Компьютербасты қазақ бар ма?

                                     Өлген – ол, көмілген – мен.                                        

Иран Ғайып

«Басы компьютерге толы, бірақ рухани дүниесі кем адам – ең қауіпті адам». Осы сөз маған Шәкәрім қажының «Көрмеген көлде естімеген қазының үні бар» деген сөзін еске түсіреді.

Бұл сөзді американдық, еуропалық, не жапондықтар айтса, біраз түсінер едім. Олар бәрі автоматтандырылған, технологиясы қатты дамыған, не ішем, не кием, қандай машина мінем дейтін сұраққа бас ауыртпайтын, психологиялық проблемадан басқаның бәрі шешілген елдер. Тоқ адамның ораза ұстағаны сықылды, бәрі бар, технологиялық тәуелсіз елдерде осындай мүләйімсігіш зиялылардың шығуы әбден түсінікті. Бірақ, қазақтың «басқа елдің ғұламасы айтыпты» деп, олардан оза шабуына не жорық?

Нобель сыйлығы, негізінде, шын ғұламаларға беріледі. Нобель сыйлығы лауреатының сөзі – жерге тасталатын сөз емес. Бірақ, «Нобель сыйлығын алған адам ғана дұрыс айтады» деу – бекер.

Лев Толстой Нобель сыйлығына, қателеспесем, үш рет ұсынылған, үш ретінде де құлаған. Толстойды ұтқан мықтылардың есімдерін сіз білесіз бе? Әдебиетпен шұғылданатын бірлі-жарым маман болмаса, ешкім білмейді.

Нобель сыйлығы түсіне де кірмеген Абай дейтін тағы бір шал бар. Қазақ үшін Абайдан асқан бедел болмас. Абайға жүгінелік:

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі, сол айтты –

 Ақылменен жеңсеңіз…

Бір топ қырғыз зиялыларының «Мұхтар Шахановтың компьютербасты жарты адамдар концепциясын ЮНЕСКО қолдапты, Нобель сыйлығының лауреаттары қолдапты, бір жапон ғалымы қолдапты, біз де қолдайық, бүкіл қазақ пен қырғызға насихатталық, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізелік» дейтін үндеуін оқыдым. Қол қойғандар кім екен деп қарасам, өңкей жазушы, филолог пен философтар екен. Арасында компьютерден хабары бар бір адам байқалмайды.

Менің де компьютерден хабарым шамалы, бірақ оған аздап қатысым бар болғандықтан, компьютердің нанын жеп отырғандықтан, компьютер өнерінің қазаққа зиянынан пайдасы көп екенін байқаған адамның бірі болғандықтан, осы тақырып жөнінде аздап пікір білдіргенді жөн көрдім.

Аталған мәселенің жаһандану заманында бүкілғаламдық маңызы болуы мүмкін. Бұл мақалада «компьютер мен рухани байлық» проблемасының қазаққа (мүмкін қырғызға да) қатысы бар жағы ғана әңгіме болмақ.

Дүниедегі ең бай адам – Билл Гейтс. Мұнай мен газдан байыған араб шейхтары мен сұлтандары осы Билл Гейтстен кейін тұрады. Осы сөйлемді оқып, санаға сіңіргенше бір минут уақыт өтер. Сол уақыт ішінде, әр минут сайын Билл Гейтстің есепшотына жарты миллиондай доллар түсіп тұрады екен. Бір адамның байлығы Қазақстан мемлекетінің бір жылдық бюджетінен он есе үлкен. Демек, бүкіл он миллион қазақ жиналып, он жыл жұмыс істесе де бір адамның байлығына маңайлай алмайды деген сөз. Жә, бір адамның қалтасын есептеуді доғаралық. Әңгіме оның байлығында емес, осы байлықтың қайдан келгенінде. Табыс көзінде. Билл Гейтс осы байлықты біреуден ұрлап алып, не қылмыс жасап, не бабасынан қалған байлықты шашып, оны оффшорлық фирмалаларға айдап тапқан жоқ. Табыс компьютерден, дәлірек айтсақ, компьютерлік бағдарлама жазудан, ми күшін ақылмен қолданудан, қарапайымдап айтсақ, ауадан түседі екен. Осы Билл Гейтстің жартысына, жартысы емес, ширегіне, миллионнан, миллиардтан біріне жететін қазақ бар ма? Бар болса, көрсетіңізші, содан кейін оның рухани дүниесін талқыға салып көрелік. «Қазақтың рухани байлығы кеміді, мәдениеті мен өнері каррозияға ұшырады» деп жүргендер бар. Айтып жүргендердің дені – сол рухани дүниені байыту мақсатындамыз деп жүргендер. Рас, бүгін кітап бұрынғыдай көп оқылмайды. Дәлірек айтсақ, кітап бұрынғыдай көп сатып алынбайды. Кітапты сатып алу – кітапты оқу деген сөз емес. Кеңестік дәуір кезінде кітапқа жазылу оңай болмайтын, оны партия, кеңес басшылық органдарына жақын адамдар ғана «блатпен» жаздырып алатын. Кітаптар мұқаба түсіне қарай сөреге әсемдік үшін жиылып қоятын. Менің ойымша, кітаптың шын оқырмандарының саны кеміген жоқ. Қазір қанша оқырман болса, сонша оқырман бұрын да болған. Нарық заманы картинаны өтірік емес, дәл көрсетіп тұр. Дұрыстап кітап жаза алмасаңыз, кітабыңызды ешкім оқымаса, «Рухани дүние кеміді» деп бүкіл қазаққа өкпелеп не керек? Бұған компьютердің қатысы қанша?

Өткен жылы «Жас Алаш» газеті «жылдың ең ақымақ сөзі» деп, бір классик ағамыздың сөзін келтірді. Ағамыз өз баласына «Сен қазақша оқыма, орысша оқы, сонда ғана адам боласың» деп үйретеді екен. Мұны «Жылдың ең ақымақ сөзі» дегеннен гөрі, бір жәуірдің «шындық сөзі» десе, дәлірек болар еді. Өйткені, осындай екіжүзді саясатты қазақ мықтыларының басым көпшілігі ұстанды. Сыртқы бұқараға бір әңгіме, өз баласына басқа бір әңгіме айтқандары өтірік емес қой! Былайғы жұртқа — көзден жас парлататын жыр, жалынды да қызыл сөз, өз баласына – шын сөз!

Жақында «қазақ деген – мен!» деп көкірегін соққыш бір классиктің баласымен сөйлестім. «Бір балам Америкада, бір балам Францияда, бір балам Англияда, ағылшынша, французша сайрап тұр» деп мақтанды. Атасының «мен — қазақпын» дегеніне қалай қарайтынын сұрап едім, түсінбеді. Сөйтсем, пәтшағар әкесінің шығармаларын аудармада да оқымаған екен. Өз баласы оқымайтын шығармаларды жаттап жүрген шын ақымақ өзім екенмін-ау деген ойға қалдым. Осы күні қазақ тіліне, дініне, шыққан тегіне, тарихына әкесінің құны қалғандай өршелене қарсы шығушылар кімдер? Ең алдымен қазақтың ығайы мен сығайының балалары. Қазақ болғаны үшін адам болып, партия мен кеңес қызметкерлері санатына кіріп, қазақтығы арқасында балаларына еуропалық білім алу мүмкіндігіне ие болған адамдардың балалары.

Жалаң рухани байлықтың өзіңнен басқа ешкімге керегі жоқ. Дүниеде қанша тіл болса, сонша әдебиет, сонша тарих, сонша мәдениет бар. Оның бәрін үйрену мүмкін емес. Түптеп келгенде, бірлі-жарым маман, бірлі-жарым зиялы болмаса, жалпы жұртқа мұның бәрі белгілі бір дәрежеде ғана керек. Артында экономикалық күлшесі, технологиялық қуаты, күшті әскері, басы істейтін басшылар болса, сондай халықтың тілі де ажарлырақ, әні де әуездірек, рухани байлығы да белгілірек және өтімдірек болмақ. Сонда барып сол халық элитасының өз балалары ата-баба мұрасын көбірек мойындамақ. Рухани дүниені материалдық дүниеге, жаңа технологияға қарсы қою дұрыс емес. Рухани дүние мен жаңа технология құстың қос қанатындай бірге самғауы керек. Биыл 150 мың оқушы тест тапсырыпты. Соның 2500-і грант алады екен. Ең аз құжат тапсырылған мамандықтар – астрономия мен физика болып шықты. Физика да, астрономия да – адам «маймылдан адамға айналғаннан» бері келе жатқан, еш уақытта жойылмайтын мәңгі ғылымдар. Қазақтар менсінбейді екен деп физика тоқтап қалмайды, әрине. Еврейлер-ақ быт-шытын шығарып, физиканың мәселелерін шеше береді. Физикадан қазақ қайда қашып құтылады екен? Физикасыз жоғары технология қалай меңгерілмек екен? Онсыз да қазаққа өгей көрінген жоғары технологияға ұмтылмақ жастарды «компьютербасты жарты адамдар» деп кекеткеннен не ұтамыз?

Италияда Абдус Салам атындағы теориялық физика орталығында болғанымда, үнді зиялыларымен сұхбаттасудың сәті түсті. «Үндістанның рухани байлығы күшті, ондай байлық ешкімде жоқ» деді олар. «Храмдар, суреттер, кілемдер, би, музыка, поэзия туындылары мың жылғы касталық жүйе, бәрі де тамаша сақталған, керемет «консервіленген». Біз қалбырдағы балық секілдіміз. Бірақ қалбырда тірі балық болмайды. Тірі балық көлде, теңізде жүзеді. Не шабақ болып шортаннан қашады, не шортан болып шабақты қуады. Сонда ғана балықтың бойына қан жүгіреді. Ақыл көбірек кіреді. Отаршылдар рухани байлықты жаңа технологияларға қарсы қойып, бізді осы туралы мағынасыз дискуссияға апармақ болып әлектенуде. Бірақ, біз бұл шабуылға тойтарыс беріп келеміз. Күш тең емес, бірақ әзір біз ұтудамыз», деді олар. Дүниежүзінің компьютерлік бағдарламаларының басым көпшілігін үнділіктер береді екен. «Майкрософт» компанияларының басшылары Билл Гейтс сынды алпауыттар болса да, қызметкерлерінің негізгі бөлігі – үнділер, пәкістандықтар, қытайлар. Қазақ байлары мұнай мен газдарды офшорлық фирмаларға айдап, жекешелендіру кезінде үкімет мүлкін ұрлап байыса, атадан қалған пайдалы қазбаларын сатып байыса, қазіргі Үндістанда аты шыққан миллионерлердің көбі осы компьютерге бағдарлама жазудан байығандар екен. Жапондардың түсінігінде сакураның гүлдеуін жырлай алатын адам мал соятын қасап, не балықшы, не малшы, не саудагер бола алмайды. Ол екі сөздің басын құрауы мүмкін, шын жан-тәнімен сезінуі мүмкін. Бірақ, қойшының сөзін қалың жапон қауымы ақын сөзі деп қабылдамайды. Шай ішуден бастап, кесте тігу, қағаздан ою ою, тіпті, өзін-өзі өлтіріп, бұ дүниеден баз кешу – бәрі-бәрін үлкен өнер деп есептейтін жапон қауымының ақындық өнерге деген құрметінің, ақынға қояр талабының орасан зор екендігіне ешкім таңқалмас. Жапонның дәстүрлік ұғымында шын ақын – монах, префект(әкім), министр, құрығанда әкімнің орынбасары сықылды күнделікті күйбеңнен, қара жұмыстан аулақ адам ғана бола алады. Сол себепті, бір қазақ ақыны компьютерді жамандапты деп жапондар компьютер шығаруын тоқтатпайды. Керісінше, «осындай компьютер өнерін сынайтын адамдар өзге елдерде шыға берсін, өзге ел жаңа технологиясын дамытпай-ақ қойсын, өйткені бізбен бәсекелесетін басқа елдің не керегі бар, одан да олардың ішіндегі компьютер технологиясын дамытуға қарсы адамдарын қолпаштап, мақтап қоялық, олар тек біздің компьютерлерімізді сатып алушы, біздің тауарларымызды тұтынушы-ақ бола берсін» деген саясатты ұстанады. Осындай саясат қолдандың, бізді ақымақ қылдың деп, өзгеге өкпелеуге бола ма? Ақымақ іске бейімдеу тұрсаң, оған кім кінәлі?

Енді, қазаққа оралайық. Қазақ – жапон емес. Қазақта қойшы да, колхозшы да ақын бола береді. Оған тракторшылық білім де жеткілікті. Ақынның сөзіне (инженердің сөзіне қарағанда) жұрт көбірек назар аударады. Пайдалы сөз айтылса, бірсәрі, кейде ұйқас үшін қиыннан қиыстырыла салынған қыңыр сөзге жұрт мәз болады. Осынша байлықтың үстінде отырып, ешқандай да пайдалы қазбасы жоқ жапоннан көш кейін қалып отыру себебіміздің бірі осында болар.

«Тойота» десеңіз, жапон автокөлігі еске түседі, «Сони» десеңіз жапонның электроникасын еске аласыз. «Мерседес» десе, Германияны, «Вольво» десе, Швецияны еске аласыз. Байқоңыр делік, Семей сынақ полигоны делік, кеңес дәуірінде жаңа технологиялардың тұнып тұрған жері болды ғой. Бірақ, Байқоңырдың, сынақ полигондарының қазаққа қатысы қандай? Рас, Алланың әмірімен бұл жерлер қазаққа тиесілі болды. Бірақ, өз жерінде тұрып, ғарыш кемелерінің бір тетігін бұрай алмасаң, бір тетігін жона алмасаң, бар еңбегің шығарып салып, қарсы алып тұратын кезекшілік жұмысқа ғана тірелсе, «біз – ғарыштық державамыз» деп, неге босқа бөрікті аспанға лақтырамыз? Семейде талай атом сынақтары өтті, талай қазақ уланды, радиацияға ұшырады, ал сынақтың нағыз ғылыми жұмыстары, ғылыми-технологиялық нәтижелері Мәскеуге ғана кетті. Курчатов, Сахаровтар академик болды, талай адам лауреат атанды. Ресей технологиялық қуат жинады. Бұған қазақтың қатысы қанша? Қазақтың Пушкині бар делік. Қазақтың Шолоховы да бар делік. Қазақтың Гагарині де бар делік. Қазақтың Королеві кім сонда?

Жоқ адамның рухани дүниесін талқылау қызық екен. Өзі біліңкіремей тұрса да, білгішсініп, екіленетін кездер болады. Бұндай қасиет көптеген ұлы адамдарда бар. Рухани дүниенің қазаққа керек екенінде дау жоқ. Дау – рухани дүниенің компьютерге, жаңа технологияға қарсы қойылуында. Баяғыда Американы ацтек, майя, инкі деген үндіс тайпалары жайлаған. Олардың өзіндік жазу-сызуы, өзіндік қайталанбас мәдениеті, рухани дүниесі бай болған. Рухының күштілігі соншалық, ақтар мақта алқаптарына жұмысқа тартпақ болғанда, «біреулерге құл болғанша, өлгеніміз артық» деп есептеген. Осы күні сол тайпалар жоқ. Қайталанбас рухани мәдениет те жоқ, мойымас рух та жоқ. Еуропадан келген төрт жүз конкистадорға шыдас бермей, жойылып кеткен. Өйткені, келімсектердің технологиясы жоғары болған. Еуропалықтар жергілікті халықтың дініне де, тіліне де, мәдениетіне де, рухани байлығына да пысқырмаған, бәрін оларда жоқ мылтықпен, зеңбірекпен атып қыра берген. Бәрін қырып, тазалап алып, тақырға демократия орнатып, осы күні адам құқын, демократияның не екенін өзге жұртқа үйретіп отыр.

Компьютер ғылымы – кеше ғана туған жас ғылым. Мыңдаған жылдан келе жатқан қазақтың рухани байлығына ешқандай да зиян келтіріп үлгерген жоқ және ешқандай да зиян келтірмейді. Қазақтың өзі болмаса, «ауызбен орақ орған өңкей қырт» болмаса, қазақтың рухани тірегін ешкім мызғыта алмайды. Қайта, керісінше компьютерден, математика, физикадан хабары бар адамның логикасы дәлірек болады, өтірік айтуы кемірек болады. Абстракциялық ойлау тәсілі мықты қазақтың жаңа заманға ыңғайласуына, жаһандасу дәуірінде өз орнын тезірек және дәлірек табуына септігін көбірек тигізеді.

Қазақтың болашағы – жоғары технологияда. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншекке дұрыс бағыт беруде. Бұл – дәлелді қажет етпейтін түсінікті нәрсе шығар деп ойлаушы едім. Осы мақала бір-ақ күнде туды. Мақала жазылғалы бірнеше ай өтті. Сұраушылар болса да еш газетке бермей жүрдім. Себеп – біреу. Жастайымнан өлеңдерін жаттап өскен, менің ең жақсы көретін ақыным Мұхтар Шахановқа қарсы сөз айтқым келмеді. «Танакөз», «Он екіден үшті алсаң қанша болады?», «Менің атымды неге Мұхтар қойған?» атты керемет поэма, өлеңдердің авторының компьютерге лайық бір жылы сөз таба алмағанын ұқпадым. Мұхтар ағаның Нобель сыйлығына лайық екеніне сенімім мол. Тек күмәнді тұжырымдамалардың авторы ретінде емес, тамаша поэмалар мен өлеңдердің авторы ретінде. Шын ақын ретінде. Қазақтың рухани дүниесі құлдырап жатыр деген сөз рас болса, оның басты себебі – қазақ зиялыларының ұсақталуында, заманның өзгергенін тереңірек сезінбеуінде. Айдаладағы компьютерге тиісу – соның бір дәлелі.

Бұл жерде басын ашып алатын тағы бір тақырып бар. Қысқаша бұған да тоқтала кетелік. Математик деген кім? Компьютерші деген кім? Көп адам үш таңбалы санды үш таңбалы санға ауызша көбейте алса, «ой, бұл мықты математик екен», дейді. Шындығында, ол математик емес. Циркач десеңіз, дәлірек болады. Әйтпесе, компьютер тұрғанда миды қинаудың не қажеті бар? Қазір компьютер деген адамға таңсық емес. Компьютер клавиатурасында қолы қолына жұқпайтын көп адам өзін мықты компьютершімін деп есептейді. Баяғыда, Г.Колбин дейтін Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қазақша «құрметті жолдастар» мен «көп рахмет» деген екі сөзді жаттап алып, «мен қазақша үйрендім» деп шыққан. Бұл – осы сықылды құбылыс. «Word», «Excel»-дерді білсеңіз, сіз тек қана «Майкрософт» компаниясының тұтынушысысыз. Компьютер ғылымы – өлшеусіз терең және анағұрлым күрделі. Компьютерді сырын терең ұғып, оны Билл Гейтсше билете алатын қазақ әлі шыққан жоқ.  Компьютер ғылымы – қазаққа ең керек ғылым. Компьютербасты қазақ – ең керек қазақ. Ауызбен орақ ору өнерінің шебері болғанша, компьютердің құлағында ойнау – қазіргі заман адамы үшін, болашаққа сеніммен қарай алатын ұлт үшін – ең керек өнер. Әлі де болса, көшке ілесу кеш емес. Билл Гейтске ұқсамақ жас ұлан Абайдың «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дейтін сөзіне құлақ асар.

«Жас Алаш» №128. 25 қазан 2003 жыл