ЮНЕСКО “юбилей” жасау үшін керек пе?

         Жаман өлең жазайын мынадай деп…

                                                                  Мұқағали Мақатаев

         Математиктер француздар сықылды. Оларға не айтсаң да, сөзіңді өз тіліне аударып алады да, сөз мағынасы толығымен өзгеріп шыға келеді.

                                                                           ГЕТЕ

Соңғы кезде жыл сайын ЮНЕСКО шеңберінде мерейтой өткізу әдетке айналды. “Мерейтойлар мемлекетіміздің деңгейін көтерді, қазақ атын әлемге паш етті” дейтін пікір бар. “Қай деңгейге көтерді, плюс деңгейге ма, жоқ, минус деңгейге ма, қазақ атын басқа жолмен шығаруға болмас па еді?” дейтін көзқарас та жоқ емес. “Қарапайым салық төлеуші көп нәрсені біле бермейді, мерейтойлардың артында идеологиялық мән бар, саяси салдар бар” деушілер де табылады. Қалай дегенде “ЮНЕСКО” деңгейі деген не, ол немен өлшенеді?” дейтін сұрақ туады. Бұл деңгей қысқа уақыт ішінде өткізілген тойлар санымен өлшенсе, шынында да, қазақ аты аспаннан бір-ақ шығуы ғажап емес. Бірақ, ЮНЕСКО-ны мерейтой өткізетін банкет залы ретінде ғана түсіну жансақ. “Мұндай беделді ұйымдардың мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланып жүрміз бе?” деген сұрақтың қойылуы орынды.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың атын әлемге паш етеді. Майра Мұхамедқызы да қазақтың атын әлемге әйгілеп жүр дейміз. Нью-Йорк академиясы мүшелері де қазақтың атын әлемге паш етеді. ЮНЕСКО шеңберіндегі мерейтойлар қазақтың атын қай мағынада шығарып жүр?

Соңғы жылдары Еуропа елдерін көп аралаппын. Бір жерде бір ай, бір жерде бір жыл, бір жерде жарты жыл дегендей. Ресми делегация құрамында болсаңыз, бес жұлдызды қонақүй, “Мерседес” терезесінен әдемі ғимараттар көріп, әдемі сөздер естір едіңіз. Турист болып, шоп-турға барсаңыз, Еуропа “барахолкаларын” аралап шығар едіңіз. Мен жай  көшпенді қазақ ретінде жай көшпенді тіршілік кештім. Қай жерде жүрсем де, сол жердің тілін ұғуға, тұмыс-тіршілігін түсінуге тырыстым. Егер сіз өзіңізге біреу дұрыс қарасын десеңіз, алдымен сол елдің тіліне, салт-дәстүріне, заңдарына құрметпен қарауыңыз керек екен. Сол себепті болар, барлық жерде жеке адам ретінде өзіме деген құрмет пен ілтипат сезімін байқадым. Қайда барсам да, “осылар қазақ (қырғыз, өзбек) елі жайлы не біледі екен, қандай әнін тыңдайды екен, газеттері не жазады екен, теледидарлары не көрсетеді екен?” деп қарап жүрдім.

Осы жеті-сегіз жылда Еуропада Қазақстанға қатысы бар мынадай хабарлар көріппін:

  1. Қойшының өмірі. Жайлау, Бір жас бала айран ішіп отырып ұйықтап қалды. Мұрны ағып кетті. Оған үймелеген шыбындар. Шешесі келіп, қалған айранды ішіп, онан қалғанын басына құйып, шашын жуды. Содан кейін ән айтты. Жасырын камерамен түсірілген натуралистік фильм.
  2. Зейнетақы жоқ, жалақы жоқ. Зейнеткерлердің көсемі И.Савостинаның айқайы.
  3. Семей – жаман. Арал – жаман. Демек, Қазақстан да жаман. Қазақстанда экологиялық апаттардан және мұнай мен газдан өзге ештеңе жоқ дейтін тақырып.
  4. Байройт қаласында өткен скрипкашылар жарысына қатысушы бір қазақ баласынан алған сұхбат. Қазақстан жайлы мен естіген ең оң хабар осы.
  5. Саппородағы (Жапония) бір дүкенде табылған CD. Моңғол фольклорын жинаған француз этнографтары Баян-Өлгейден жазып алған оншақты ән-күйдің екеуінен өзгесі қазақтікі екен. Соны Стокгольмде ВАСА-школан мектебінде оқыған қызым “Туған жер туралы” деген үй тапсырмасына қосты. Бұл үй жұмысы мектеп мұғалімдері мен оқушылары арасында қызығушылық туғызып, өз сыныбында және мектеп теледидарында қызым баяндама жасады.
  6. Қазақстандық ұйғыр әншісі айтатын (аты есімде жоқ) “Мальчик хочет в Тамбов, Чики-чики-да” дейтін әнін естідім. Әннің сөзі де, әншісі де өзгерген. Музыкалық пираттық Еуропада да көп.
  7. Қателеспесем, Төлегенова болу керек, бір әнші қарындасымыздың “Мой татарский мальчик” дейтін әнін екі рет естідім. Әнді айтқан итальян, не словен әншісі болу керек. Сөзі бөлек.
  8. Рим папасының Астанаға келуі. Папаның қазақша сөйлеп, Абайға сілтеме жасағаны.
  9. Әкежан Қажыгелдинмен сұхбат. Бұл хабар түн ортасында берілді. Оксфорд университетінің профессоры Сухов бұл хабарды естігенін айтты.
  10. Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісінің “Hard talk” бағдарламасына берген сұхбаты. “Азаттықтан” үзінділер берілді. Елшінің ағылшын тілін жетік білетіні байқалды.

Кітап дүкендерінен Шыңғыс Айтматовтың кітаптарын көріп, бір профессордың және бір аспиранттың үйінен ағамыздың “Жәмиләсін” көрдім. Неге екені белгісіз, кітап мұқабасында қайың, қайың түбінде сарафан киген сары шашты, көк көзді қыз, қасында қолына гитара ұстаған сары шашты жігіт бейнеленіпті. Қазақ жазушыларының бірде-бір кітабын көрмедім. Мүмкін, бұл кітаптар сатылып кеткен болар.

Бір адамның тәжірибесіне қарап ешқандай статистика жасауға болмайды. Менімен бір мезгіде шетелде болған таныстарыма осы тізімді көрсеттім. Мен, әрине, қателесемін, бірақ, қате дәлдігі қандай, соны білмек болдым. Достарым: “Теледидар көргеннен басқа түк бітірмегенсің-ау, жұмыс берушің қалай сонша уақыт жұмыстан қуып жібермей шыдаған?” – деп таң қалды. Олардың көргендері менің тізімімнің екі-үшеуінен аспады. Қазақстанда кейбір теле және радиостансалар қазақша хабарларын түн ортасында, не таң ата беріп жатады. Мүмкін шетелдіктер де қазақтардан үлгі алып, “қазақ туралы хабарларды ұйқысыз адам ғана көреді” деген шешімге келген болар. Мен көре алмаған басқа да хабарлар, мен оқи алмаған мақалалар, әрине, болуы тиіс. Қалай десеңіз де, мына нәрсе анық: газеттердегі Қазақстан жайындағы мақалалардың дені – мұнай мен газ жөнінде, соның айналасындағы коррупция жөнінде. Біздегі Еуропа туралы хабарлар Еуропадағы Қазақстан хақындағы хабарлардан анағұрлым көп және әртүрлі.

Қазақ газеттері жыл бойы жазып жатқан ЮНЕСКО шеңберіндегі мерейтойлар жайында бірде-бір телесюжет көрмедім, бірде-бір хабар естімедім. Жақында “Хабар” Махамбеттің ЮНЕСКО  деңгейінде Парижде өткен конференция туралы көрініс көрсетті. Кішігірім залда әр жерде бір қылтиған үш-төрт адамды көрдім. Оның өзі де Қазақстаннан барған делегация мүшелері. Егер мұндай конференция Алматыда өтсе, студенттер мен солдаттарды қуып тықса да, залды толтырар еді. Олжас ағамыздың “конференцияға ЮНЕСКО-ның бас директоры, екі батыс ғалымы және үш француз ақыны қатысты, соның екеуі Махабет өлеңдерін аударды” дегені көңілімізге жағып қалды. Түптеп келгенде, әңгіме санда емес, сапада. Мүмкін, конференцияға қатысқан шетелдіктердің бәрі де мықтылар шығар. Бірақ… Осы конференция туралы шетелдік бір телеарна, бір газет жазды ма екен десеңізші?!

Сонда біздің “ЮНЕСКО шеңберінде тойланып жатыр!” деп бір жыл бойы шуылдауымыз алты шетелдік үшін ғана жасалған ба? Шалдарды анда-мында сүйреп әуре қылмай, сол конференцияны Алматыда-ақ жасап, үнемделген ақшаны “өлеңдерді дұрыстап аударыңыздар” деп сол екі французға берсе, олар да қуанып қалмас па еді? Қалған ақшасына Атырауда ғана емес, Ақмешітте, Арқалықта, Қастек пен Қаскелеңде бабамыздың рухына лайық басқа да шаралар өткізсек, біз де қуанбас па едік? Жалпы, конференциялардың қандай пайдасы бар? Парижді аралап, бала-шағаға тәбәрік алып қайтқаннан басқа. Оның орнына бір нақты қазақ  нақты пайда көрсе, “бабамыздың шапағаты тиді” деп ол да, бізде айтып жүрер ме едік. Мысалы, Абайды, Махамббетті французшаға аударған Ғалымжан Мұқанов дейтін ағамыз жасы елуден асса да, әлі күнге дейін жатақханада тұратын көрінеді. Естуімізше, қазақта бұдан асар аудармашы жоқ. Құдай біледі, жол ақшасының өзі панельді үйде болса да, Алматының шетінде болса да, кішігірім бір пәтерге жетіп-ақ қалар еді.

“Парижде өткен конференциядан ешқандай із қалмауы мүмкін емес” деп, интернетті ақтардым. Махамбет аты аталған кириллица әрпімен жазылған 709, латын әрпімен жазылған 10, 36 және 364 (Махамбет атының латынша үш түрлі транскрипциясы бар) материал табылды. Неше түрлі мағлұмат бар екен. “Хаят Ридженси” қонақүйінде Махамбет есімімен аталатын бөлмелер бар екен. Атырау университетінде өткен конференция жайлы мағлұмат көп екен. ЮНЕСКО конференциясы жөнінде де материалдар табылды. Бәрі дерлік кеңсе стилінде жазылған үш-төрт сөйлемнен тұратын ресми хабарлар болып шықты. “Іс-шара өткізілді, галочка қойылды, енді басты ауыртпаңдар” деген сарын байқалды. Конференцияға кімдер қатысты, кімдер қандай пікір айтты, қорытындысы қандай болды, “қазақ деген елдің ең мықты ақыны екен, соны университет бағдарламасына енгізсек” деп біреу айтты ма екен, бұл жөнінде ешқандай мағлұмат көрмедік.

Түркістанның 1500 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде тойланды. Яғни “әлемдік деңгейде тойланды” дейміз. Әлемде көп ел бар, әлемдік деңгей дегеніміз – біздің тойдың ең болмағанда Қазақстаннан өзге тағы бір-екі елде тойланды деген сөз болар. Зимбабведе не Бразилияда тойлана қоймас, тым алыс қой. Құдай қосқан көршілеріміздің бірінде тойланды ма екен? Тойға Түркия президенті келді. Оған көп рақмет. Көрші түркі мемлекеттерінен бірде-бір президент келмегені көзге ұрып тұрды. Ал, ЮНЕСКО-дан кім келді? Қателеспесем, бір бөлім бастығының орынбасары ма, әлде, орынбасарының көмекшісі ме, әйтеуір, төменгі деңгейдегі бір шенеунік келді. Оның сөзі, журналиске берген сұқбаты Түскістанның атын ұшақтан түскеннен кейін ғана естігендей әсер қалдырды.

Қожа Ахмет Яссауи қолжазбаларының ЮНЕСКО тізіміне енгені қуанышты хабар болды. Бірақ, осы жайт мерейтой болмаса жасалмайтын ба еді? Осындай қуанышты оқиғалар тағы да болады деп үміттенеміз. Бірақ, оларды келесі мерейтойларға дейін күтуіміз керек пе?  Науқаншылық әдеттен арылар кез келген жоқ па?

 Орыстарда Пушкин институты бар, немістерде Гете институты бар, француздарда Француз институты бар, ағылшындарда Британ кеңесі бар. Бұл мекемелердің мақсаты – біреу. Ол – өз тілі мен мәдениетін өзге жұртқа таныстыру. Жыл сайын ертеңінде-ақ ұмытылып қалатын мерейтойларға шығындалғанша, осындай институт ашып, оны, мысалы, “Абай институты” деп атап, мәдени байлығымызды да, өзімізді де ыждағаттылықпен таныстырып отырсақ жөн болмас па?

Әңгіме көрші дегеннен шығады. Осы өзбекте де, қырғызда да, түркіменде де, Құдай біледі, ақын да, батыр да қазақтікінен кем болмас. Сіз өзбектің, не түркіменнің “ЮНЕСКО шеңберінде тойланыпты” деген бір батырының атын білесіз бе? Ондай батырлар бар болса, неге қазақ та оны тойламайды? Мүмкін, сол себепті көршілер де біздің тойларды жай кезекші той деп ескермейтін болар. Екінің бірі. Не олар “ақшаны босқа шашпаймыз, ЮНЕСКО шеңберінде ештеңе тойламаймыз, ЮНЕСКО деңгейі деген бос даңғаза” деген шешімге келген, не олар да ЮНЕСКО деңгейінде батырларын тойлайды, бірақ, қазақтардан жасырып, құпия тойлайды. Не болмаса, ЮНЕСКО деңгейі – қазақ мойындамайтын әлемдік деңгей деп ұғуымыз керек. Сонда әлемдік деңгей деген не болады? Көршілер, туыстар мойындамаса, жер түбіндегі басқа ел мойындайды дегенге кім сенеді?

Менің ойымша,  бұл жердегі әлемдік деңгейді шартты түрде ұғу керек. Адамдар бір-бірімен кездесе қалса, мақтану үшін айтатын өтірік-шыны аралас шартты сөздері болады. Біреу “үлкен балық ұстадым” деп мақтанса, сіз оның өтірік айтып тұрғанын біліп тұрсаңыз да, “қандай мықтысың” деп арқасынан қағасыз. Ол сіздің өтірік мақтап тұрғаныңызды біліп тұрса да, соған күні бойы қуанып жүреді. Шамасы, “әлемдік деңгей” терминін осы сықылды артында нақты мағынасы жоқ сөз ретінде ұғуымыз керек.

ЮНЕСКО – Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым, білім, өнерді қарайтын ұйымы. Бұл мекемелердің беделі күшті. Бірақ, бедел күшін әр ел өзінше анықтайды. Бір елге БҰҰ шешімі – бұлтарпай орындалатын заң. Бір ел мүддесіне сәйкес келсе – БҰҰ шешімдерін орындайды, сәйкес келмесе – естімеген болып отыра береді. Ал, бір ел үшін БҰҰ беделі жай сөз, ол өз қалағанын БҰҰ шешімінсіз-ақ орындай береді.

 ЮНЕСКО жарна төлеушілердің, әсіресе, алпауыт ел мүшелерінің көңіл-күйіне тікелей  тәуелді. Амаерика “біздің салық төлеушілердің ақшасын босқа шашып жатырсыңдар, біз неге біреулердің мерейтойларына кететін шығындарды төлеуіміз керек, бюрократтарыңды азайтыңдар” деп, бір жөткірініп қойса болды, бұл ұйымның жаны шыға жаздайды. “Біздің есепшотқа ақша аударыңдаршы, содан кейін мерейтойларыңды жасай беріңдер”, дейді. “Мөр басып береміз, соған ырза болыңдар” дейді. Оны ешкім мойындамаса, оның шығынға татырлық пайдаса болмаса, бар тапқанымыз бір ақынның екі-үш өлеңді аударуы болса, оның бізге не қажеті бар?

 ЮНЕСКО-ға 190 ел мүше. Соның ішінде 40 ел ЮНЕСКО бюджетінің 0,001 пайызын береді. Мүшелік жарнаны көп ел дұрыстап төлемейді. Қазір ЮНЕСКО-ның негізгі демеушісі – Жапония. Мүшелік жарна  жинау – электрге төлемақы жинау сықылды. Электр жарығын бәрі пайдаланады, заң бойынша бәрі ақы төлеуі тиіс, бірақ іс жүзінде оны жинау оңай емес. Біреудің шын мәнінде ақшасы жоқ, ал біреу ақшасы болса да, түрлі себептермен төлегісі келмейді. Біреуінен қорқытып алсаң, біреуінен алдап-сулап аласың, мақтау сүйгіш  біреулері қолпаштамасаң, ақшасын әкелмейді. Мерейтой өткізу – сондай ақша жинау әдістерінің бірі.

Әрине, көшеден көлденең көк атты келіп, “ЮНЕСКО шеңберінде мерей өткіземіз” десе, оның бәрін өткізе бермейтін ұйымның өз комиссиясы, конкурсы бар. Бұл үшін де бірталай қағаз толтыру керек. Бірақ, бұл – бюрократиялық қана қиыншылықтар. Біздің ЖАК “Ғылым кандидаттары мен докторлық қорғаулардың санын қалай азайтамыз, сапасын қайтіп көтереміз?” деп қанша тосқауыл қойса да, қалтасы қалың адам бұл қамалдарды оп-оңай бұзып өте алады. ЮНЕСКО-ның конкурсы да осыған ұқсас. Түріктер Осман империясының 700 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде тойламақ болғанда, армяндар қарсы шыққан. “Біздің бабаларымыз түріктерден талай таяқ жеген, түріктер армяндарға геноцид жасады, соны ресми мойындамай, мерейтойға рұқсат жоқ” деп тұрып алған. Осындай айрықша жағдай болмаса, ЮНЕСКО дейгейінде мерейтой жасау аса қиын шаруа емес. Жарна ақшасын төлеуді ұмытпасаңыз болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЮНЕСКО-ның арнайы мамандандырылған ғылымға, білімге, экологияға қатысты орталықтары әлемнің көп жерінде орналасқан. Бұл мекемелерде жұмыс істеу жалақы жағынан да, ғылыми жағынан да, жеке адам мүддесі тұрғысынан да, мемлекет беделі тұрғысынан да өте тиімді. Бұл мекемелердің неше түрлі бағдарламаларына араласып, қазаққа да керек көп пайдалы нәрсені тындыруға болар еді. Профессор бір жерге жұмысқа орналасса, артынан ебін тауып он аспирантын ертіп келеді. Ғылымнан хабары бар адам бұл құбылыстың республика үшін пайдасы өлшеусіз екенін түсінеді.

 Осы орайда өзіме таныс математикаға қатысты бір мекемені мысалға келтірейін. Триесттегі (Италия) Теориялық физика орталығы – ЮНЕСКО-ға қарайтын әлемдегі өте мықты ғылыми орталық. Бұл мекемеде физика мен метематикаға қатысты көптеген бөлімдер мен лабораториялар бар. Бұл орталық “дамып келе жатқан елдердің ғалымдары жұмыс істесін, аспиранттары мен стажерлары білімін шыңдасын” деп арнайы ашылған. Орталық негізін қалаушы профессор Абдус Салам – физикадан Нобель сыйлығын алған жалғыз мұсылман. Пәкістанда туылса да, негізгі ғылыми жұмыстарын Кэмбриджде жасаған. Үлкен кітапханалары жоқ, ғылымға лайықты назар аудара алатын мемлекеттері жоқ дамушы елдердің проблемаларын жақсы білген профессор Абдус Салам осы орталықты арнайы дамушы елдердің ғалымдарына арнап салдырған.

Қазақстан дамушы елдер қатарына кіреді. Ресей де экономика жағынан дамушы ел болса да, заң жүзінде өзін дамушы елмін деп мойындамайды. Өзін “ұлы державамын” деп есептейді. Сол себепті, бұл орталыққа Ресей мамандары шақырылуы міндетті емес. Бірақ, іс жүзінде бұл мекемелерде бірде-бір қазақ, бірде-бір өзбек, не қырғыз жұмыс істемейді. Мұнда жұмыс істейтіндер – үнділер, пәкістандықтар, қытайлар, орыстар, армяндар және Африка мен Латын Америкасынан шыққан мамандар. Мысалы, математика бөлімінде бес адам ұзақ мерзімді келісім-шартпен жұмыс істейді. Соның екеуі – Нигериядан. Екеуі де Еуропа мен АҚШ университеттерін бітірген. Кәсіби деңгейлері жоғары. Бірақ, мұндай деңгейдегі математиктер бізде де бар. Екеуі де бір емес, кем дегенде екі мерзім келісім-шартқа отырды. Бұл жерде географиялық принцип неге сақталмаған? Математика ғылымының үздік мектебі орыстарда екенін әлем мойындайды. Қазақ математиктерінің дені Мәскеу, Санкт-Петербор мен Новосібір сықылды ірі ғылыми орталықтардан шыққан. Сонда қазақ ғалымдарының осындай орталықтардың тәуір жұмыстарына тұра алмауы неден?

Себеп мынада: Нигерия математиктерінің артында мемлекет бар, тірек бар, мемлекет атынан сөйлейтін мықты бюрократтар бар. Олар ЮНЕСКО-ның маңызды қызметтеріне өз азаматтарын ұсынып, олардың өтуін қадағалып отырады. Жай ғана қадағаламай, ықпал етіп, дипломатиялық шеберлік көрсетіп, тамыр-танысын салып, өз адамдарын қызметке тығып жатады. Олар мерейтой жасау өнерімен әуестенбейді. Түптеп келгенде мерейтойлар өз елінен басқа ешкімді қызықтырмайтынын, аздап жарнамасы болмаса, құр шығын мен даңғазадан басқа “пайдасы” аз екенін, оның орнына арнайы мамандандырылған мекемелерде жұмыс істеу арқылы арнайы бағдарламаларды өз мемлекет мүддесіне қарай бағыттау анағұрлым пайдалы екенін жақсы біледі.

Біздің артымызда мемлекет бар, бірақ, тірек жоқ. Таза ғылыммен, өз күшіңмен біраз деңгейге көтерілуге болады. Бірнеше ай, бір-екі жыл маңайында келісім-шартқа қол жеткізуге болады. Өйткені, қысқа мерзімді келісім-шарт тағдырын ғалымдардың өздері шеше береді. Ғылымың дұрыс болса, бұл үлкен проблема емес. Ұзақ мерзімді келісім-шарттар ЮНЕСКО бюрократтарының қолында. Бұл жерде бюрократиялық өнерді жақсы меңгерген, өз азаматтарын қолдай алатын тірек керек. ЮНЕСКО сықылды дүниежүзілік ұйым мекемелерінде қазақтардың да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Бірақ, бұл мүмкіндікті қазақтар дұрыс пайдаланып отыр ма? ЮНЕСКО-ның арнайы ғылыми мекемелерінде жұмыс істейтін қанша қазақ бар? Біздің естуімізше, бірде-бір қазақ жоқ. Кейбір қазақ зиялыларының нақты мәселелерден гөрі жалпы мәселелермен, не өткенді қазбалаумен шұғылдануы мені таңқалдырады. Олардың пікірінше, басқа мәселе жоқ, жұрт бәрін тастап, тек солардың дүниелерін талқылауы керек. Жай талқылап қана қоймай, “бұл еңбек әлемдік деңгейде!” деп пікір айту керек. Дилетанттық жұмыстарға пікір айтудың не керегі бар?

 Бір латынамерикалық профессорды білуші едім. Біліктілігі нашар еді. Тепе-теңдік шығару әдістерін ұға алмай, “еуропалықтар әдейі қиын формула ойлап тапқан” деп, соған ызасы келетін. “Біздің терең тарихымыз бар, балаларымыздың өз жазу-сызуы болған, үлкен мәдениеті болған. Бірақ, еуропалықтар келіп цивилизациямызды құртты, біздің осы күйге түсуімізге янкилер, яки америкалықтар кінәлі”, — деп айта беретін. Бір күн тыңдадым. Құрмет, аяушылық сезімде болдым. Екі күн тыңдадым. Аяушылық сезімім өзгермеді. Үшінші күні шыдамым таусылды: “Көке, осыдан бес жүз жыл бұрын өтіп кеткен нәрсені орынды-орынсыз қайталай бергеннен не шығады? Оның орнына оқулық ашып, формуланы жаттап алмайсың ба?” – дедім. Өкініштісі, осындай жылаңқы зиялылар қазақта да толып жатыр.

Сөз сапыру өнерінің шыңына шыққан қазақ, сөз буымен аспанда қалықтаған қазақ іс жүзінде қайда жүргенін сезер ме екен? Сөз өнерімен қатар ой өнерін де меңгеріп, жер бетінде тәп-тәуір тірлік қып жүрген өзге жұртты байқар ма екен?

Құбыжық көрінген жаһандану бізге де келді. Жаһандану теориясын алпауыт елдер жасай берсін. Тек өткенге үңіліп езіле бергенше, жаңа заман талабына ыңғайланайық та. Бізге тиімдісі – осы процестің өз мүддемізге пайдалы жағын тауып, кетігіне кірпіш боп қаланып, зиянынан гөрі пайдасын көбейту бағытында жұмыс істеу. Ұлттық дәстүр мен жаңа технологияны ұштастырудың мүмкін екенін жапондар, кәрістер, малайлар мен үнділер көрсетіп жатыр. Олардан біз де үлгі алайық. Жаңа технологияларды үйренер жер болса, ондай жерден біз де қалыс қалмайық.

Орыс анекдоттарында “чукча айтыпты” деген белгілі жанр бар. Мен білетін шетел ғалымдары осы чукча ұғымын Нью-Йорк академиясы ұғымымен ауыстырады. Нью-Йорк академиясының ғылым академиясы емес екенін, оған кез келген аспирант өте алатынын ғылымнан сәл хабары бар адам жақсы біледі. Журналға жазыл десең, ешкімнің ақша төлегісі келмейтіні, бірақ “академик” болдың деп қолпаштап, жарна төле десең, жетіп келетіні белгілі. Ғалымдығы түкке тұрмайтын, бос лауазымдар мен мағынасыз атақтарға әуес адамды “Еһе, бұл да Нью-Йорк академиясының мүшесі екен ғой” дейді. Өкінішке қарай, Нью-Йорк академиясына енгенін жетістік көретін қазақтар көп.

Мынадай ой келеді. Осы біздің “ЮНЕСКО” деңгейінде мерейтой өткіздік деп жүргеніміз “Нью-Йорк академиясының мүшесі болдық” дегендей, бос далаңдау емес пе? Күмәнімді сейілтер дәлел табылса, қатемді қуана мойындар едім.