Олжас жайлы, үштаған жайлы мақалалары маған үлкен ой салды

Мен МГУ-ді 1980 жылы бітірдім. Алтынбек менен алты жас кіші. Ол МГУ-ге мен аспирантураны бітіргеннен кейін түсті. Сол себепті Алтынбектің Мәскеуде жүргенін көре алмадым. Бірақ МГУ-ліктер бірін-бірі білмейтіндей көп емес. “Қошқар болар тоқтының маңдай жері дөң келер” дегендей, Алтынбек жастайынан ісімен де, сөзімен де белгілі бола бастады. Алматыда араласып-құраласып жүрдік. Ойымыз да, арманымыз да бір болды, Алтынбек үлкен саясаткерге, қоғам қайраткеріне айналды. Мен тілеулесі болдым.

Саясат Саин көшесі сықылды. Саясат – математика емес. Онда “екі жерде екі” деген тәрізді қағида жоқ. Кеңестік дәуірге түгелдей күл шашқым келмейді. Ол да бір дәурен еді. Ол да бір заман еді. Атам Жұмаділдә 30-жылдары қуғын мен аласапыраннан қашып кетіп, аман құтылған екен. Ал Кеңес өкіметі маған Мәскеуде оқуға мүмкіндік берді. Ғылым қудым. Саясатпен де араласып көрдім. Қазақстан тәуелсіздік алар кезеңде, қайта құру саясаты жүрген кезде жастар арасында үлкен эйфория пайда болды. Ағалардың теріс жолға бастағанын байқадық. Өмір бойы Маркс-Ленин-Сталин деп нан тауып, атқа мініп, өздерін адам қылған партиядан бірден теріс айналған ағаларымыздың ісіне қайран қалдық. Ең болмағанда өзі су ішкен құдыққа түкірмеуі керек еді. Біз де бір сөз айтсақ, дұрыс іске бастасақ, бос қиялға, бос елеске далақтамай, болатын тірлік жасасақ, өтірікті азырақ айтсақ, жұрт бағытын шындық жағына, прагматизм жағына бұрсақ, халқымызға біздің де пайдамыз тисе деген ой туды. Тоқсаныншы жылдары мен депутаттыққа сайландым. Елімізді шын егемен қылсақ, халыққа қызмет етсек деген арман болды. Сол кездері Алтынбекпен біраз араласып тұрдым.

Алматыдағы Жоғарғы Кеңес ғимаратына (қазір Қазақ-Британ университеті орналасқан ғимарат) Жоғарғы Кеңес те, Министрлер кабинеті де сыйып тұрды. Алтынбек, қателеспесем, Министрлер кабинетінде бір бөлім бастығы болды. Түс кезінде жиі барып тұратын екі адамым бар еді. Бірі – Қырымбек, бірі Алтынбек болатын.

Адамның шын қасиетін, нақ бетпердесін білгің келсе, оны үлкен лауазымды қызметке тағайында. Министр қыл, әкім қыл. Бастық болысымен әкесін танымай кеткендердің талайын көрдік. Түйсігі де, іскерлігі де атқосшылық деңгейден аса алмаған адамдардың өкімет басында әлі де жүргені өкіншіті-ақ.

Алтынбек үлкен-үлкен өкімет орындарында біраз қызмет атқарды. Қайда жүрсе де абыройлы болды. “Ұлық болсаң – кішік бол” деген қағиданы берік ұстанды. Анда-санда маған да телефон соғып тұрушы еді. Табақтас болдым деп өтірік айта алмаймын. Бірақ менің жалпы той-томалаққа бармайтынымды, Алтынбектің де уақытын бос өткізгізі келмейтін қасиетін ескерсек, бұл кездесулеріміз маңыздылығы, пайдалылығы жағынан аз болды деп айта алмаспын. “Жас Алашқа” шыққан мақалаларыма, теледидарда берген сұқбаттарыма байланысты пікірлерін айтып тұрушы еді. Оның Олжас  жайлы, үштаған жайлы жазған мақалалары маған да үлкен ой салды. Жанып тұрған от еді. Парасатты да ақылды жігіт еді…

1995 жылы Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін мен үшін саясаттың өгей кәсіп екенін түсіндім. Америкадан, Еуропадан тәуір-тәуір университеттерден шақырулар келе бастады. Жұртты түзеймін деп жүргенім бос әурешілік екенін өзім де сезе бастадым. Қазақстанда саясаттың жалғыз гросмейстері бар екенін, қалғандарымыз көп болса екінші разряд деңгейінде ғана қалатынымызды байқағандай болдым. Одан гөрі ата кәсіп – математикаға оралайын деген ой келді. Германияның әйгілі Гумбольд қоры ғылым жасау үшін арнайы стипендия бөліп отырғанда, бұдан бас тартуым ақымақтық болар деген шешімге келдім. Бала-шағамды алып, Мюнхенге тарттым. Сонда бір жарым жылдай бақытты өмір кештік. Гумбольд стипендиясы менің ғылыми карьерамның өсуіне үлкен септігін тигізді. Мюнхен кейін, Кэмбридж, Стокгольм, Париж, Торонто, Триест сықылды қалалармен жалғасты. Еуропаның талай университеттерін армансыз араладым. Осындай өмір он жылдай жалғасты. Ғылым саясатты ұмыттырғандай болды. Бірақ, саясат мені ұмытпағанын байқадым.

Алматыға келгеннен кейін ана партия, мына партия өз қатарларына шақыра бастады. Алматыдан шыға алмауымның тағы бір себебі болды. Ол жеке басыма байланысты еді. Жұбайым Құралай ауруға шалдықты. Ұзақ ауырды. Бұрынғыдай шетелге еркін кете беруге мүмкіншілік болмады. Кейін қайтыс болғанда комсомолда, ғылымдар мекемесінде, Жоғарғы кеңесте үзеңгілес болған, маған деген көзқарасы дұрыс-ау деген азаматтарға арнайы телефон соқтым. Біреуі келіп көңіл айтпады, біреуі телефон соқпады, біреуі жеделхат жібермеді. Астанадан бір үлкен бастық телефон шалды, бірақ менімен сөйлескен жоқ. Хабар берілмесе де Мәскеуден телефон соғып, кейін арнайы келіп көңіл айтқан жалғыз адам болды. Ол Алтынбек Сәрсенбайұлы еді. Бұл менің есімде қалды.

“Ақ жолға” көзқарасым бұрыннан дұрыс еді. Себебі басшыларының негізі біз қатарлас Мәскеуде оқыған жігіттер болатын. Саясатты суқаным сүймесе де, Алтынбек арнайы келіп партияға қолдау жаса дегесін келісімімді бердім. Бауырымды шын қолдағым келді, мерейінің биік болуын, ниетінің орындалуын шын көңіліммен қаладым. Қазақстанда не көп, партия көп. Сөздері де, бағдарламалары да бірдей көрінеді. Саясаттың кәсіби майталмандары үшін сөз бен бағдарламада айырмашылықтар бар шығар, бірақ мен сықылды қарапайым азаматтар үшін партия ең алдымен – адам. Соның құрамындағы белгілі мүше. Сөзі мен ісінде сүйкімі бар азамат. Мен үшін “Ақ жол” Алтынбек болып көрінді.

Заманбектің жаназасында Алтынбек айтқан бір сөз есімде қалыпты. “Батыр бір оқтық деуші еді, Зәкеңе үш оқ дарыпты”, — деді Алтынбек. Ал өзі серіктерімен бірге, үш адам болып оққа ұшты. Қазақстан тарихының тағы бір беті ашылды. Бұл бет немен жалғасар екен? Алтынбек аман болса, президент болып сайланар еді. Елді әділ басқарар еді. Амал нешік, сұм саясат Алтынбекті арамызда қалдырмады. “Топырағы торқа болсын, еліміз аман болсын, қазақтың мәртебесі биік болсын” дегеннен басқа тілек жоқ.

“Жас алаш” газеті. №73. 12 қыркүйек 2006