–Жаз басталғалы бері мектепті тәмамдаушы түлектердің қарбалас тірлігі басталды. Жастар бүгінгі таңдауы түсетін кәсіптің ертеңгі өмірлік нәсібі екендігін жақсы сезінетіндей. Дегенмен, қазіргі буынның таңдауы қандай? Талапкердің таңдауы түскен мамандықтар мәртебелі мамандыққа айналған-ды. Биылғы талапкерлердің таңдауы халықаралық қатынастар мен информатика, ақпараттандыру, технология салаларына түскені жоғары оқу орындарының құжат қабылдау комиссиялары ақпараттарынан белгілі болды. Жалпы, қазір қазақ қоғамын алға жылжытатын күш не? Сөз өнері ме әлде технология ма? Біз бүгінгі заманның озық үлгісі ретінде танылатын технологияны, қазіргі ғылымның тілін ана тілімізге көшіре алдық па? Ана тілімізді жастардың дәріс алатын жаңа технологияларының, ақпараттарының тіліне айналдыра алдық па?
–Рас, «қызыл шоқтай қарыған, қазаққа сөз дарыған» деп біз ежелден-ақ сөз өнеріне аса мән беріп, от ауызды, орақ тілді шешендерді әспеттеп жатамыз. Тіпті, есте жоқ ескі замандардың өзінде қазақтың ұраны да, рухты көтеретін құралы да тіл болды. Бірақ заман өзгеріп, уақыт алға озды. Күнделікті өмір сахнасында енді басқа құндылықтардың дәурені жүре бастады. Өкініштісі сол, қазақтың көркем де кестелі тілі өзінің күллі ұлттық нәрімен, нақышымен тек әдебиет пен өнердің тілі ғана болып қалды, ол, ғылымның, технологияның тіліне айнала алмады. Әлі де айнала алмай келеді. Болашақта технологияның қазақ тілінде сөйлейтіні де күмәнді.
Осы ретте, ЮНЕСКО-ның мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 24 тіл қолданыстан шығып, тіпті оның кейбірі жойылып кетіп отырады екен. Міне, сондықтан да, тілді «өлі» тілге айналдырмаудың бірден бір жолы – оны ғылым мен техника, технология арқылы негіздеу, кітаби үлгіде немесе әдеби нұсқада қалдырып қоймай күнделікті өмір, күнделікті тіршілік тіліне көшіру. Алайда, біз тіл мәселесін әлі күнге дейін мәселе етіп келеміз. Жыл сайын қаншама мәслихат өткіземіз, қаншама оқулық, қаншама сөздік шығарамыз. Әйтсе де, қазақыланып кеткен қоғам жоқ. Бұдан біраз уақыт бұрын әр түрлі басылым беттерінде Асқар Жұмаділдаевтың тілді технология тіліне айналдыру мәселесіне қатысты: «Бізге грамматика мен қаптаған диссертацияның керегі шамалы. Бізге оқыту методикасы керек. Грамматиканы емес, алдымен ауызекі тілді үйрету керек. Мысалы, ағылшын тілі неге әлемдік тілге айналды? Ал отарлауды ең бірінші бастағандықтарына қарамастан, голландықтар мен испандықтардың тілі неге әлемдік тілге айналмады? Өйткені, голландықтар «біздің тіліміз көркем, әуезді. Сендер грамматиканы білмейсіңдер, тілді бұзасыңдар» деп отар елдерді өз тілінде сөйлетпей қойған. Ағылшындар «қалай сөйлесеңдер де өздерің біліңдер, біз әйтеуір ақпаратты түсінсек болды деген»,– деп пікір айтқаны есте. Біз де қазір сол голландықтардың кебін киіп отырмыз. «Тіліміздің әуезділігін бұзды, әдеміліне нұқсан келтірді» деп жүріп, тілімізді мұражайдағы құнды, нақтырақ айтқанда сирек кездесетін экспонаттарға айналдырып жібергендейміз. Міне, академик ағаның бұл пікірімен санаса отырып, бүгінгі жастардың халықаралық қатынастар бөлімін таңдауы арқылы ағылшын тілін немесе тағы да басқа да озық елдердің тілін, нарық сұранысында тұрған тілді не себепті таңдайтынын түсінгендей боласың. Асқар Жұмаділдаев ағылшындарда екі-ақ септік бар екенін айтады. Ал қазақ тілінде жеті септік бар. Академик «екі септікпен де «күнелтуге» бола тұра, жеті септікті жаттатып жұрттың басын қатырудың керегі не?» дейді. Мұндай ғылыми басқатырғыштар, бәлкім біреулердің кандидаттық, докторлық жұмыс қорғауына қажет те шығар, әйтсе де, нақты тіл үйренуге құлықтылардың түсінігін ауырлатқаннан басқа пайдасы жоқ. Ең дұрысы, академиктің сөзіне сүйенсек, бәрін оңайлату. Сонда қалай дейсіз бе? «Әлемді мультфильм тілінде сөйлету». Нақтырақ айтқанда, қолыңыздан келсе, қонышыңыздан басыңыз. Батырлар жырын 200 беттік емес, 2 беттік қылып жазып беріңіз. Бүкіл эпостарымызды екі күн жырлайтындай емес, 10 минутта айтып шығатындай көлемге көшіріңіз. Қазір заман сондай. «Бізде батырлар жырын білмесе, ол қазақ емес» дейді. Бос сөз. Мен білетін мықты қазақтар батырлар жырын оқыған емес. Оны балалар түсіну үшін ықшам түрін ұсынуымыз керек. Ал оның классикалық түрін бала түгілі ересек адамның өзі түсінбейді. Сол себепті де, сіз соншалықты мықты болсаңыз, «бүкіл тарихты он минуттық мультфильммен түсіндіріп беріңіз. Бұл халтура болуы мүмкін. Бірақ алға жылжу осыдан басталады. Бүкіл әлемде солай. Белгілі бір дүниенің қысқа ықшам түрін көріп тұрып соған қызығушылық оянса, бала өзі-ақ оның орташа түрін қолға алады. Одан бетер ұнап жатса, ешкімнің айтуынсыз-ақ толық нұсқасына жүгінеді. Олардың логикасымен, ой-санасымен осылай санасуымыз керек».
Аға буынның арасында бұл пікірмен келіспейтіндері де көп. Олар «Тіліміздің көркемдігін қарапайым, қарабайыр кейіпке енгізуге болмайды. Бұлай етсек, қазақ сөзінің қуаты кемиді» деседі. Мамандардың бұл алаңы да орынды. Дегенмен, бүгінгі заман – электронды технологияның, әр түрлі техниканың, дамыған процестің заманы. Ал бұл тұрғыда тілдің көркемдігі, рухани байлық» деген мақтаныштардың барлығы «жай ғана көпсөзділік» болып қалғанын мойындаған да дұрыс па дейсіз. Және қазір Асқар Жұмаділдаев айтпақшы: «Бүкіл дүние жүзінде технократтық төңкеріс жүріп жатыр. Мысалы, Американы Америка етіп тұрған «Кока Кола!» Ал «Кока кола» деген не? 99 пайызы — су да, 1 пайыз-химиялық қоспа. Бұл химиялық қоспаның құрамы – технологиялық құпия. Озық елдердің мақсаты осындай ғылыми жаңалықты жасай алатын адамға жағдай жасау. Ашқан жаңалықты бәсекелестеріне білдірмеу. Дүние жүзі тыңшыларының басты мақсаты – идеологияны емес, осындай технологиялық құпияны ұрлау, сол арқылы елінің, жерінің, өзінің атағын шығару. Яғни, міне қазіргі біздің қазақы қоғамға да керегі – технократтар, биологтар, химиктер мен физиктер… Мектеп бітіруші жас түлектің ана тілінің негізін ала отырып, ескерер жайы да осы болса дейміз.
Шолпан ҚАРАЕВА
«Заң» газеті, 23.07. 2010