«Мен математиканы 3-ке ғана білемін»

Математик Асқар Жұмаділдаев қызық адам. Ол жақында Рамазан Стамғазиевтің тамаша әнші, Секен Тұрысбековтің керемет күйші екеніне көзі жетіп, өзіне «жаңалық ашыпты». Қызба мінезді ғалым кез келген тақырыпта қызық әңгіме айтудың аса майталман шебері. Поэзия туралы, музыка жайлы, жазушылар жөнінде сөйлеп отырады да, кірістірмесе сөзінің дәмі келмейтіндей, міндетті түрде әңгімеге математиканы араластырады. Музыка деген математика, шабыт деген математика, керек десеңіз рух та математика. Қалайша? Оған Асқардың айтатын өз дәлелі, қайтарар өз уәжі бар. Айтпақшы, қазақтың мінезі мен қылығын да көп қосақтайды әңгімесіне. «Біздің қазақ…» Ғылымның Абайы сияқты. Ешқандай абстракциясыз, романтикасыз мәселеге нақты қарайтын салқынқанды көзқарас иесі. Асқардың әңгімелерін тыңдай жүріп ұққаным қазақтың көпірген көбік, көк езу сөзі көп. Одан да іс жаса, «қазақ жалқау», «қазақтың қолынан келмейді» деп жылай бергенше, сол қазаққа пайдалы бір іс қыл.

Жұмаділдаевтың қызық адам болатын себебі, оның пікірі, ойы тосын. Бірде оның «қазақ тілі бай, қоры көп деп мақтанамыз. Тіл неғұрлым бай болған сайын, оны компьютерге енгізу соғұрлым қиын екен. Жұмыс істеу мүмкін емес. Бір сөздің он, тіпті одан да көп балама мағынасы бар. Компьютер қанша мықты болса да, енгізуге ауырлық етеді» дегені бар. Соңғы жылдары көбінесе сыртта, Еуропа елдерінде ғылыммен шұғылданып жүргендіктен, ол кісінің мұндағы компьютерлік жүйеге көңілі толмайды. Біз біле бермейміз, іргедегі Қытай MICROSOFT WINDOWS бағдарламаларымен жұмыс істеуден бас тартып жатқан көрінеді. Себебі, аталмыш бағдарлама ескірген, басқаша айтқанда бұлар компьютердің наркотигі. 70 пайыз Қазақстан халқы дәл қазір осы наркотикке есін алдырып отыр. Дамыған елдер әлдеқашан бас тартыпты.

 Асқар ғылым туралы сағаттап сөйлеуге бар, сен де тапжылмайсың, өзі де талмайды. Сол әңгіменің өзегінде ғылымға деген шексіз сүйіспеншілік жатады. Өмірінің баламасындай ғылымды өзінің баласынан кем көрмейді. Сөзінің басын «Ғылым – адал кәсіп, ең бір таза кәсіп» деп бастайтын ғалымның өз бойынан да адамдық бір адалдықты да аңғару аса қиын емес. Ғылымды соншама сүйгендіктен де, еңбекқорлығынан да болар, сол кездің өлшемімен алып қарағанда, ол бүкіл ғылыми атағын жастай алып үлгерді. Сол бас айналдыратын атақ-даңққа жас күнінде албырт сезім билеп қуанған да, мақтанып, іштей болса да масаттанған болар, ол жағын біз білмейміз, білетініміз – Жұмаділдаевтың мектептің математика пәнінің мұғалімі секілді өте қарапайым жүретіндігі. Қарапайымдылығы сондай, кабиетіне барсаң қолы білезігіне дейін бор-бор болып, крөшкісіне қап-қара етіп «Липтон» шайын шығарып ішіп отырады… Кедей емес, ылғи шетелдің ақшасын алып, шетелде жүреді. Шетелдің үйіп-төгіп берген атағы қанша? Бор демекші, ғылымдағы девальвация, профонация деген мәселені көтеріп, жан даусы шыға айғайлап, аттан сап, шырылдап жүр. Кандидаттық қорғап, бір жылдан кейін докторлық қорғап үлгеретіндердің, қай жерде жүріп ғылыммен шұғылданатындарына таң қалатын ғалым ғылымның сапасы үшін жаны ауырады. «Ғалым деген кім? Ғалымның оқушысы болу керек, қолына бор ұстауы керек, қорғап жатқандардың қайсысы студенттердің алдында дәріс оқыпты? Қайсысы бор ұстап, қолын, үстіндегі костюмін былғапты?» дейді қызбаланған ғалым екі көзін шақырайтып. Үндей алмайсың. Себебі, қазір жоғары оқу орындарында мамандардың, нағыз ғалымдардың жетпей отырғаны шындық. Қазір бастықтың есігін ашып-жабатын оққағарына дейін ғылыми атақ ала алатын мүмкіндік туып отырғанын ешнәрсемен де жасырып-жаба алмаймыз. Біз түгілі, күллі Кеңес Одағының ең мықты ғалымдарын даярлап шығарған Ресейдің өзін девальвация жайлаған. Ғылыми басылымдарда олардың бірде-бір ғылыми мақаласы жарық көрмеген. Ал Асқар Жұмаділдаевтың осыдан бес жыл бұрын жазылған «Төрткен» деген еңбегі Американың «Коммуникэйшн алгебра» деген ғылыми журналда үш жылдан кейін енді жарияланып отыр. Ғылым деген – асықпай, жайбарақат, түбіне дейін зерттеліп барып жасалатын нәрсе. Асығыстықты, даңғазалықты қажет етпейді. Ғылым – ешқандай идеологияға мойынсұнбайтын адал да, парасатты кәсіп. Түптеп келгенде бүкіл әлем Қазақстанды алатын-беретін шикізат елі есебінде ғана біледі. Қазақта бай көп, бірақ ғылыммен, ақылмен байыған ешкім жоқ. Байлықтың екі түрі бар, бірі – пайдалы қазба, екіншісі – мидағы қазына. Жердің қазбасы бір күні болмаса бір күні таусылады, ал мидағы қазба оқыған сайын көбеймесе, ешқашан таусылмайды. Біздегі жас байлар ғылыми жаңалық ашып, соны өндіріске енгізген жоқ, технология жасап, содан пайда түсірген жоқ. Бүгін бар, ертең жоқ байлыққа несіне малданып жүр?

Ілгеріректе Асқардың осы бір мәселеге қабырғасы ауырып, қатты қынжылғаны есімде. «Сен осыны жазшы» десе де, ол кезде материал көлемі көтермеп еді. Айтудың реті енді келді. Асқар – өнер адамы секілді, шекара білмейтін ғылым адамы. Әр елдің ең мықты адамы Асқардың досы, құрмет тұтатын азаматы. Өйткені өз ісінің кәсіби маманы кез келген нәрседен кәсібилікті іздейді де, кәсіби деген мәселені алдыңғы орынға қояды. Адамгершілігі төмен болса, бола берсін мейлі, кісілік қасиеттен де ада болсын– бірақ өз ісінің шебері болсын. Жұмаділдаев осындай профессионалдарды құрметтейді. Оның ішіне сыймай, реніш білдіргені – Алматыдағы атақты математик Софья Ковалевская атындағы көшенің Нұрғиса Тілендиев атына ауыстырылуына байланысты еді. Нұрағаң да өз ісінің майталманы. Асқар тірісінде аса қатты қадірлеген композитор ағасының адресіне бір ауыз бөгде сөз айтпайды, қайтыс болған қадірменді ағаның соңында қалған тірілердің ешнәрсемен ақтаумен келмейтін іс жасап отырғанына қарны ашады. Қазақ жерінде көп нәрсе жалаң жасалатыны, айқаймен, ұранмен өзгеріске түсіп жататыны өтірік емес. Алматы көшесінің біріне, солтүстік аудандардың біріне қазақтың атын берсе, патриоттық іс жасадық деп ойлайды. Сөйтсе бұл Жұмаділдаевтың бойында ыңғайсыздық сезімін тудырып, қолайсыз күйге түсіреді екен. Сол Софья Ковалевскаяның атын өзгерткенде, бүкіл Швеция, белгілі математикатер қатты ренжіпті. Софья – швед те емес, орыс. Бүкіл Алматыдағы математик атындағы жалғыз көше болатын. Софья деген кім? Біріншіден, ол – әйел, содан соң – патшадан қысым көрген адам, ең ақырында – бүкіл әлемдегі ең мықты математикатердің бірі. Өткен жылы Ковалевскаяның 150 жылдығы болғанда, Стокгольмде оған арнайы мектеп ашылды, оның атына көше, алаң берілді. Ал біз жалғыз көшені тартып алдық. Ол Париждің алты алтын медалін алған, өткен жылы Германияда жас ғалымдар үшін 1000000 маркадан тұратын Софьяның атындағы арнайы сыйлық тағайындалды. Себебі барлық жас ғалымның басында бір-ақ мәселе бар – тіршілік-тұрмыс ауыртпалығы. Сыйлықтың тағайындалудағы мақсаты – жас ғалымдардың ғылыммен шұғылдануға мүмкіндігі болсын, тәуір өмір көрсін, ғылымның қуатын сезінсін дегені. Немістің өзінде де мықты ғалымдары бар. Бірақ неге С.Ковалевскаяның атына береді, өйткені ол – ұлы ғалым.

Біраз уақыт Асқар Кембриджде жұмыс істеп келді. Сонда ол «Кембриджде Ньютон да оқып, жұмыс істеп еді, атында көше бар ма?» деп іздепті, таппапты – жоқ. «Сендер ұлы Ньютонның атына неге көше бермейсіңдер?» Сондағы жауап: «Сэр Ньютонға ешқандай даңғазалықтың, жарнаманың қажеті жоқ. Егер басқа елдерде Ньютонның атына көше берілсе, ол сол жердегі тұрғындардың зиялылығын, білгендігін көрсетеді. Ковалевскаяның атына Германия көше беріп, мектеп, алаң сыйлап, сыйлық тағайындап отырса, демек ол елдің парасатты, білікті екенін білдіреді. «Біздің қаламыздағы көшенің атының ауыстырылуы мен үшін өте ауыр. Алматыда көше құрып қалған жоқ қой. Нұрағаң барахолкаға апаратын сол бір жалғызаяқ соқпаққа қарап қалған жоқ. Фурманов көшесін берсе де, артық етпес еді. Сонда К.Байсейітова, М.Төлебаев, И.Тілендиев – үш өнер адамы әдемі жарасып, өздерінше ансамбль құрып, кең көсіліп жатар еді. Әл-Фараби «қаланың екі түрі болады: бірі – зиялылар қаласы, бірі – надандар қаласы» деген. Демек, С.Ковалевскаяның атында көше бар болса, бұл біздің қаламыздың қандай екенін көрсетер еді».

 Асқар қоғамдағы қызықты тұлғалардың бірі. Билікке шақырса, барғысы келмейді, оған оның түкке де қажеті жоқ. Математиканың бүгінгі мықтысы басқа біреуге айналып шыға келермін деп қауіптенетін де шығар. Арман-аңсарына айнала бастаған «Қазақтың баласы математиканы меңгеріп, техникаға мойын бұрып, бос сөзді қойып, жастайынан нақты іс жасауды үйренсе» деген ойын қоғамның өзі де қуаттап келе жатқан сияқты. Оның үстіне математиктің кеудесін үнемі шабыт қысып, әсем бір ғажайып күй ойнап жүретін көрінеді…

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

«Жас Алаш». №95. 10 тамыз 2002