– Қазақ ғылымы дөңгелегінің айналысын тежеп отырған не нәрсе?
– Бұл – үлкен мәселе. Ғылым шама-шарқынша дамып жатыр. Бірақ сабақтастық жоқ. Ғалымдардың ізін басушылар жоқ. Әңгіме сонда. Санаулы ғана ғалымдар бар. Қалғандары – нөл. Білім және ғылым министрлігі «Жылдың ең үздік мұғалімі» дегенді шығарды. Оның білімі қандай, дәрежесі қайсы? Оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Жазған-сызғандарын, бірдемені шимайлағандарын санайды да, «үздік» қылып шығарады да қояды.
Университеттерде күн сайын тексеру болады. Студент 15 минутқа кешігіп қалса, жиналысқа салады, деканның алдына кіргізеді, ректорға түсініктеме жаздыртады. Ал ертең сіз 15 жыл бойы ғылыммен айналыспай, түк бітірмей жүрсеңіз оны ешкім байқамайды.
Өткен жолы математиктердің бір байқауына қатыстым. Бір математикке қазылар «Өзін-өзі ұстауы нашар, жақсы сөйлей алмайды», — деп орын бермей қойды. Мен айттым: «Е, көке оған сөздің не қажеті бар? Ол математик қой». Жүлдегерді анықтау үшін бірталай талап тағайындапты. Оның ішінде жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнері, т.б. қатысты сұрақтарды кіргізіп қойған. Еш жерінде «екіні екіге қоссаң, қанша болады?» деген сұрақ жоқ. Байқап қалдым, бірінші орын алған адамның есебі қате. Сөйтсем, ол «екіні екіге қоса алмайтын» бала болып шықты. Байқаудың «шарты» сондай екен.
Қағаз жүзінде бәрі қатып тұр. Министрліктің жоспарында мін жоқ. Бірақ оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бір мысал есіме түсіп тұр. Бір хан уәзіріне: «Анау қаңбақты қайда кетіп бара жатқанын сұрашы?», — деген көрінеді. Қаңбақтың жауабын жеткізген уәзір былай депті: «Қаңбақтың қайда бара жатқанын сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па? Менің ұшарымды жел, қонарымды сай біледі». Сол айтпақшы мен де түсінбеймін: осы жүйені жасап отырған жоғарыдағылар ақымақ па, әлде сол жүйемен жұмыс істеп жатқан біз ақымақ па? Кім ақымақ? Мен осыны түсінбеймін. Бәрі өтірік, көзбояушылық.
– Академиктен жақсы саясаткер шығуы мүмкін ғой. Неге саясатпен айналыспайсыз?
– Оның маған не қажеті бар? Осы күнге дейін азды-көпті ғылыммен айналыстым, біраз дәрежеге жеттім, енді осыны саясатқа араластырсам не болады? Саясаткерлер менсіз де жетіп жатыр. Ал ғалымдар аз. Мен кетіп қалсам, ғылым өкпелеп қалмай ма? Абай айтады ғой: «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?», — деп. Ғылым деген ұялшақ қыз ғой. Саясат деген не ол? Саясат деген – Сайын көшесіндегі «бірдеңе»…
– Сізді қазіргі биліктің саясаты қызықтырмайтын сияқты.
– Мен білмеймін. Шынымды айтсам, ол туралы көп ойламаймын. Маған бәрібір. Маған, біріншіден, тыныштық берсе, екіншіден, жұмысымды алып қоймаса болды. Қалғанының бәрін өзім жасай беремін. Ешкім көрсетпей-ақ та қойсын. Біреулер мен туралы енді бір сөз айта бастағанда: «Ей, көке мені мақтамай-ақ қоя сал. Ондай көмегіңнің керегі жоқ. Бір-ақ өтінішім бар: маған кедергі жасамашы. Басқа нәрсеңнің керегі жоқ», — деймін.
– Нағыз ғалымдардан бастық шықпайды деп жатады. Сол рас па?
– Менің бір мұнай компаниясында бастық болып жұмыс істейтін бір математик досым бар. Сол айтады: «Менің жұмысымның 70-80 пайызын хатшым істейді. Мен тек өзімнен үлкен бастықтар келсе, жақсылап күтіп жіберемін. Болды. Басқа ештеңе істемеймін». Ол өтірік айтпайды. Өтірік сөйлесе, мен оны бірден сезіп қоятынымды біледі. Бастық болу – ең оңай шаруа. Ол білімді талап етпейді. Доктор болудың қажеті жоқ. Бастықтардың «бассыз» болатыны содан.
– Бір сұхбатыңызда Мұхтар Шахановтың «компьютербасты жарты адамдар» дегенімен келіспейтініңізді айтыпсыз. «Жарты адамдарды» жақтайтыныңыздың сыры неде?
– Қазақтың техникасы неге жоқ? Өйткені, бізде «компьютербасты» адамдар жоқ. Кейбір адамдар компьютерді темір деп санайды, құрал деп қарайды. Ол – құрал емес, өнер. Қазаққа жетпей жатқан кімдер? Билл Гейтс, Тед Тернер, Генрих Фордтар… Мысалы, сол Генрих Фордыңыз тарих туралы былай дейді: «Тарих деген – бос сөз. Тарихты біз жасайтын боламыз. Сонда тарихы терең елдер біздің алдымызда бас иетін болады». Бізге «Ойбай, қазақтарды мойындаңдар», — деп ешкімге жалынудың қажеті жоқ. Өзгені мойындату үшін ең бірінші техниканы дамытуымыз керек. Егер сіздің басыңыз істеп тұрса, жұрт сізді жақтайды, мойындайды. Ал басыңызда тауықтың миындай ми болмаса, тіліңіз, әдебиетіңіз, мәдениетіңіздің бәрі өзгелер үшін – экзотика.
– Қазақ тілі – техниканың тілі бола алмай жатқанын сіз немен түсіндірер едіңіз?
– Қазақтың бір кемшілігі – заманның өзгеріп бара жатқанын байқамауында. Қазақ технократтық елге айналуы керек. Техника дегенде мәселе оны сатып алуда емес. Мәселе – техниканы өзіміз шығарып, өзіміз пайдалануда. Ондай дәрежеге жетпейді екенбіз, басқасы бос сөз. Неге? Тіл – құрал. Техника да — құрал. «ҚТ», «ДТ» , т.б. «керемет» терминдерді шығарамыз да, ал «карбюратор», «двигатель» деген сөздерге неге қазақ әдемі сөздер ойлап таппайды? Себебі, біз арбаның алдына есекті емес, есектің алдына арбаны қойып отырған қазақпыз. Экономикада, саясатта, техникада, технологияда қазақ тілі жоқ. Неге? Өйткені, технократтың өзі жоқ. Мәселе неде? Менің ойымша, проблема – «есекте». Демек, проблеманың есегі – технология, ал арбасы – тіл. Технология арбаны, яғни тілді тартады. Біздікі секілді кері жүру емес.
– Академик Асқар Жұмаділдаевтың кітап оқымайтынына таңымыз бар…
– Мен сізге, газетіңіздің оқырмандарына неге өтірік айтуым керек? Мен Абайдан басқасын оқымаймын. «Оқы, оқы және оқы» — деген жақсы сөз. Бірақ маған жақсысы – «Оқы, оқы және керекті кітапты оқы». Бұл сөз мен үшін бірінші сөзден жақсырақ. Сіз өзіңіздің мамандығыңызға қатысты кітапты оқуыңыз керек. Медицина қызметкері болсаңыз, аурухана басшысы сізден «Әбдіжәміл Нұрпейісовты оқыдың ба?», — деп сұрай ма? Сіз үшін ол маңызды емес.
– Қазақты Абайдан артық сынаған ешкім жоқ шығар. Абайдың кітабынан басқасын оқымаймын дейсіз. Қазаққа аздап сын айтып жүрсіз. Бұған Абай атамыздың кітабы әсер етпеді ме?
– Біз бәріміз Абайдың ізбасары болуға тиіспіз.
– Қазаққа жетпейтіні не нәрсе?
– Қазақ бос, теріс сөзге үйір. Қолдан проблема жасайды да, сонымен әлек болып жүреді. Қазаққа, әсіресе, зиялы қауымға іс жетіспейді. Бізге технократтар жетіспейді. Қазірше тек тұтынушы ғанамыз. Компьютерді меңгердік дейміз. Word-та әріп тергеннен басқа ештеңе білмейміз. Оның миы, жүрегін сезбейміз.
– Сіздің ұғымыңызда құндылық деген не?
– Құндылықтар көп қой. Ең бірінші құндылық – адалдық, еңбек ету, жауапкершілік. Осыдан екі жыл бұрын Англияда қызық жағдай болды. Елдің дінбасы «Өз еркіммен отставкаға кетемін», — деп мәлімдеді. Неге? Сонда ол айтты: «Мен құдайдың алдында үлкен ұятқа қалдым. Үлкен күнә жасадым. Енді жұмыс істеуге моральдық құқығым жоқ. Өйткені, менің кезімде дінге сенушілердің саны «Манчестер Юнайтед» футбол командасын қолдайтын адамдар санынан кеміп кетті». Жауапкершілік деген, міне, осындай болуы керек.
– Сіз неге қуанасыз?
– Жастарға сабақ беремін. Бір байқағаным, қазіргі жастар кейбір ағалары сияқты бір сөзді қайталай бермейді. Өз басымен ойлағысы келеді. «Бұл неге олай?», — деп әр нәрсеге өзінше үңіледі. Мені қуантатыны – осы.
– Ғылым мен дін егіз деп жатады. Дінге деген көзқарасыңыз қалай?
– Мұсылманшылықтың талаптарын орындауға тырысамын. Садақамды беріп тұрамын. Кейде студенттерге өз қалтамнан қаржылай көмек те көрсетемін.
Сұхбаттасқан: Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Жас қазақ №2(262) 22 қaңтар, 2010 жыл