– Сiз бiздiң парламентiмiздегi өрескел жайт жөнiнде (“Сәке”, “Мәке”, “Ғабе” деген қазақы үрдiске тыйым салу жөнiнде) Қазақ парламентiнiң төрағасы Нұрлан Нығматуллиннiң өзiне, сонан кейiн Конституциялық Кеңестiң төрағасы Игорь Роговқа арнайы хат жаздыңыз. Бұл хатыңыз “Жас Алаш” газетiнде жарияланды. Хатты оқып, көкейiмiзде жүрген нәрсенi айтқаныңыз үшiн сiзге риза боп қалдық. Бiрақ, сiзге Н.Нығматуллин де, И.Рогов та жауап берген жоқ (Егер жауап берсе, оны “Жас Алаш” мiндеттi түрде жариялар едi ғой!). Неге жауап бермедi? “Менсiнбедi, елемедi” дейiн десек, бiлдей академиксiз. Жоқ әлде, қазақ, қазақ болғанда да қазақтiлдi қазақ болғаныңыз үшiн жауап бермедi ме?
Өз басым бәс тiге аламын, осы хатты елiмiздегi 8 жастағы (не болмаса 10 жастағы) бiр орыс қызы жазсыншы, әлгi Н.Нығматуллин де, И.Рогов та өбектеп жауап берер едi…
Бұлар қазақты, қазақтiлдi зиялыларды қашанға дейiн қорлай берер екен?.. (Данияр Ескергенұлы, Атырау қаласы).
– Мен өз пiкiрiмдi айттым. Пiкiрiм жұрттың қызу таласын тудырды. Көп адам қолдады. Қолдамаған адамдар да болды. Менi қолдаған “Жас Алаштың” қалың оқырманына алғысымды айтамын. Мен үшiн маңыздысы – iстiң нәтижесi. Қазiр парламентте “Секе” деп айтпа! “Мәке” деп айтпа!” деген жекiру тоқталды. Демек, iстiң нәтижесi болды. Ал оған бiреу жауап бердi ме, жауап бермедi ме, оған менiң қайғыруға уақытым жоқ. Бұл мәселе “бiр атым насыбай” мәселесi. Мен бұл сұраққа, мәселеге қайта айналып соққым келмейдi.
– Бiлiм беру саласын жекеменшiктiң жемi болудан, жемi болып кетуден қорғауымыз керек сияқты. Мемлекеттiк оқу орындарының санын көбейтуiмiз қажет. Бiр ғана дерек айтайын, Оңтүстiк Қазақстан облысының тек бiр Сарыағаш ауданында 7 университет (!) бар. Соның бiреуi үш бөлмелi пәтерде орналасқан. Бұған не дейсiз? (Ғалымжан Елеу, Шымкент қаласы).
– Университеттердiң саны жөнiнен Қазақстан елу елiң былай тұрсын, алғашқы бестiктiң қатарына ендi. Мысалы, Англия бұл тұрғыда Қазақстаннан кейiн тұрады. Англияда әр миллион адамға шаққанда бiр университет бар. Қазақстанда әрбiр 100 мың адамға шаққанда бiр университеттен келедi.
Англияда кезiнде әрбiр деревняда университет ашылған. Оны ашқан Маргарет Тэтчер. Мұның өзiндiк себебi де бар. Маргарет Тэтчер билiкке келгенде, экономикалық жағдайдың қиын екенiн ескерiп, бюджеттiң тапшылығын ескерiп, үш нәрсенi қолға алған. Бiрiншi, рентабельдi емес шахталарды жабу. Екiншi, транспорт жүйесiн жекеменшiкке беру. Үшiншiсi – университеттер ашу. Бұл дегенiңiз ағылшынның бәрi студент болсын дегендi бiлдiрмейдi. Бұл деген сөз – ағылшын тiлiн үйренгiсi келетiн, Англияға барып студент атанғысы келетiндердiң көптiгiнен. Яғни, сырттан бiреу келiп саған ақша төлеп, тiлiңдi үйренiп жатса, ауадан ақша жасауға мүмкiндiк тудырып жатса, неге жаңа университеттер ашпасқа? Мысалы, Оксфордта екi университет бар. Бiреуi – аты әлемге белгiлi бес жұлдыздық Оксфорд. Екiншiсi университеттiң аты Оксфорд-брукс. Бұл кешегi политтехникум. Содан Маргарет Тэтчер бұрынғы политтехникум, училищенiң барлығын университет атандырған ғой. Өйткенi, дүниеде ақымақтар көп. Ақшасы бар, қаржысы жеткiлiктi. Келе берсiн, оқи берсiн. Ағылшындардың қулығы сол, жергiлiктi халық болмаса, былайғы жұрт бiле бермейдi мұны. Яки, нағыз Оксфорды қайсысы, өтiрiгi қайсысы екенiн. Сосын соған бара бередi. Дәл осындай университет Кэмбриджде де бар. Кэмбридж дегенiңiз бiздiң Қаскелең сияқты кiшкене ғана жер. Сол Қаскелең сияқты жерде екi университет бар. Бiреуi – белгiлi, атақты Кэмбридж университетi. Екiншiсi, атын ұмытып қалдым, бiрақ Кэмбридж деген сөзi бар бiр жерiнде. Бiрақ ол кешегi педучилище. Ал ендi Қазақстанға келер болсақ, Сарыағашта үш бөлмелi пәтерге орналасқан университет бар-жоғын мен бiлмеймiн. Мүмкiн, жабылған да шығар осыған дейiн. Бiрақ бұл жөнiнде бiз не айтамыз? Кеше Н.Назарбаев айтты “Медеу жақтағы коттедждердi бұзыңдар, өйткенi экологияны бұзып жатыр” дедi. Одан берi де бес-алты жыл өттi. Бұзылған коттедж бар ма?!
Мысалы, Н.Назарбаев “Алматының көшесiнде машина көбейiп кеттi. Джип, Хаммер дегендер толып жүр. Алматы деген Бетпақдала емес қой. Неге Алматының көшесiнде тайраңдап жүредi…” дедi. Сiз джиптердiң азайғанын байқадыңыз ба? Хаммердiң азайғанын байқадыңыз ба? Елбасы тағы да “Қазақстанда университет көбейiп кеттi. Университеттiң санын сапаға сәйкестендiрiңдер” дедi. Бiрақ, университет азая қойған жоқ.
Жалпы, бiздiң шенеунiктер Елбасының сөзiнiң өңiн айналдырып, тыныш саботаж жасаудың әдiсiн әбден меңгерiп алды. Елбасы дұрыс әңгiме айтады, дұрыс нұсқау бередi. Бiрақ, жеме-жемге келгенде бiздiң шенеунiктер ебiн тауып, әйтеуiр жаңа жол тауып шығады. Неге? Өйткенi, университет ашу дегенiңiз – бизнес. Ол – тәп-тәуiр бизнес. Сiз далада суыққа тоңып, ыстыққа күйiп мал бақпайсыз ғой. Жылына бiр рет жаңа оқу жылында студент жинайсыз. Мысалы, бiр мың студент жинадыңыз делiк. Әрқайсысынан екi мың доллардан алдыңыз. Екi миллион шығып тұр емес пе. Оның бiр миллионын жарыққа, жылуға, мұғалiмнiң айлығына жұмсадыңыз. Бiр миллионы қалтаңызда қалды. Қандай керемет бизнес! Басыңыз ауырмайды. Барахолкада тұрмайсыз, тоңбайсыз, үсiмейсiз. Бiреу алдап кетедi деп алаңдамайсыз. Студентiңiз өзi келiп тұр онсыз да. Мiнеки, университеттердiң көбейiп кету себебi де осы!
– Бiздiң елде ғалым көп пе, залым көп пе?
– Ғылыми атағы бар адамдар көбейдi. Бiрақ олардың барлығы да ғалым емес. Олардың арасында залым болуы да мүмкiн. Мен бiлетiн, өзiм араласып-құраласатын ғалымдардың арасында залым адам жоқ.
– Қарап отырсаңыз, қазiргi билiкке бiрыңғай қаржылы, “ақша мәселесiн шешiп алған” бай адамдар келiп жатыр. Билiкке неге бiлiмдi адамдар келмейдi? Сiзге мен бiр мысал айтайын: Смағұл Садуақасов, Темiрбек Жүргенов, Нұртас Оңдасынов, Iлияс Омаров, Өзбекәлi Жәнiбек және т.т. Бұлар аса бiлiмдi болған және билiк бұлардың бiлiмiнен пайда көрмесе, зиян көрген жоқ… (Нұрлан Әдiлбеков, Түркiстан қаласы)
– Менiңше, билiктегi адамдардың бәрiнде де диплом бар. Бәрiнiң жоғары бiлiмi бар. Сондықтан, олардың барлығын бiлiмсiз деп айтуға болмайды. Бiрақ олардың қазаққа жаны аши ма, ұлттың рухын түсiне ме десеңiз, ол басқа сұрақ. Мүмкiн, бұл жағынан келгенде ондайлар аздау болар. Бiрақ өкiметте қазаққа жаны ашитын, қазақты түсiнетiн адам жоқ деп айта алмаймын. Ондай адамдар бар. Бiрақ атын атап, түсiн түстеп бермей-ақ қояйын.
– Украинада 2,5 миллионға жуық суржиктер тұрады. “Суржик” деген кiмдер? Бұлар – орыс пен украинның некелесуiнен туғандар. Яғни, не әкесi, не шешесi орыстар, бұларды украиндар да, орыстар да “суржиктер” дейдi. Суржиктер – негiзiнен, орыстiлдi. Украинаның тағдырына қатысты сын сағаты келiп соққанда, бұлар майданға шыққан украиндарды емес, Ресейдi, Ресейдiң саясатын қолдап шықты. Украинада 10,5 миллион орыс тұрса, бұлармен қосқанда орыстың саны 13 миллионға жеттi…
Жалпы, Украинадағы майдан, Украинадағы тартыс мына бiр мәселенiң басын ашып бердi: Украинадағы орыстар ғана емес, орыстiлдiлер де (бұлардың iшiнде армян, беларусь, ноғай, татар, және т.б.) Ресейдiң саясатын қолдап шықты.
– Ал ендi бiздегi саясатты өзiңiз де бiлесiз. Жауапты қызметтер, жоғарғы орындар, банктер, iрi компаниялар, жалпы, бiр сөзбен айтқанда, билiктiң де, байлықтың да орыстiлдiлердiң қолында екенi ақиқат. Украинадағы оқиғадан соң бiздегi саясаттың, яғни орыстiлдiлерге оңды-солды, жөн-жосықсыз басымдық беретiн саясатымыздың өзгеруi мүмкiн бе? (Сәбит Мұхамеджанов, Алматы қаласы).
– Бiрiншiден, маған мына “суржик” деген сөз қолданысы ұнамайды. Суржик деген кекесiндi сөз. Жалпы, орыстың мықтылары айтқан ғой “Орыстың түбiн қазсаң, ар жағынан татар шығады” деп. Сондықтан, әртүрлi некеде болу қазiргi заманда таңсық дүние емес. Суржик болу да кемшiлiк емес. Сол үшін де, бүкiл бiр қауымды кекетпей-ақ қояйық. Бұл – бiр. Екiншiден, орыстiлдiлердiң бәрi Ресейдi қолдап шыққан жоқ. Жоқ, олай емес. Мысалы, Қырым татарлары Ресейдi қолдаған жоқ. Үшiншiден, әдетте осы тартысты орыс пен украинның арасындағы тартыс деп түсiндiредi. Орыс пен украин – бiр атаның балалары, екi ағайынды жұрттың өзара тартысы деп түсiндiрiп жүр. Ал шындығында, бұл жерде үшiншi бiр жақтың қарсылығы бар. Ол – Қырым татарлары. Өкiнiшке қарай, Қырым татарларының сөзiн сөйлеп, оны қолдап отырған ешкiм жоқ. Өйткенi, бұл халықтың саны – бар болғаны 300 мыңдай ғана. Тарихқа үңiлейiк, орыстың “Игорь полкi туралы жыр” деген керемет эпосы бар. Бұл эпоста князь Игорьдiң қыпшақтарға жасаған сәтсiз жорығы айтылады. Ол қыпшақтардың жерiн тартып алмақ болып, жорық жасайды, бiрақ өзi қолға түсiп қалып, тұтқында жатады. Бұдан шығатын қорытынды – Киевтiң түбiнде қыпшақтардың ханының ордасы болған. Осы Қырым татарлары – қыпшақтардың ұрпағы. Сол қыпшақтардың тағы бiр ұрпағы – бiздiң қазақтар. Оның бiр ұрпағы – бiздiң ноғайлар. Кезiнде қыпшақ тайпалары Донға, Днепрге дейiн барған, билеген. Орыстың осы эпосынан көп дүниенi аңғаруға болады. Сондықтан, Қырымға орыстан да, украиннан да гөрi ең алдымен, Қырым татары иелiк етуi керек. Бұл ең алдымен, Қырым татарының жерi, содан кейiн қалғандарының жерi. Қырымда Қырым хандығы 350 жыл өмiр сүрген. Олардың хандары болған, олардың батырлары болған. “Қырымның қырық батыры” дейтiн эпос бар қазақта. Ол тегiн шықпаған. Мiнеки, осы деректердiң өзi де Қырым татарларының сырттан келген халық емесiн көрсетедi. Олар – сол жердiң халқы. Бiрақ Қырым татарлары тағдырдың тәлкегiн көп көрген. 1944 жылы Гитлердiң жағына өттiңдер деп бұларды қудалаған. Шындығында, Гитлердiң жағына кiм өтпедi? Орыстар да өткен, украиндар да өткен. Қазақтың арасында да өткендер болды. Гитлердi желеу етiп Сталин Қырым татарларын жер аударған. Содан тоз-тозы шыққан, Өзбекстанды, Қазақстанды, Тәжiкстанды мекендеген Қырым татарлары өзге жер аударылған халықтармен бiрге 1956 жылы Қырымға қайтқысы келген ғой. Бiрақ Қырым татарларына арнайы “Қырымға баруға болмайды, прописка керек” деген қаулы шыққан. Сонда қарасаңыз, Қырым татарлары – өмiрдiң талқысын, тәлкегiн көп көрген халық. Қазаққа өте жақын халық. Ноғай мен Қырым татарлары қазаққа тiлi жөнiнен, мiнезi жөнiнен аса жақын халықтың бiрi. Бұл халықтан 9 Кеңес одағының батыры шыққан. Оның бiрi екi рет батыр атанған. Қырым татарынан Гаспринский деген ұлы ғұлама шыққан. Осыдан 200 жыл бұрын тiл жөнiндегi мәселенi көтерген. Қырым татарынан мықтылар, бiлiмдiлер көп шыққан. Бiрақ кезiнде осындай неше түрлi қуғынға түсiп, қазiр азайып қалған. Бiрақ олар өзiнiң рухын, Қырымның бабалар жерi екенiн ұмытқан жоқ. Бұл туралы айтып отырған себебiм, орыс пен украинның туысқан екенiн, бұлардың тарихының терең екенiн жұрттың бәрi бiледi. Орыс пен украин маған да жақын. Бiлiмдi Мәскеуде алдым. Алғашқы көрген үлкен қалам Киев болды. Киевте әскерде болғам. Мәскеуде де, Киевте де достарым бар. Мен бұл екi халықты бөлiп қарамаймын. Осы екi халықтың арасындағы тартысқа бiздiң араласуымыздың қажетi жоқ. Олардың өздерi шешуi керек. Бiзден бiр ғана тiлек – орыстың, украинның, Қырым татарларының басшыларына ақыл берсiн, сабыр берсiн, ынтымаққа келсiн. Ат құйрығын кесiп тұрып мәселенi шешемiн деу – бос әурешiлiк. Олай болмайды!
–Тәуелсiздiк алғанымызға 23 жылға қарады. Осы 23 жылда 12 Бiлiм министрi ауысты. Орта есеппен әрбiр 1,5 жылда ауысып отырған. Әрқайсысы өз “реформасын” құрып кетті. Бiлiм саласы әбден титықтады. Тұралады. Не iстеймiз? (Естай Түгелұлы, Қарағанды қаласы).
– Бiлмеймiн не iстейтiнiмiздi. Реформаны тоқтату керек. Бұл туралы мен он жыл бұрын айтқанмын. Өйткенi, реформа дегенiмiз не? Қазақтың орындауында реформа дегенiмiз адамның атын ауыстыру, бөрiктi тымақпен ауыстыру сияқты болып қалды. Бiздiң Математика институтының аты бес рет ауысты. Алғаш жай Математика институты болатын. Содан кейiн Математика қолданбалы институты болды. Содан кейiн “қазыналық мемлекеттiк кәсiпорын” болды. Қазiр Математика және модельдеу әдiстерi институты болып өзгердi. Осындай ат ауыстыру көп. Ал бiрақ заты өзгерген жоқ қой?! Өйткенi, математика саласында ғалым көбейген жоқ. Жаңа адамдардан ешкiм келген жоқ. Сол баяғы адам, тек атын өзгерте беремiз. Менiң ойымша, реформаны тоқтату керек. Ғалымдар жұмысын iстеуі керек, мұғалiмдер сабағын беруi керек. Кеңес дәуiрiндегi бiлiм бағдарламасымен сабақ оқыту керек. Гуманитарлық сала секiлдi емес, математика өзгермейдi. Осыдан миллион жыл бұрын қалай болса, бiзден кейiн миллион жылдан кейiн де солай болады. Ол өзгермейдi, онда жаңалық ашу жоқ. Ол мүмкiн емес. Пифагор теоремасы осыдан 2000 жыл бұрын қалай болса, бiзден 2000 жыл кейiн де солай болып қала бередi. Сондықтан, жаратылыстану ғылымдарын, әсiресе математика, физика, химия сияқты ғылымдарды реформалаудың қажетi жоқ. Кеңестiк кездегi оқулықтар тамаша болатын. Соларды қалдыру керек.
– Үш тiл бала-бақшадан бастап үйретiле бастады. Асқар аға, балаларға жаныңыз ашиды ма? Жаныңыз ашыса, балаларымызды мәңгүрт етiп шығаратын бұл бәлеге неге қарсы шықпайсыз? Неге тосқауыл қоймайсыз? (Сәбира Сүйiндiкова, Қызылорда қаласы).
– Бiрiншiден, мен мұны бәле деп есептемеймiн. Үш тiлдi бiлу керек, онсыз нан таба алмайсыз. Маған дүниеде ұнамайтын нәрсе көп. Бiрақ мен олардың барлығын орындауға мәжбүрмiн. Соның бiрi – үш тiл. Өйткенi тiлдi меңгеру бiреулердiң ерiккеннен ойлап тапқан нәрсесi емес. Мысалы, Швецияда бес тiлдi бiледi. Бүкiл ғылымның 80 пайызы ағылшын тiлiнде жазылады. Әлемдегi жазушылардың көбiсi ағылшынтiлдiлер. Сондықтан, сiз ешқайда қашып құтыла алмайсыз. Үш тiл, не болмаса тiптi бес тiл оқуы керек. Бiрақ бұл жерде әңгiменiң екiншi жағы шығады. Неге балалар өмiр бойы оқып, бiрақ қазақ тiлiн бiлмейдi? Әңгiме методикада, әңгiме оқыту әдiсiнде. Мүмкiн, мұны бiрiншi сыныптан емес, үшiншi сыныптан бастау керек шығар. Мүмкiн, төртiншi сыныптан? Бұл – басқа әңгiме. Бiрақ үш тiлдi бiлуге қарсы емеспiн. Үш тiл керек. Ол – заман талабы, қажеттiлiк.
– Билiк 2010 жылы халықтың келiсiмiнсiз, қоғамдық ұйымдардың қарсылығына қарамастан Кедендiк одаққа кiрдi де кеттi. Оның “нәтижесiн” көрiп отырмыз. Билiк тармақтары да оның зардабын сезiнiп отыр, бiрақ айтарға дәрмендерi жоқ. Ал ендi “жығылғанға жұдырық” дегендей, теңгенiң құнсызданғаны мынау. Билiк Мәскеумен Еуразиялық Одаққа кiруге дайындық жүргiзiп жатыр. Сiз, Асеке, қалай ойлайсыз, 2014 жылы 17 сәуiрде Н.Ә.Назарбаев Еуразиялық одаққа кiруге қол қоя ма, әлде уақытша болса да кейiнге шегере тұра ма? (Рахымжан Егiзбаев, Кентау қаласы).
–Н.Ә.Назарбаевтың шегеретiнi, шегермейтiнi туралы ештеңе айта алмаймын. Бiрақ Еуразиялық Одақты терiске шығара алмаймын. Өйткенi, бiз Айда өмiр сүрiп жатқамыз жоқ. Абсолюттiк тәуелсiздiк деген нәрсе жоқ. Сiз бәрiбiр бiреуге тәуелдi боласыз. Бiреумен сауда-саттық жасамасаңыз, алыс-берiс болмаса, онда ол қандай ел болады? Бiзге жағрапиялық жағынан ең жақын тұрған ел – Қытай мен Ресей. Әйтеуiр, бiреуiмен ынтымақта болуға тиiспiз. Басқа жол жоқ. Жеке ғана өмiр сүрiп, жеке ғана өзiм ұшпаққа шығып кетем деу – бекер сөз. Бұл жерде мынаны қатаң ескеру керек, Еуразиялық Одақ қандай одақ деген мәселеге ерекше мән беру керек. Бұл тек экономикалық одақ болуға тиiс, мен осыны қолдаймын. Саяси одақ болмауы керек.
– ҰБТ ұнай ма сiзге? (Сара Көпжасарова, Астана қаласы).
– Ұнамайды. Бiрақ ҰБТ ұнамағанымен, оның орнына не ұсынар едiңiз? Баламаңыз жоқ қой. ҰБТ жүйкенi тоздырады дейдi. Жарайды, жүйкенi тоздырмайтын, бiлiм деңгейiн анықтайтын сiздiң қандай ұсынысыңыз бар? Кеңестiк дәуiрдегiдей ауызша жауап беру ме? Келiспеймiн. Өйткенi, онда адам кiрiседi. Ал адам кiрiскен соң, жемқорлық қатар жүредi. Ал компьютер коррупцияға бармайды. Оның өзiнде коррупция бола қалса, оны адам жасайды. Сондықтан, екi жаманның қайсысы жақсы десеңiз, ҰБТ дұрысырақ дер едiм.
– Бiздiң елiмiзде жағымпаздық дәуiрлеп тұр. Сiз шетелге көп шығасыз. Кейде шетелдерде дәрiс оқып, 2-3 жыл тұрақтап қаласыз. Оларда қалай?
Жалпы, жағымпаздық ненiң белгiсi? Жабайылықтың ба, мәдениетсiздiктiң бе, үрейдiң бе, үмiтсiздiң бе? (Гүлсiм Әшiрбекова, Сарыағаш қаласы).
– Бiлмеймiн ненiң белгiсi екенiн. Жағымпаз бұрын да болған, қазiр де бар. Кейiн де болады. Ол – адамның табиғи қасиетiнiң бiрi. Шын айту, өтiрiк айту сияқты бұл да адамға тән қасиет. Сондықтан, бұл ауруды қалай емдеу туралы менен сұрамаңыз. Оны мен бiлмеймiн.
– Сiз Саят Ыбырайға араша түстiңiз. Осының себебiн бiлуге бола ма?(Мереке Күнесбаев, Екiбастұз қаласы).
– Болады. Саят Ыбырай – физика-математика мектебiнiң түлегi. Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң түлегi. Ол – мықты математик. Германияның Гумбольт атындағы стипендиясының иегерi. Ол стипендияны алған қазақта он шақты ғана адам бар. Соның бiрi мен. Оның Гумбольт стипендиясын алуына ұсыныс бiлдiрген де мен едiм. Бұл өте талантты, үлкен ғалым шығатын жiгiт едi. Бiрақ ол соңғы кездерi дiнмен әуестендi. Мен оған неге дiнмен әуестендiң деп кiнә қоя алмаймын. Ол – әркiмнiң өз таңдауы, ар-ожданы. Саятты террорист дейдi, басқа дейдi, оның бәрi бос сөз. Саят Ыбырай бiр жерге бомба тастапты дегендi естiгем жоқ. Бiреудi өлтiрiптi дегендi естiгем жоқ. Қайта содан кейiн шығып жатыр ғой барлығы да. Бомба жару да, өртеу де, ату да, шабу да. Бiрақ олардың түрмеге қамалған ешқайсысы жоқ. Абайды өте терең бiлетiн қазақтың бiреуi – осы Саят Ыбырай. Өкiнiшке қарай, ол түрмеде жатыр. Менiңше, оның жазасын азайтатын уақыт келдi. Оны егер рақымшылық жасап, неғұрлым ерте жiберсе, соғұрлым өкiмет абыройлы болар едi.
Осыдан бiр апта ғана бұрын протестант дiнiн қабылдаған бiр пасторға сот болды. Әлгi пастордың ұлты – қазақ. Бұл да Саят секiлдi ғалым жiгiт. Бұл пасторға тағылған айып Саятқа тағылған айыптан әлдеқайда ауыр. Бiрақ әлгi пастор сотта судан таза, сүттен ақ болып, ақталып шыға келдi. Неге? Бұл пастордың артында АҚШ-тың Конгресi, АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгi тұрды. АҚШ елшiлiгiнiң өкiлi сотқа қатысып, екi конгресменнiң хатын оқып бердi. АҚШ-тың атын естiсiмен, қазақтың соты жым болды…
Саятты түрмеден босату керек. Егер Саятқа кепiлдiкке адам керек болса, мен кепiлге дайынмын.
Егер Саят мұсылман болмай, әлгi жiгiт сияқты протестант болғанда, онда дүниежүзi шулайтын едi. Саяттың жазығы – мұсылман болғандығы.
– Әр ел, әрбiр мемлекет өзiнiң ұлттық мүдделерiн жанын салып түгендеп, жанын салып қорғап жатады. Немiс те, жапон да, орыс та, қытай да… Ал бiзде неге олай емес? Қазақ тiлiнiң жайы анау, қазақтың күйi мынау: Қазақстанда ең ескi, ең сұрықсыз үйде кiм тұрады? Қазақ тұрады. Қазақстанда айлық жалақысы ең аз жұмысты кiм iстейдi? Қазақ iстейдi. Қазақстанда ең күйкi, ыңыршағы айналған машинаны кiм мiнедi? Қазақ мiнедi… (Әлiм Сыбанбайұлы, Талдықорған қаласы).
– Кешiрiңiз, мен бiлетiн қазақ тек ыңыршағы айналған машина мiнiп жүрген жоқ, дүниедегi жоқ ең керемет машинаны да мiнедi. Ондай қазақтар да аз емес. Оны да айтайық. Несiне өтiрiк айтамыз? Қазақтың бәрi кедей болса, неге Алматыда таусылмайтын көлiк кептелiсiнен көз ашпаймыз? Сондықтан, мына сөзiңiз бекер. Қазiр басшылардың көбi – қазақ. Машина мiнгендердiң денi – қазақ. Ұрлағандардың арасында қазақ еместер де бар, әрине. Ол рас. Бiрақ ұрлап жатқан қазақтар да аз емес. Сұрықсыз үйде тұратын қазақтар да бар, бiрақ мыңғырған бай қазақтар да жеткiлiктi. Демек, сұрақты басқаша қойған жөн. Егер мыңғырған бай болса, “Ей, иттiң баласы, мыңғырған байлығың қайдан келдi, аспаннан түстi ме, осыны бiлiп жүр” деу керек.
– Математиктердiң арасынан (мен бұл жерде қазақтарды айтып отырмын) қоғам қайраткерлерi неге өте сирек шығады? Тiптi, жоққа тән десек те болады… (Серiк Жолдыбаев, Алматы қаласы).
– Мұны бiлмедiм. Жалпы, математика ғылымы саясатқа қатысы жоқ ғылым ғой. Математика – негiзiнен қияли ғылым. Қиялға бiр берiлсе, басқаның қызығы болмай қалатыны бар. Мүмкiн, содан қоғам қайраткерi сирек шығатын шығар.
Бiрақ қоғам қайраткерi шықпады дегенмен келiспеймiн. Қазақстандағы экономикалық реформаны жасап жатқандар кiмдер? Қарасаңыз, бiрiншi болмаса да, солардың бәрiнiң орынбасары – математиктер. Мысалы, Мәсiмов, Келiмбетов, Жандосов математиктер. Н.Назарбаевтан басқасының бәрi математик, менiңше. Мүмкiн, олар шолақ белсендiлер сияқты, саясаткерсымақтар сияқты белсенiп шықпайтын болар. Бiрақ, қаржының артында отырғандардың барлығы – математиктер.
– Бiз сiздiң Тұманбай Молдағалиевтiң туған күйеубаласы екенiңiздi, Құралай атты қосағыңыздың дүниеден өткенiн де бiлушi едiк. Балаларыңыз қалай? Өзiңiз үйлендiңiз бе? (Әзиза Жармұханова, Өскемен қаласы).
– Үлкен қызым Әлия МГУ-дiң бакалаврын бiтiрдi. Германияда магистратураны бiтiрдi. Елге келiп жұмыс таппай, қазiр жеке кәсiпкер болып жүр. Алтынай Голландияда, сол жерде бакалаврды бiтiрдi. Аманшылық болса, биыл магистратураны бiтiредi. Профессорлардың айтуынша, оқу үлгерiмi өте жақсы. Мүмкiн, РhD-ға қалады деген өз ойым бар.
Екiншi рет үйлендiм. Екiншi жеңгелерiңнен екi ұлым бар. Үлкенiм Медет үшiншi сыныпқа барады. Кiшiсi нөлiншi сыныпқа барады. Қазiр алпысқа келiп атқарып жүрген шаруам мектепке бала тасу болды. Екеуi де қазақ мектебiнде оқиды. Қыздарым қазақ, ағылшын, немiс, орыс тiлiнде жетiк сөйлейдi, математиканы да мықты бiледi.
– Сiз нендей нәрсеге қатты намыстанасыз? (Еркiн Тұрақын, Тараз қаласы).
– Жапон компьютер жасай алады. Қазақ неге жасай алмайды? Немiс мықты теориямен дәлелдей алады. Қазақ неге дәлелдей алмайды? Ағылшын физиканың мықты заңдарын аша алады. Қазақ неге аша алмайды? Мiне, мен соған намыстанамын. Бұл қазақ ағылшын, немiс, жапоннан кем деген сөз емес. Қазақ потенциалы мықты халық. Менiң айтпағым, жалған намыстың керегi жоқ. Француз, ағылшыннан ғылымды үйренейiк. Содан озып шығуымыз керек. Оған бiздiң толық мүмкiншiлiгiмiз бар.
–“Әйелден ақын шықпайды” дейдi, әйелден математик шыға ма? (Әдiлхан Хамит, Семей қаласы).
– Бұл Есенғалидың сөзi ғой. Оның осылай деуге қақысы бар. Мен бiлетiн мықты ақын әйел-қыздар бар. Көп. Ал әйелден математик шыға ма дегенге келейiн. Шығады әрине, мысалы, С.Ковалевская. Әрине, қазақтан әзiрге шыға қойған жоқ. Шек қоюға болмайды. Шек қою үшiн Есенғалидың деңгейiндей болу керек. Ал менiң деңгейiм оған жеткен жоқ.
– Дәл қазiр кiмнiң кiтабын оқып жатырсыз? (Оразалы Сүйiндiков, Қарағанды қаласы).
– Ешкiмнiң кiтабын оқып жатқаным жоқ. Уақытым да жоқ. Азаннан кешке дейiн сабақ беремiн, бала тасимын. Қайдағы кiтап? Мен тек Абай деген кiсiнiң кiтабын оқимын. Өйткенi ол қысқа, нұсқа жазған. Содан басқа кiтап оқуға уақытым да, жағдайым да жоқ.
– Жастар сiзден “махаббат, ғашықтық” жөнiнде сұрап жатса, нендей кеңес берер едiңiз? (Сәлiм Ағабекұлы, Түлкiбас стансасы, Оңтүстiк Қазақстан облысы).
– Махаббат, ғашықтық – ақын, әншiлердiң тақырыбы. Менiң тақырыбым емес. Махаббат туралы миллион өлең бар, ал математика туралы неше өлең бар? Екi ақынның бiрi махаббат туралы шедевр өлең жазады. Мың ақынның бiрi математика туралы шедевр емес жай бiр өлең жаза ала ма? Махаббат пен математиканың арасы жер мен көктей. Махаббат – ұлы сезiм. Бiрақ соңғы кезде бұл ұсақталып, майдаланып кеткен сияқты. Соңғы мәлiметтерге қарасаңыз, 30 пайыз жастар махаббатпен үйленiп, жарты жылға жетпей ажырасып кетедi екен. А.Пушкин “мәңгiлiк махаббат көп болса, үш-ақ аптаға созылады…” дейдi. Сондықтан, мен үшiн махаббат деген сөзден гөрi, жауапкершiлiк, еңбекқорлық, адалдық деген сөздер құрметтiрек. Жастарға айтарым, егер сiз Естай ақын болмасаңыз, Қорлан болмасаңыз, махаббат дегенге бас ауырта бермеңiз. Еңбек етiңiз. Оқыңыз. Бала-шағаңызды асырайтын деңгейге жетiңiз. Қалғанының бәрi содан кейiн келедi. Оның iшiнде махаббат та бар. Менiң пайымдауымша, қарны тоқ, көйлегi көк адамның махаббаты баяндырақ болады. Ал аш-жалаңаш адамдардың арасындағы махаббат ертегiлер мен аңыздарда ғана баяндырақ болатын сияқты.