пе, он рет пе шақырады екен. Сырға салу, құда шақыру, ана сүті, бірдеңе-шірдеңе, быт-шыт, қырт-пырт… Інім қызын ұзатқанда: «Бауырым, мен сені жақсы көремін. Қызыңды да жақсы көремін. Бірақ, анау 10 мероприятиеңнің біреуін ғана айт, соған ғана барамын. Қалған 9-ына бармаймын», – дедім. Оның бəріне бара беруге менің уақытым жоқ. Ауылдың бір жерінде. Күніне үш үй шақырады. Үш үйден ет жейсің. Оның не керегі бар? Сондағысы – ешкімге керек емес 5-6 шапанды туда-сюда ауыстырып жүру. Бұның барлығын бүгінгі заманның талабына сəйкестендіру керек. Жеңілдету керек. Мысалы, Будда деген дін бар. Оның кітабын оқимын десеңіз, оқып бітіре алмайды екенсіз. Бірақ, олардың дінбасылары бір рəсімдерді жасап, соны оқыды деген есепке жатқыза салады екен. Оның бəріне уақыт құртпайды. Сол бізге де керек. Ата-бабамнан қалған ырым екен деп азаннан кешке дейін той тойлап жүрсеңіз, өмір сүру мүмкін емес! Ата-бабамызда ырым-сырымның көп болатын себебі, ол кезде теледидар болмаған. Компьютер жоқ. Жұмыс істемейді. Қымызын ішіп. үйінде жатады. Ел еріккеннен кейін осындай неше түрліні ойлап тапқан. Қазір басқа заман.

Өзіңіз той жасайсыз ба? Мерейтойларыңызды қалай өткіздіңіз?

Өткізгем жоқ. 60 жасқа толдым ғой. Бұл тойдың бітетін түрі жоқ. Халықтың көңіліне ырзамын, əрине. Бірақ, телефон соғып, бір ауыз жылы лебізін білдіріп қоя салса, содан дұрысы жоқ еді. Көбі шақырады. Оған да қарсы емеспін, барып жатырмын. Кеше ғана Математика институты өткізді. Ғылыми конференция түрінде өткізбесек болмайды деген соң, оған да келістік. Келген қонақтарды қонаққа шақыру керек, онсыз болмайды. Ол да болды. Бірақ, содан көңілімнің қошы көтеріліп қалды деп өтірік айта алмаймын. Өлең айттық, биледік, ішіп-жедік, оның не керегі бар?

Математиканы игеруі жөнінен болсын, мəдениеті жөнінен болсын, біздің студенттер мен шетелдік студенттердің арасында айырмашылық бар ма?

Үлкен айырмашылық көрмедім. Шетелде студенттер өз заңын жақсы біледі де, бірдеңе бола қалса, арыз жазады. «Мына оқытушы маған дұрыс қарамады, сабақты дұрыс түсіндірмейді» дегендей арыз жазса, қиыншылық болуы мүмкін. Ондайда декандары арызды өзіңе береді. «Мынаны оқы да, түзел» дегендей. Жақсы ма, жаман ба білмеймін, бізде ондай арызқойлар көп емес.

Сіздің үстіңізден арыз жазған студенттер болды ма?

Болды. Жəне ондайлар шетелде емес, осы жерде болды. Қазақ-Британ техникалық университетінде істеп жүргенімде студенттер менің сабағымның қиын екенін, түсінбейтіндерін айтып, арыз жазыпты. Əлгі арызды бəріне дауыстап оқып бердім де, бүктеп-бүктеп қоқыс жəшігіне тастадым. «Бұл – ғылым. Ғылымды жұрттың бəрінің түсінуі мүмкін емес. Мен сендердің айтқандарыңа көнбеймін. Ал сендер менің айтқаныма көнесіңдер. Сондықтан бұдан кейін мұндай ақымақтық жасамаңдар», – дедім. Содан кейін тыйылды. Біреудің еркетотай баласы оққағарымен келеді сабаққа. Онысы аудиторияда отырады. Мен оққағарын қуып шықтым. «Əкең бай болса бай шығар, оған оққағар керек те шығар. Ал сен жай ғана студентсің, сондықтан ел қатарлы отырасың», – дедім. Басында ренжіп жүрді де, үйренді. Асауды үйрету сияқты нəрсе ғой бұл да.

Үш тұғырлы тіл дегенге қалай қарайсыз?

Теріс қараймын. Негізі, үш тұғырлы тіл деген – дұрыс саясат. Ол сізге ұнамауы мүмкін, маған ұнамауы мүмкін, бірақ түпкі негізі дұрыс. Ағылшын тілі келді, төрімізде тұр. Бүкіл дүниежүзі ағылшын тілінде сөйлейді. Одан қашып құтыла алмаймыз. Бүкіл ғылымның 80 пайызы ағылшын тілінде. Күллі техника ағылшын тілінде. Бірақ, «жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өту» дегенге мен қарсымын. Егер олай болса, онда қазақ тілі отбасы, ошақ қасының тілі болып қалады.

ҚЫСҚА-НҰСҚА

— Абайды оқитыным, одан басқа оқитын ақын жоқ. Ақындарымыз көп. Бірақ, олардың дені кезінде коммунизмді дəріптеді. Абай өйткен жоқ. «Өлеңімді кім оқиды?», «қаламақы алам ба?» дегенді ол ойлаған жоқ.

— Ең алғаш қыздарға хат жазғанда Тұмағаңның – Тұманбай Молдағалиевтің өлеңін көшіріп жазғанмын. Кейін ол кісі қайынатам болды. Қадыр Мырза Əли, Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев, бəрін оқыдым. Бəрібір Абайға жетпейді.

— Махаббат туралы жазу оңай, математиканы жазу қиын. Мен прагматик адаммын. Пайдасы жоқ нəрсені оқымаймын.

— Өлеңді жүрекпен жазу керек дейді. Бос сөз. Бос сөздің квадраты. Жүрек сиырда да бар. Оның жүрегі адамдікінен үлкен, əрі-беріден соң. Сондықтан, өлеңді ақылмен жазу керек. Ақылдан кейін сезім туады.

— Ойша есептеу орталығы дегенге келсек, бала бос сандалып жүргенше, арифметиканы үйренгені дұрыс. Бірақ, түбіне түсіп кетудің керегі жоқ. Ғылым деген үлкен көл десек, арифметика соның бір тамшысы ғана.

— Менің де аздап өлең жазатыным бар. Əсіресе, кептелісте тұрғанда…

— Ешқашан ұжымдық хатқа қол қоймаймын. Егер хат жазу керек болса, ешкімді əурелемей, өзімнің атымнан жазамын.

— Маған тек кедергі жасамаса болды. Сосын жақсы бор мен жақсы тақта болса. Біздің елімізде жақсы тақта жоқ.

— Францияның, Германияның, Англия мен Американың математика мектебі мықты. Біздікі де осал емес. Кеше менің 60 жылдығыма Филдс сыйлығының лауреаты келді. Шəкірттерімді көріп, «мықты екен» деп кетті.

— Ғылымды популяризация жасауға назар аудару керек. Бізде осы жағы кемшін.

МЕДЕТТІҢ ЕСЕБІ

Ұлым Медет менен үлгі алады. Өткенде мен жасырған есепті шығарудың керемет əдісін ойлап тапты. Риза болып қалдым. Сонымен бірге, өзі бір есеп ойлап тапты. Мен бүгін «Ұланның» оқырмандарына сол есепті жасырайын. Шығарып көрсін. Хат күтемін.

х!+3=y2

x=1, y=2

x=3, y=3

Жақын үшінші мəні бар ма? Барлық бүтін шешімін тап.

Дайындаған Жұлдыз ӘБДІЛДА

 «Ұлан», №17

(26.04.2016)