Біріншіден, академик деген сөздің өзі әр жерде әртүрлі ұғылады. Ол елдің менталитетіне байланысты. Мысалы, Англияда студенттерді де академик деп атайды. Біздің ұғымымыздағы академия француздардың, орыстардың академияларына жақын. Француз академиясына төрт жүз жылдай, орыстардікіне үш жүз жылдай болды. Бұларда үрдіс бар. Мысалы, француз академиясының біздің академиядан өзгешелігі мынада. Француз институты деген бар. Біздің ұғымдағы академия дегеніміз осы. Ол беске бөлінеді. Біреуі – Париж академиясы. Екіншісі – мораль, саясат және этика академиясы. Үшіншісі – Француз академиясы. Бізде көбісінің бұл академия туралы түсінігі қате. Мысалы, Француз академиясының жалғыз мақсаты бар. Ол француз тілінің тазалығын сақтайды, соның тазалығы үшін күреседі. Бұл академияны кезінде Наполеон құрып кеткен. Бар-жоғы қырық адам жұмыс жасайды. Қырықтың біреуі қайтыс болмай, жаңадан академик сайламайды. Бұл академияға кез келген саланың адамы сайлануы мүмкін. Ол осы саланың ғалымы болуы да, өте танымал модельер, рок-жұлдыз болуы да мүмкін. Негізгі талап: ол адам қоғамда өте беделді, мықты, таза болуы керек. Мысалы, бұлар жаңа бір терминді талқылайды. Электрондық почта деген сөз французша да, ағылшынша да бірдей оқылады. Осыны екі жыл талқылады да, «Email» деген сөздегі «Е»-нің үстіне белгі қойды. Академия осындай шешімге келді. Енді жазылуы бөлек болып шыға келді. Әдетте, Француз академиясы талқылағаннан кейін ешкім әңгіме қозғамайды. Өйткені академиның мүшелері – өте беделді адамдар. Олардың ақылдылығын, адалдығын жұрт мойындайды. Осы үрдіс қалыптасқан. Ал бізде терминкомның бекіткенін біреу мойындап, біреу мойындамай жатады. Француз қоғамында да кейде пікірталас болады. «Екі жылда бір-ақ сөзді талқылайды. Осы академияның қажеті қанша?» деген де пікір айтылады. Бірақ академияны жапқаннан келер пайда, кетіп жатқан шығыннан әлдеқайда көп болатынын мойындайды. Қараңыз, кеше ғана теңгенің жаңа түрі шықты. Теңгеде әріп қатесі кетті. Қанша шығын шықты. Пікірлер айтылып жатыр. Бірінің сөзін бірі тыңдамайды. Біреу тұрып: «Онда тұрған не бар?» дейді. Кешіріңіз, бұл біздің тіліміз! Ертең шығарған ақшаңыз жалған ақша болады. Қате жазылған. Оны «жалған ақша жасаушы» деп соттау керек. Міне, осындай жағдай болса, француз академиясы кесіп айтады. «Шығарылмасын» десе, шығармайды. Бізде сөзге тоқтау жоқ. Ал жаңағы академияның статусы өте жоғары, ондағы академиктердің жағдайлары да жақсы. Кез келген фирма академияның қызметіне үлкен гонорар төлейді.
Академияның көбейгені – казиноның көбейгенінен жақсы. Қазақстанда не көбеймей жатыр?! Казино да, наркоман да, жезөкше де, ұры да көбейіп жатыр. Солармен салыстырғанда, академиктер көбейе берсін. Казиномен салыстырғанда – зияны аз. Бәрі – салыстырмалы. Мұны мен уақытша нәрсе деп ұғамын. Академиктің, ең құрығанда, жартысы мықты болады. Черчилльдің: «Дүниедегі ең нашар басқару жолы – демократия, ал демократиядан тәуір жолды көргенім жоқ» деген сөзі бар. Ғылымды басқарудың ең әділ, тәуір жолы – академия. Кемшілігі көп. Бірақ академиядан тәуір жолды әзірше көргенім жоқ. Ал қазіргі қаптаған қоғамдық академияларға ақша төлейсіз. Ақша төлеңіз де, өте беріңіз. Кезінде «Қаскелең академиясының Нью-Йорк академиясынан айырмашылығы неде?» деген мақала жазғанмын. Нью-Йорк академиясы деген бар. Оған кез келген жарнасын төлеген адам мүше бола алады. Оларда академия белгілі бір клуб сияқты.
Тұтас ұлттың ғылымын ілгері бастыратын Академиядағы академия – Ұлттық Ғылым академиясы. Үндістанның Ұлттық Ғылым академиясы төртеу, деңгейі өте жоғары. Мықты елдердің бәрінде Ұлттық Ғылым академиясы бар.
Бізде кандидаттық, докторлық диссертацияларды қорғау көбейіп кетті. Бұдан «ғылым қатты дамып барады» деп түсінбеңіз. Қайта шын ғалымдар азайып барады. Сондықтан ғылымға «ұят» деген категория келуі керек. Ұрылар, байлар қорғаймын десе, жолын табады. Жалғыз тосқауыл – адамның ұяты.
«50 де 50». № 12 (13) 24 қараша, жұма, 2006 жыл