Келер жылы еліміздің Тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның ғылымы қаншалықты дамыды? Қандай жетістіктерге жеттік? Шетелде жүрген қазақстандық ғалымдарды елге қайтару мүмкін бе? Ел ғалымдары шетелге кетуге неге құмар? Жуырда кезекті кездесуін академик Асқар Жұмаділдаевпен өткізген «Қазақ журналистері клубының» жиынында осы және өзге де күрделі мәселелер талқыға түсті.
Асқар Жұмаділдаев «Қазақстанда білім ғана емес, бұған қоса жоғары білімнің дипломы да девальвацияға ұшырады», — деп мәлімдеді. Белгілі математик-ғалымның пікірінше, үкіметтің бұл салада жасап жатқан реформаларынан нәтиже шығып жатқан жоқ. Қанша министр ауысса да, ғылымға тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Сол себепті, болашағы зор жастардың дені шетелге кетуге ұмтылады. Реформа жасаймыз деп, шетел үлгісімен «доктор» атауын «Пи-ейч-ди» етіп өзгерткенмен, білім мен ғылым дамып кетпейді, атын ауыстырғанмен, заты сол қалпы қалады. Математиктің пікірінше, кез келген салада, оның ішінде саясат пен билік саласында реформаны физик-математиктер жасайтын көрінеді. «Қазақ журналистері клубының» модераторы Жанболат Мамайдың: «Министр Бақытжан Жұмағұловтың шетелдегі ғалымдарды қайтару ниеті жүзеге асуы мүмкін бе, оларды елге қалай қайтаруға болады?» — деген сауалына академик-математик былай жауап берді:
– «Шетелден ғалымдарды шақыру дұрыс. Министрліктің бұл бастамасын құптаймын. Жалпы, қазақтың ғалымдарын ғана емес, бар игі-жақсысын бір жерге жинаған дұрыс деп ойлаймын. Бірақ мұнда айта кетерлік басты мәселе – министр шақырды екен деп, олар елге орала қоя ма? Меніңше, бұл – басты сауал. Менің білуімше, шетелде қазақ ғалымдары екі түрлі жағдайда жүреді. Бірі – тұрақты жұмыс тауып, сол жерге орнығып алғандар. Екіншілері – уақытша гранттармен жүргендер.
Шынымды айтсам, тұрақты жұмысы, үй-жайы, жағдайы бар адамдар елге орала қоймайды. Себебі, біздің ел оларға дәл сондай жағдай жасап бере алмайды. Егер ондай адам табылып, келе қалса, мен оған үлкен таңданыс білдірер едім.
Уақытша гранттармен жүргендер келуі әбден мүмкін. «Көршінің тауығы – қаздай, қатыны — қыздай» дейді қазақ, шетел деген де сол сияқты. Уақытша гранттармен күнелтіп жүргендерге бұл ауқат емес. Себебі, грант уақыты аяқталған соң, керексіз деп тапса, олар сені елдерінде бір күн де ұстамайды.
Жас кезде тәжірибе жинау үшін, шетелді бағындыру да қажет. Шетелге де керегі сол – орда бұзар жастар. Университеттерде профессорлардың ассистенті етіп сайлап қояды. Ассистент профессор үшін барлық жұмысты істейді. Бас ауруы көп, жалақысы аз жұмыс. Бірақ, біздің қазақтардың көбі келісетін жұмыс та – осы. Осындай жас ғалымдар елге оралуы мүмкін. Ал белгілі бір мойындауға ие болып, профессор атанғандар орала қоймайды.
Себебі, АҚШ-та профессордың тоғыз айлық (бұл жылдық болып саналады) орташа жалақысы – жүз мың доллар. Яғни Америкада тұрақты профессор болу – бізде академик болудан жүз есе артық деген сөз. Жалақысы жағынан да, жұмысы жеңілдігі жөнінен де.
Мысалы, мен академикпін. Сіз Американың профессоры болсаңыз, аптасына бір рет қана дәріс оқисыз. Ал мен күнде сабақ беремін. Қазір сабақтан келдім, осы кездесуден шығып, қайтадан сабаққа барамын. Себебі, олай істемесем, күн көре алмаймын. Ал бізде тоғыз ай бойы аптасына бір рет дәріс оқығаның үшін жүз мың долларды ешкім төлемейді. Яғни, ғалымның білімі мен білігі бағаланбайды. Ал шетелде ол жалақыға қосымша егер бір жерде дәріс оқитын тұрақты профессор болсаң, үш жылда бір рет бір жылдық демалыс аласыз. Ол уақытта ғылымды жетілдіріп, еркін жұмыс істеуге мүмкіндік болады. Ал бізде таң атқаннан кеш батқанша жұмыс. Ойлануға уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Осындайда: «Ғылымымыз неге дамымайды?!» деп несіне таңдануға болады?
Американың интеллектуалды элитасын жасақтайтын Гарвард, Пенсельвания сынды он беске ғана жуық университеті бар. Онда жұмыс істейтін ғалымдарға барлық жағдай жасалған. Сондай жерде тұрақты жұмысы бар ғалым елге оралмайды. Сондықтан өзінің ғылымын дамыту үшін шетелде жүрген ғалымдарға қарсылығым жоқ, өйткені өзіміз оларға жағдай жасай алып отырған жоқпыз. Жағдайы бар жерде өсіп-жетілудің несі айып? Қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі халқы мақтан тұтатын әл-Фараби де ұлы еңбектерін Отырарда жазбаған. Ілім іздеп Бағдатқа кетіп, сол жерде ғылыммен шұғылданған. Бірақ ол тарихта Отырардың қазағы ретінде қалды ғой бәрібір.
Бұл тұста айтатын екінші мәселе – Қазақстанға ғалымдар керек пе? Мәселен, әлемдегі ең үлкен космодром Қазақстанда тұр. Ең бірінші ғарышкер ғарышқа Қазақстаннан ұшқан. Қазақтан шыққан екі ғарышкер не істеп жүр қазір? Бірі қызметте. Екіншісі далада жылқы бағып жүр. Ой десе ойы, бой десе бойы бар Тоқтар ағамызға бір жұмыс тауып бере алмаған қазақ билігі біреуді жарылқайды дегенге сенбеймін.
Мен жоғары жақтағылардың бірінен: «Ағамызға неге орын таппайсыңдар?» — деп сұрағаным бар. Сөйтсем, «Ол кісінің мінезі жаман, оппозиционер» екен. Онда тұрған не бар?! Қазақтың алпамсадай жігітінде өзіндік пікір мен ерге тән өр мінезі болса, оның несі айып? Мінезі бар екен деп, оны далада қалдыру керек пе? Егер керексіз деп тастайтын, елемей ұмытып кетер болсақ, оны несіне ғарышқа ұшырдық? Тоқтар ағамыз – дүние жүзінде ең бірінші болып, ұшып бара жатқан кемеге ұшақ қондырған адам. Бұл не үшін қажет болды сонда? Жылқы бағу үшін бе?!»
Ал журналистердің «Он жыл шетелде жүріп, өзіңіз неге елге оралдыңыз?» деген қарымта сауалына ғалым өзін «Елге әкелген сағыныш пен отансүйгіштік» екенін айтты. «Мен қаршадай кезімде ауылдан Алматыдағы математикалық мектепке оқуға келгенде кеудемнен туған жерге деген үлкен сағыныш кетпеді. Кейін Мәскеуде оқыған он жылда да елге деген сағыныш кеудемді әбден кернеді. Мені елге қайтып алып келген де – туған елге деген сағыныш».
Асқар Жұмаділдаев қазақ ғылымының дамуына тежеу болып тұрған екі фактор бар екенін айтты. Оның бірі – логиканың жоқтығы болса, екіншісі – оқу орындарында салыстырмалы теория бойынша дәрістердің оқытылмауы.
«Мен оқу бағдарламасына салыстармалы оқыту теориясын міндетті түрде қосар едім. Себебі, бізде теория жүзінде ғалымдар керек те, практика жүзінде олардың қажеті жоқ. Ал билік басындағы «реформаторлардың» логикасы мен ісі сәйкес келмейді. Теория жүзінде бәрі тамаша. Ал практика – нөл! Теория мен практиканың арасында үлкен алшақтық бар. Басты проблемамыз да осында».
Сол сияқты Астанада ашылған «Назарбаев университетінің» болашағы зор болуына тілектес екенін, бірақ ашылмай жатып он сегіз жүз жылдық тарихы бар Кембриджге теңестірудің артық екенін айтады. «Жалпы қандай болса да университеттің ашылғаны дұрыс. Білім ошағының, оның халықаралық деңгейде білім бергенін мен қолдаймын. Саннан сапа туындайды деген сөз бар. Бірақ, ол шынымен Оксфордтың, Кембридждің деңгейінде бола ала ма? Бізді сол қызықтыруы керек. Менің бұл мәселеде күдігім бар. Маған оқу орнын бағала десе, әуелі үш факторды айтар едім. Біріншіден, онда қандай профессор сабақ береді, оның қандай ғылыми жұмысы бар? Екіншіден, оның кітапханасы қандай? Үшіншіден, оның студенті ғылыми олимпиадада қандай жетістікке жетті? Осы үш параметрді айтсаңыз, міне, ол оқу орнының қандай екенін айтып бере аламын».
Ал «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Сейілбек Асановтың: «Жастар жекеменшік оқу орындарына неге құмар?» деген сауалына академиктің жауабы қысқа болды. «Менің білуімше, жекеменшік университеттердің мемлекеттен басты айырмашылығы – онда бюрократия аздау. Ал мемлекеттікте бюрократия он есе көп. Білім сапасы жөнінен де мемлекеттік оқу орындары бәсекеге қабілеттілік таныта алып отырған жоқ. Меніңше, бар мәселе осында». «Соңғы кезде ғылыми атағы бар адамдар көбейіп кетті. Бірақ бұл ғалым көбейді деген сөз емес. Фактімен сөйлесек, америкалық математиктердің ең жоғарғы рейтингісіне сай келетін елімізде бір адам бар. Оның деңгейі халықаралық өлшеммен – 140. Одан кейінгі ғалымның көрсеткіші – 70. Сосын отыздың төңірегінде үш-төрт адам бар. Ал бүкіл Қазақстан бойынша жиырмаға жуық ғалым сол тізімге кіреді. Рейтинг дегеніміз не? Ол, мәселен, сіздің — журналистің мақаласын қанша адам оқығаны сияқты бағалау. Яғни жаңағы жиырма математиктің деңгейі бар да, қалғаны түкке жарамайды деген сөз.
Ал жастарға келер болсақ, өкінішке қарай, тоқсан үшінші жылдан бері қарай бізде үлкен үзіліс болды. Мен сол кезде ең жас доктор атанған адаммын. Қазір жас докторлар көбейді. Бірақ математиктер жоқ. Мен әлі күнге дейін жас ғалым атанып жүрмін. Ол маған да, біздің ғылымға да ұят».
«Жас Қазақ» газетінің тілшісі Фариза Байелі «Бар мәселе қазақ ғалымдарында ізденістің жоқтығында болуы мүмкін», — деген ой өрбітті. Бұған жауап ретінде Асқар Жұмаділдаев ғалымдарды емес, жүйені сынға алғанымыз дұрыс екенін айтты: «Ғалымдарға тас атудың қажеті жоқ. Ол шәкірт алдына келіп, білгенін айтады. Білмегенін қайдан айтсын? Оның қолында тұрған көп дүние жоқ. Жуырда математикадан халықаралық олимпиадада төртінші кластың балалары төртінші орын алды, сегізінші кластың балалары да сондай орынға ие болды. Ал ертең-ақ олар жоқ болады. Математикадан олимпиаданы грант үшін жеңіп алып, сол грант арқылы нан табу үшін басқа жеңіл салаға кете барады. Қазақта «Есектің күші – адал, еті — арам» деген сөз бар. Сол сөз нағыз математикаға арналған. Елдің бәрі жек көретін ғылым – математика, балалар қорқатын ғылым – математика. Ал түсіне білген адамға біздің барлық ғұмырымыз математикаға негізделген.
…..Ал қазақ жоқ жерден проблема тауып, еңбек етудің орнына түрлі қажетсіз сұрақтармен басын ауыртып жүр: «Шыңғыс хан қазақ па?», «Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» бола ма, болмай ма?» деп басты қатыру қажет емес. Болса – болар, болмаса – қояр. Одан да еңбек етіп, өркениеттен артта қалмауға ұмтылайық. Менің өмірлік философиям – осы. Сіріңкені, шаңсорғышты, теледидарды, көлікті ойлап тапқан кім? Швед, жапон, неміс! Бірақ қазақ емес. Міне, мәселе қайда жатыр!».
Инга ИМАНБАЙ
«Обществення позиция» №45 (85) 15.12.2010.