Шын ғалымға қашан да сайрап жатқан жол жоқ. Қырықтан асқанда өліп-талып кандидат болатын, алпыстан асқанда әупірімдеп ғылым докторы болып, сексеннің сеңгірінде әрең дегенде академик қылатын кешегі Кеңестік жүйенің бұлжымас заңын тұңғыш рет бұзған қазақтың бірі – тума талант, дарынды математик Асқар Жұмаділдаев еді. Шақшадай басына шартараптың ілім-білімін жинаған осы бір қағілез жігіт 25 жасында ғылым кандидаты атанып, орда бұзар отызында ғылым докторы болды. Қызылорда облысының Шиелі кентінде дүниеге келіп, Алматыдағы физика-математика мектебін бітіріп, М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетін тәмамдаған Асқар Жұмаділдаев бүгінде Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, бірнеше шетелдік академиялардың құрметті мүшесі. Кеңес империясының ыдырауы, шетелдермен ғылыми байланыстың нығаюы, нарық заманы дарынды математикке жаңа көкжиектер ашты. Соңғы он жыл уақыттан бері ол Америка математика қоғамының, Халықаралық ғылыми қордың, Швед Корольдігі Ғылым академиясының, «INTAS» грантын, Германияның Гумбольт, Жапонияның ғылыми байланыс қоғамының стипендияларын, т.б. бірнеше сыйлықтарды жеңіп алды. Біз бүгін әлемнің дамыған елдері алақандарына салып аялап отырған, математика саласындағы дүниежүзі бойынша санаулы саңлақтардың бірі, еліміздің келешегі туралы батыл пікірлерін үлкен мінберлерден үнемі айтып келген біртуар ғалым Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВПЕН сұхбатымызды жарялап отырмыз.
– Асқар мырза, ақылды елдер кеңістікке шиыршық ата ұмтылу үшін алдымен өз ыңғайына қарай плацдарм жасап алады. Нақты ғылымның, атап айтқанда, математика, физика, химия ғылымдарының қадірін білген Америка, Жапония, Франция, Германия сияқты елдер алысқа кетіп қалды. Біз әр нәрсенің басын бір шалып әлі малтығып жүрміз. Үндемей жүріп, үйдей нәрсе тындыратын қазақстандық технократ ғалымдардың маңдайы қайткенде жарқырайды?
– Бұл жерде, ең бірінші, үкіметтің, халықтың шынайы ғылымға көзқарасы дұрыс болуы қажет. Екіншіден, ғылымның құнарлы топырақта өркен жаюы үшін оған қалыпты жағдай керек. Жұрттың бәрі ғалымдарды қияли, фанатик деп ойлайды. Шындығында, ол да кәдімгідей ет пен сүйектен жаралған адам. Ауамен емес, азық-түлікпен қоректенеді. Осыны Үкіметтің түсінбейтіні өкінішті. Әйтпесе, ғылыми қызметкерлерді сегіз мың теңгемен қаңтарып қоймас еді ғой. Осы қаржымен ол отбасы түгіл, қара басын да асырай алмасы анық.
Мысалы, мен биыл Академияда он жас ғалымға кепілдеме бердім. Солардың бәрі шетелге кетіп қалды. Әлемде қазір тек беделді адамдардың кепілдемесі арқылы жұмысқа не оқуға қабылдайтынын білесіз. Оның сыры мынада. Егер сіз белгілі маманнан дәріс алмасаңыз, оның кепілдігінсіз аяғыңызды аттап баса алмайсыз. Егер олар Қазақстанда қалса, шала ғалымдардың «табанын» көбейтіп, өз мүмкіншіліктерін аша алмас еді. Сонымен қатар, бізде тағы бір қате қағида қалыптасқан. Ол – «Халық айтса, қалып айтпайды» деген мақал. Менің байқауымша, халық көбіне өтірік айтады. Халық та қателеседі. Мысалы, билік басындағылар халықтың қамын ойлаймыз дейді де, әуелі қарақан басын, сосын айналасын жарылқайтыны өтірік емес. Бұл нағыз абстрактілі, оңбаған пікір. Бұрындары биліктің айналасына ғылым да шоғырланып, оның қанатының астында өркен жайып, дамыған. Мысалы, әл-Мумин деген әмірдің атын шығарған Әл-Фараби бабамыз еді. Әл-Мумин Әл-Фарабимен қатар алгебраның атасы Әл-Хорезмиді де, Омар Һайамды да қамқорлығына алып, жағдайларын жасап, алаңсыз еңбектенуіне көмектескен. Сол кезде арабтар қай мемлекетте оқымысты, әнші, балгер, ақын, сәулетші болса, соларды өздеріне магнитше тартып, жинай берген. Ал, бізде бәрі керісінше дамып отыр.
Мысалы, Сталин кезінде Сәтбаев қыруар қиыншылықпен академияны құрды, ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін академия бұрынғы айбынынан айырылып қалды. Бұл – билік басындағыларға да абырой әпермейтін нәрсе. Өйткені, ертең бәленше елді басқарған уақытта ғылым туралап қалды деген дерек қалады. Барлық уақытта да шын ғалымға көмектескен әмірдің аты ұмытылмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
– Сіз дүниені тынбай кезіп жүрген ғылым сардарысыз. Бір кезде саясатқа араласып, депутат та болдыңыз. Дүниені шарлап жүрген көзіқарақты адамға көп нәрсе айқынырақ болатыны түсінікті. Өзіңіз де естіген шығарсыз, елімізде шетелге жасырын өтіп кеткен қазақстандық капиталды заңдастыру туралы сөз болып жатыр. Сіздің ойыңызша, сол қыруар байлық шашау шықпай Қазақстанға қайта ма?
– Иә, екі жылдай саясатпен де айналыстым. Бір би айтыпты ғой: «Қарғамен дос болсаң, шоқығаның боқ болар, бүркітпен жолдас болсаң, қарның тоқ болар, аққумен жолдас болсаң, денең пәк болар» деген, мен биліктің арасынан пәктікті таба алмадым», — деп. Сол сияқты саясат та маған қол емес екен. Егер әлі күнге дейін депутат болып жүре берсем, нағыз көкмылжыңға айналып кетер едім. Ал шетелге өтіп кеткен арам ақшаларға келсек, оның толықтай қайтатынына күмәнім бар. Өйткені, ойлап қараңыз, қазір Қазақстанда бірнеше зейнетақы қорлары бар. Осы қорлардағы ақша бүгінде орасан көбейіп кетті, оны Үкімет қайда жұмсарын білмей басы қатып отыр. Сол қыруар қаржы не жаңа өнеркәсіп орындарын ашуға, не озық технологияны өрістетуге жұмсалмай, банктерде босқа қатталып тұр немесе махинацияға қызмет етуде. Ал егер орынды жерге жұмсаса, игілігі ендігі білінер еді ғой. Қазақстанда қаншама талантты инженерлер, конструкторлар бар. Қай зауыт солардың төлеңбегін сұратып, өндіріске енгізіп жатыр. Қазақстан шетелге өтіп кеткен арам ақшаға онша мұқтаж емес, онсыз да қаржы көздері өзімізде жетерлік. Ал, арам ақшаны заңдастыру мәселесі тегіннен тегін шығып отырған жоқ, шетелдік қаржы институттарының қысымынан да болуы мүмкін. Мысалы, мен атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, шетелдерде елімізден ақша қымқырып, қашып жүрген қазақстандық қашқындарды көп кездестірдім. Сол қашып жүргендердің көбісі математиктер. Тарихқа жүгінсек, XVIII ғасырда әлемдік математика тұғырына француздар ие бола бастады. Өйткені, осы кезде үкімет басына Наполеон келді. Ол соғыс өнері мен математиканы жақсы көрген еді. Және сол кездегі Франциядағы билік басында математиктер көптеп тартылды. Сол үрдіс Қазақстанда да бар. Қазіргі министрлердің көбісі математиктер. Мысалы, мен Қаз МҰУ-де жұмыс істеп жүргенімде комсомол ұйымының хатшысы болдым. Менің қарамағымдағы он жігіттің менен басқасының бәрі министр, министрдің орынбасары, банк басшылары, үлкен зауыттың директорлары болып кетті. Кейіннен менің орынбасарым болған математиктердің ішінен де екі министр, үш вице-министр шықты. Солардың көбісі әлгіндей қылмыстық ақшаларды қапшығымен арқалап, шетелге қашып кетті. Мен олардың ешқайсысын да ұры деп айыптамаймын. Олар ешқандай заңды бұзған жоқ. Керісінше, заңымыздың өзі пысықтарға, іскерлерге жағдай туғызатындай солқылдақ, қарабайыр жазылған болса, оған олар кінәлі емес. Ақымақты алдау – тіршіліктің ажырамас тәсілі. Ақымақты алдағандар өзін кінәлімін деп есептемейді. Мысалы, математиктер ақшалы жердің опырып кететін осал тұстарын әрдайым біліп отырады. Сондықтан, шетелге өтіп кеткен арам капиталды заңдастыру ерте ме, кеш пе бәрібір қажет. Осы орайда Үкіметтің атына да біраз сын айтуға болады. Оның бітірген бар шаруасы — тек ата-бабамыздың барлық байлығын бытырлатып сату болды.
Егер, күндердің күнінде Үкіметтің осы жылдарғы жұмысына сараптау жүргізілсе, олар шикізат сатудың жоспарын 200 пайызға орындағанына көзіміз жетер еді. Ал, басқа елдердей мидың жемісін, ақыл, озық технология сату әзірге бізге бұйырмай тұр. Дүниежүзінде екі байлық бар: біріншісі – пайдалы қазбалар, екіншісі – ақылдың байлығы. Шикізат емес, ақылдың байлығын сататын заман туды. Жер байлығы бір күні таусылады. Мысалы, Сауд Арабиясының мұнайы 200 жылдан кейін, Біріккен Араб Әмірлігінің мұнайы 20 жыл өткесін, Қазақстанның мұнайы 100 жылдан кейін таусылады деп есептелінуде. Кейбіреулер Кувейт тек мұнай сатумен айналысады деп ойлауы мүмкін. Ал, негізінде, олардың ұлттық байлығының тек 20 пайызы мұнайдан, ал қалған 80 пайызы банктерден, инвестициядан, т.б. түседі. Бұдан шығатын қорытынды, ең әуелі Кувейт сұлтаны сияқты ақылды болу керек. Ел басқарып отырған қазіргі сұлтан өз халқына: «Мұнай мен газ, жалпы, жер асты байлықтары бұл Алладан қалған қазына, бұған біздің ешқандай қатысымыз жоқ, ал егер қатысымыз болуы үшін оған озық технология енгізіп, барынша үнемдеп, халықтың талшығына айналдыра алсақ қана ол біздің игілігіміз бола алады», — деген. Бұл бүгінгі Қазақстанға да сабақ боларлық тәжірибе.
– Асқар Серқұлұлы, біраздан бері итіс-тартыс болып келе жатқан Жер мәселесіне соңғы нүкте қойылды. Депутатттар көпшілік дауыспен қолдап, Жер сатылатын болды. Осы шараға наразы болған тоғыз адам Алматы көшелерінде аштық жариялап әлі жатыр. Билік күшейтпесе, дүдәмал тұстары көп жаңа салық заңы да қабылданып кетуі мүмкін. Сіз бірталай әлемдік абыройлы стипендияларды, сыйлықтарды қанжығаңызға байладыңыз. Өзіңіз салық төлейсіз бе, және осы салық мәселесі шетелдерде қалай жүргізіледі?
– Жер сату дегеннен шығады. Мен біршама уақыт Мексикада болдым. Сонда байырғы мексикандықтар американдықтарға былай деп өкпелейді: Осыдан 500 жыл бұрын 400 испандық келді де, 10 миллионға тарта біздің бабаларымызды алдап, жерімізді басып алды».., Ал егер бабалары ақымақ болса, кім жауапты? Сол испандықтар жергілікті тұрғындарға айнаның сынығын, арзан моншақ, арақ беріп, жерлерін сатып ала берген. Испандықтар жергілікті аборигендердің ақымақ екенін білген де ойларына келгенін істеген. Осы жер сату мәселесінде талай халықтар бармағын тістеп қалған жағдайлар аз емес. Жер түптің-түбінде нарықтық қатынасқа түсетіні анық. Ал, оны сатуға әбден ойланып барып кіріскен дұрыс. Аштық жариялаумен ештеңе шешілмейді. Жер астындағы қазба байлықтар да таусылар, Жер де сатылып бітер, содан кейін не боларымызды ойлаған адам бар ма?
Мысалы, сөз арасында айта кетейік, Индияда екі үлкен мамандық бар: біреуі – компьютер, екіншісі – математика. Компьютер программаларының сексен пайызы Үндістанда жасалады. Колифорния штатындағы (АҚШ) компьютер жасайтын орталық мамандарының тағы да сексен пайызы индиялықтар. Бүкіл дүниежүзіндегі компьютер саласын үнділіктер басып алған. Ендеше, біз де қолымыздағы жылтырағанды сата бермей, онан да бір саланы меншіктеп алып, оны әлемдік деңгейге көтергенде ғана көшке ілесе аламыз. Ал, салық мәселесіне келсек, мен де салық төлеймін, бірақ Қазақстанға емес. Неге? Өйткені, менің бүгінгі күні өмір сүріп отырған қаржыларым – шетелдің гранттары, солардың ақшасы. Еуропа мен Америка аман болса, менің де жағдайым жаман бола қоймас. Әр елдің өзінің салты бар, заңы бар. Егер маған Қазақстан жеткілікті қаржы берсе, мен сол қаржының бәрін осы жерге қалдырам. Ал, шетелдіктер саған ақша бере отырып, әуелі өздерінің жағдайын ойлайды. Саған сол қаржы берген фирма немесе компания өз компьютерлерін сатады, өздерінің қонақ үйлерін ұсынады, өздерінің ұшақтарымен ұшып-қонуды міндеттейді. Өйткені, ақша берген ел және сол елдің компаниялары сені тыпыр еткізбейтіндей етіп, өздеріне тәуелді қылып қоюдың осындай жолдарын тапқан. Ақылды елдердің бұл әрекетін құптамасқа болмайды. Олардың басты тенденциясы мынау: «Бүкіл дүниежүзін бақылау мүмкін емес, одан да «өз қотырыңды өзің қасып», өзіңді толық қамтамасыз ет», — дегенге саяды. Мысалы, Швеция маған грантын бере отырып, сол қаржының 37 пайызын салық ретінде ұстап қалады. Менің оған келіспейтін жағдайым жоқ. Әйтеуір, ақшасын жеткілікті қылып беріп жатыр ғой. Бұл екі жаққа да тиімді. Бір қызығы, қай елдің грантын алсаң да міндетті түрде ғылыми басшың сол елдің азаматы болуы керек. Сен тек орындаушының ғана рөлін атқарасың. Бірақ, құдайға шүкір, мен Жапонияның, Германияның, АҚШ-тың, Швецияның грантын алсам да, менің ғылыми жетекшілерім менің мықты екенімді айтпай-ақ ұғады, мойындайды. Дүниедегі ең қастерлі зат – адамның аты. Менің аты-жөнім жазылған ғылыми еңбектің жерде қалғаны жоқ. Мысалы, біреуге мен кепілдеме берсем, сол адам шетелдік оқуларға сөзсіз қабылданады, өйткені, өз елімде онша танымал болмасам да, шетелдік ғылыми орта менімен амалсыз санасады. Сондықтан, мен көрінгенге кепілдеме бермеймін. Өйткені, өз атыма нұқсан келуі мүмкін ғой, мен өз құнымды білемін, өз атымды құрметтеймін.
– Сіз дүниеге келген Шиеліде 4 рет Сиам егіздері туғаны тіркеліпті. Атырауда 9 жасар бала 90 жасқа қартайғанын естіген шығарсыз. Осы біздің экологиялық сауатымыз қаншалықта деңгейде?
– Экологиялық дерттен шетелдер құлан-таза деп кім айтты? Бізде өзін-өзі жамандау, жерге тығу белең алып тұр. Мысалы, мен өзім тұрақты, жұмыс істеген Англия, Швеция, Германия елдерінде де мүгедектер жетіп-артылады. Ол елдерде Сиам егіздері сияқтылардың небір атасы туып жатыр. Біздің журналистер жарымжан сәбилерді сенсация, дақпырт, құбыжық қылып әйгілегені сондай, газеттер әлдене рет жазды, теледидар бірнеше мәрте көрсетті. Мен де осы көріністі теледидардан отбасыммен көріп отырғанмын, әлгі жабысқан шараналардан балаларым қорқып, басқа бөлмеге қашып кетті. Өркениетті елдерде әлгіндей «солақай жаратылыстарды» теледидардан қайталап көрсету олардың ата-аналарын, әулетін қорлау болып есептеліп, журналистер немесе тұтас телеарналар жауапқа тартылып жатады. Шиелі топырағында мен ғана емес әлемге әйгілі Ыбырай Жақаев сынды тұлғалар дүниеге келген. Осындай қасиетті өңірді «Экологиялық апатты аймақ» немесе «Қарғыс тиген жер» деп әлемге айбарақ қылу кімге абырой әперер дейсің. Кешегі қыруар қаржы құйылған «Арал қорлары» қайда? Қорыта айтқанда, құр байбаламнан бұл өлкеге келіп-кетер ештеңе жоқ.
– Байқоңыр ғарыш айлағы туралы не айтасыз?
– Байқоңыр – бұл дүниеде теңдесі жоқ ғылыми кешен. Бір өкініштісі, осы алып айлақтағы Қазақстанның үлесі жоққа жақын. Егер осы космодром Өзбекстанда болса, не істер еді? Орыстар қазір осы орталықта білгендерін жасауда. Ғарыш кемесінің бір тетігі Қазақстанда жасалса, оны қазақ ғалымы ойлап тапса, жағдай дәл осындай болмас еді. Біз қазір пәтерді жалға беріп, одан түскен нәпақаны малданып отырған адамға көбірек ұқсаймыз. Егер ақиқатына келсек, коммерциялық ұшулардан түсетін миллиардтардың жартысы бізде қалуы керек. Ғарыш кемелерінің барлық бөлшектері Челябинскіде жасалады да, сол жақтан тасып әкелініп Байқоңырда құрастырылады. Мұнда дүниежүзінде теңдесі жоқ супер технологиялар жетерлік. Ең болмаса, біз соларды жарым-жартылай игеріп, әлгі баға жетпес алып кешенді өз иелігімізге алсақ та жаман болмас еді. Біз тек ғарышқа ұшуға қызығамыз. Екі адамның бірін ғарышкер қылуға болады, мәселе корабльдің технологиясын жасауда болып тұр ғой. Бір күндері ғарышкер дегеніңіз қазіргі жүргізушілер сияқты қатардағы мамандық болып қалатыны шындық.
– Қазір елімізде ғылыми атаққа деген өлермендік шын ғалымдарды шетке қағу былай тұрсын, ауру қылып, тұншықтыруға айналды. Лауазымды шенеуніктер басқосуларда бір-бірін ғылыми атақпен марапаттайтын дертке шалдықтық. Сіз шын ғалым ретінде осы белең алып бара жатқан жағымсыз үрдіске қалай қарайсыз?
– Бұл өте теріс ағым. Ғылыммен шұғылданғандар жақсы біледі, әуелі ол 10 жыл бойы материал жинайды, содан кейін 2-3 жыл оны біріктіріп, сараптайды. Мысалы, мен докторлықты екі жыл жүріп, әрең бастадым. Қазіргі компьютердің кезеңінде бұған жарты жыл кететін еді. Маған түсініксіз бір жағдай мынау: шенеунік бір орынға тағайындалысымен көп ұзамай қорғайды. Сонда ол мемлекеттік шаруамен айналыса ма, ғылыммен айналыса ма? Ғылым дегеніңіз ойыншық емес, инемен құдық қазғандай нәрсе ғой. Әлгі шенеуніктердің барлығы басшылық пен ғылымды қатар ұстап, екеуіне де айтарлықтай із қалдырған ортағасырлық энциклопедист ғұламалар емес шығар. Шындығына келсек, осы шенеуніктер мемлекеттік қызметті де дұрыс атқармайды және олар жасаған ғылым ғылым емес, ең сорақысы өздері бетін ашпай-ақ біреулер жазып, хатшы қыздары басып береді. Өті жарылып кетсе де шындығын айтсақ, ғылымның қадірін кетіріп жүргендер осылар. Сіз соңғы кезде ғылым докторлары көбейіп кетті дейсіз. Көбейгеннің барлығы саясаттану, пәлсапа, педагогика, т.б. Ал математика ғалымдарының көбейгенін көргенім жоқ. Мысалы, алгебра саласынан Қазақстанда екі-ақ доктормыз, ал геометриядан әлі бір де бір доктор жоқ. Ғылыми атақ беретін аттестациялық комиссияның өзі тұнған бюрократия. Кішкене нәрсе үшін топан қағаз толтыруың керек. Ал шетелде бір сәттің ішінде бүкіл шаруаңды шешіп шығасың. Оларда бүгін кел, ертең кел деп созбаққа салу атымен болмайды. Қысқасы, шынайы ғылымға Үкіметтің, халықтың көзқарасы дұрыс болғанда ғана мемлекет өркендейді.
– Рас, талант дүниежүзіне ортақ игілік десек те, өзекті жан өз топырағына тартпай тұрмайды. Елдің атын ер шығарады. Осы орайда сіз Нобель сыйлығы болмағанмен осыған шендес математика саласындағы халықаралық Фильдс сыйлығын алуға ұмтылған кезіңіз болды ма?
– Нобельдің өзінің өсиеті бойынша бұл сыйлық математиктерге берілмейді. Осы Нобель сыйлығымен пара-пар математиктер үшін Фильдс сыйлығы бар. Бірақ бұл сыйлық тек 40 жасқа дейін беріледі. Біріншіден, менің жасым асып кетті, екіншіден, мен ешқашан сыйлық алуға ұмтылған да, өз-өзімді ұсынған да емеспін. Қазақстанда Мемлекеттік сыйлыққа өзін-өзі ұсынып, баспасөзге түрлі мақалалар ұйымдастырып, беделді адамдарды араластырып, алашапқын жасаушы еді ғой. Маған Нобель сыйлығына ұсынылудың әдісі ұнайды. Әлемде осы сыйлықтың кімге берілуін шешетін әр мемлекетте ақылды 40 адам бар. Олардың есімдері де жасырын ұсталады. Талапкердің ғылыми жұмысы осы 40 адамға көбейтіліп таратып беріледі де, солардың дегендері болады. Ешқандай алыс-жұлыс, ағайыншылық дегендеріңіздің бұл жерде иісі жоқ. Жалпы, қазақ – дарынды халық. Кім біледі, қос сыйлықты қосақтайтын ұлдар өсіп жатқан шығар…
-Сіз көшпенділер ұрпағысыз, әлі көшіп жүрсіз. Осы тынымсыз сапарлардан отбасыңыз шаршаған жоқ па?
– Мен шетелге шыққанда қойнымда елімнің кішкене жалауы жүреді. Жөн сұраған жандарға әлгі жалауды көрсетемін, қазақпын деймін, Президентім Н. Назарбаев деймін де тарта берем. Көпшілік мемлекеттер халықтары қазақтарды біле бермейді. Сондай кезде: «Мен көшпенді математикпін, Шыңғысханның ұрпағымын» десем, күлімдеп қоя береді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін өздерінен кем білмеймін, швед, француз, түрікше біршама үйреніп қалдым. Неге екенін білмеймін, Қазақстанға келсем, дүние тарылып жүре береді. Еңбегіңді бағаламау, алалау, т.б. Қазір маған бәрібір. Қай мемлекет шақырса да, шабаданыма Абайдың өлеңдерін, Е. Белғозиев, Б.Шадаева, Б. Тілеухандардың ән таспаларын салып аламын да сапарға шығам. Осы сапарларда байқағаным, шетелдіктер біздегі территорияның кеңдігіне, көз жетпейтін сайын далаға қатты қызығады. Өйткені, Еуропа тарылып барады ғой. Түрлі мемлекеттерден қазақтың халық әндерінің таспаларын іздедім. Англиядан, Мексикадан, Токиодан таппадым. Әзірбайжан, Сыған, Өзбек, ең арғысы кішкене Тува халқының да ән таспалары көптеп кездеседі. Ақыры, Жапонияның Саппаро қаласынан бір ән таспасын таптым. Моңғолиядан шыққан әлгі таспадағы 18 әннің 16-сы қазақша екен. Жапонша оқысам, әлгі таспадағы бір ән «Маңмаңгер» сияқты болып көрінді. Сонымен, қазақтың 16 әнін тауып, олжалы оралдым, бірақ таспаға моңғол әндері деп жазылыпты. Ақыры, үлкен қызым өзін, елін, халқының әндерін таныстырып, швед теледидарынан 20 минут сөйледі. Осыған қарап отырып, маған мынадай ой келді: «Талай әншілеріміз түрлі халықаралық конкурстардың жүлдесін жеңіп алды, талай оркестрлеріміз шетелдерде өнер көрсетіп қайтты, бірақ әлем халықтары әндерінің каталогында біздің бір де бір әніміздің жоқтығы қалай?!».
Жарнама деген бір құдіретті дүние, осының барлығы жарнаманың нашарлығынан. Енді отбасымды Алматыда қалдырып, шетелге өзім шығатын болдым. Мысалы, менде қазір Швецияның гранты бар, жалпы грант менде жетерлік. Өкінішке орай, сол гранттарды пайдаланатын қабілетті жастар табылмай, босқа күйіп кетеді. Біздің жастардың көбісі математик емес, заңгер, банкир, экономист болғысы келеді. Егерде мен бір дарынды студент тапсам, соның шетелдегі оқу шығынын, жатар орны мен ішер тамағын, тіпті өзіне жетерліктей жалақы да төлеймін. Оны өз қалтамнан бермеймін, әлгі гранттардан бөлемін. Мен ылғи басты жоспарларды біреудің қаржысымен іске асырамын. Өйткені, менде одан басқа байлық жоқ. Жалпы, қазіргі қоғамда баспен жұмыс істеген адамның кедейшілік күй кешуі мүмкін емес. Енді мен Алматыдағы Сүлейман Демирель қазақ-түрік университетіне ұзақ аялдайтын шығармын. Өйткені, осы оқу орнынан екі талантты студент таптым. Оның үстіне, түріктер тамаша менеджерлер екен. Ақшамен, барлық тұрмыстық жағдайлармен, бай кітапханамен қамтамасыз етіп тастады. Жанға жайлы атшаптырым жұмыс бөлмесін, ректордың орынбасары деген қызмет те беріп қойды. «Проректор Асқар Жұмаділдаев» деген қоңырайған аты болмаса, мен бұл жұмыстың маңынан жүрген емеспін, таза ғылыммен шұғылданудамын. Менің аңсап жүргенім осындай еркіндік қой.
—Оппозицияға қалай қарайсыз?
– Мұндай топтар барлық мемлекетте де бар және өткен замандарда да болған. Мен оппозициядағы бірталай жігіттерді білем. Бәрі де сауатты, елінің ертеңіне алаңдап, жандары ауыратын азаматтар.
Сұхбатты жүргізген: Жұмабай ҚҰЛИЕВ
«Жетісу» газеті, cенбі, 2 желтоқсан, 2000 жыл