Асқар Жұмаділдаев МГУ-ге қалай түсті? Немесе белгілі математиктің белгісіз сырлары

АСҚАР туралы бұрын да жазғанмын. Сонан бері жиырма жеті көктем жылжып өтіпті. Оның басын ақ қырау шалса, біз де көкала сақалға айналдық. Бұл – елу деген еріңнің еңсеріп қалғаны. «Елудегі егделердің бірімін», — деп Әбділдә ақын тегін айтпаса керек.

Ол кез Асқардың қайран жиырма бесті ерттеп мінген жігіт шағы еді. ВЛКСМ XIX съезіне делегат болған жерлес әрі құрдасымды «өз жақсыңды жаттай сыйла» деп, «Білім және еңбек» журналына жазып едім. Сондағы қойған тақырыбым – «Математик Лидің қазақстандық ізбасары». Әлі күнге ол норвег Лидің жер шарындағы санаулы ізбасарларының бірі боп жолын жалғастырып келеді. Сол жол Шиеліден бастау алған еді…

Қағілез бала қарап жүрмей, айналасына терең көз салып жүрді. «Әр төбесін басқанда бір ертегі шертетін» Сыр даласындағы төбешіктерді зерттегісі келді, ауылға жақын Сығанақ қаласы туралы көнекөздерден сыр тартып, «Қазақ» сөзі қайдан шықты?» деп «Қазақстан пионеріне» мақала жазды. Математикаға алғыр бала тарихқа да ерекше құмартты, өлең де жазды. «Басқаның бәрін білгенмен, тарихты білмей толыққанды азамат бола алмайсың» деген сөз де жүрегін толқытты. Сөйтіп жүргенде жас математиктердің облыстық олимпиадасында жеңімпаз атанып, Киевтегі Бүкілодақтық олимпиадаға қатысып, арнайы жүлдемен оралды. «Лениншіл жастың» бетіндегі мектеп оқушыларына арналған есепті түгел шығарып, газеттің де жүлдесін жеңіп алды.

Сол кезде қазақ балаларының болашағын ойлаған Новосібірде тұратын математик-ғалым Асан Тайманов Алматыда физика-математика мектебін ашуға ұсыныс жасап, оның алғашқы директоры Шкарлат деген математик болды. Ауылдан келген «есептің майын ішкен» балалар қаздай тізіле қалды, олардың ақ топырақты сағынған көкіректерінде бір балалық арман бүлкілдеп жатты. Солардың бәрі де бүгінде ел мен жер тағдырын толғаған ірілер болды. Соның бірі Мәскеуде физик-инженер даярлайтын институтын тәмамдаған Мұхтар Әбіләзов болатын. Онымен де ең алғаш 56-шы мектептің ауласында ой кешіп жүргенде жүздескен еді.

Мен Асқармен әңгімемді Мәскеуге ойыстырдым.

-Сені биік деңгейге шығарған Мәскеу ғой.

-Иә, Мәскеу мемлекеттік университеті болмаса, бұл деңгейге жету мүмкін емес еді, — дейді ол ақтарылып.

Киев, Рига, Симфереполь қалаларында өткен олимпиадаларда жүлдегер атанған ол қазақ сыныбын бітіріп, қиналатынын сезсе де, мектептен соң Мәскеу мемлекеттік университетіне тартып кетті. Көкесінің қалтасына салған жүз сомына көңілі тоқ, қайтсем де оқуға түспей қайтпаймын деген алып-ұшқан арман оны 7-ші пойызға отырғызып, Мәскеуден бір-ақ шығарды. Екі сабақты беске тапсырды, үшінші сынақ – орыс әдебиетінен мазмұндама жазғызды, Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігіндегі» Аустерлицг шайқасы, шайқас даласында жараланып жатқан Андрей Болконскийдің монологы келіп, өзі жақсы білетін шығарманың эпизодын мазмұндап жазып шықты. Бірақ баға қойылмапты. Демек, бұл қанағаттанғысыз деген сөз. Құжатын алуға барған қабылдау комиссиясының бір мүшесі: «Мазмұндамада жеті қате болса, «үш» деген баға қойылады. Сенде бір қате бірнеше рет қайталанып жүр. Оның бәрі бір қатеге есептелуі тиіс. Сен ректорға осыны айтып өтініш жаз», — деді де, өзі көмектесіп, өтінішін ректордың қабылдау бөлмесіне жеткізді. Сөйтіп, мәскеулік бейтаныстың тосын ақылымен «үштік» баға қойылып, студент атанды.

-Менің Мәскеумен қауышуым осылай басталған, — дейді ол ақсия күліп. – Маған қиыны «СССР тарихы» болды. Соны игере алмай біраз қиналдым. Сосын қоғамдық жұмысы жоқ деп біразға дейін Лениндік стипендия берілмеді. Кейіннен курстағы топтық кәсіподақ ұйымының жетекшісі болып, ең биік стипендия тағайындалды. Біліміме кесе-көлденең тұрған ешкім болмады. Мәскеуде білімдіге жол даңғыл. Н.Ф Ефимов, А. И. Кострикин, А.Н. Колмогоров, академик А.С Александров, КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшелері А. Н. Марков, И. Р. Шафараевичтер – міне, менің ұстаздарым осылар. Осылардың ұйғаруымен аспирантураға қалдым. 1981 жылы КСРО Ғылым Академиясының Стеклов атындағы Математика институтында «Модулярлы Ли алгебралары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Мәскеу менің жеті жыл тұрған ыстық мекенім.

«Ли дегеніңіз кім?» — деп оқырман сұрау салуы мүмкін. Әуелі Евклидтің «Геометрияға да шабыт керек» деген сөзін еске түсірейік. «Математикада да гармония, сұлулық бар. Мен өзім есеп шығарғанда немесе күрделі теоремаларды дәлелдегенде керемет рахатқа бөленіп, одан ләззат аламын», — деген-ді Асқар. Кезінде есеп шығарып ләззат алған, бүгінде алгебраның бір атасына айналған атақты норвег математигі – Софус Ли. XIX ғасырдың аяғынан бастап физиканың дамуы, дифференциалдық геометрия, дифференциалдық теңдеулер теориясы жаңа алгебраларды қолдану қажеттігін туғызды. Мұндай алгебралар – Ли алгебралары деп аталады. Мәселен, Ли алгебрасында кез келген элементтің квадраты нөлге тең. Осындай ғажайып алгебраның математика мен физикада қолданылатын мүмкіндіктері зор екенін алғаш дәлелдеген де Софус Ли. Ли алгебралары жиырмасыншы ғасырдың басынан зерттеле бастады. Ал біздің кейіпкеріміз Ли алгебралары жөніндегі Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз зерттеуші екенін айтсақ, Лидің ізбасары демеске амал бар ма?

Коммунистік партияның мүшесі болмағандықтан, шетелдердегі мәжілістер мен кеңестерге қатыса алмай жүрдім. Кейіннен мүмкіндік туды. Алгебра дегеніміз – амалдар қасиеті. Қосу, алу, бөлу, көбейтусіз өмір жоқ. Бұл мойнымызда жүретін дұға секілді. Осыны ғылыми дәлелдеген – Ли.

Асқар екеуміз сүйір иегін ұстап ойға шомған Шоқан ескерткішінің алдында отырмыз. Ол Германия, Франция, Норвегия, Дания, әсіресе, Стокгольмде жиі болатынын айтты, бір нәрсені армандағандай ол да ойға шомды.

-Қаныш Сәтбаев Президент кезінде осы жерді Панфилов паркіне дейін созып, Академия қалашығын жасаймын деп жоспарлапты. Ең басында Шоқан тұрады. Бірақ басталған іс аяқталмай қалыпты. Қарашы, мынау биік үйлер еңсеңді басады. Ғылым да шығармашылық еркіндікте жасалмай ма?

Елбасының қаланы аралағанда «Бала ойнайтын да жер қалмапты ғой», — деп ренжи сөйлегені де құлаққа келеді. Академияны алқымға алған қып-қызыл сорайған үйлер «ал қайтесің» дегендей аспанға қарап атырылып тұр.

-Францияның Математика институтын Наполеонның өзі құрыпты. Алты-ақ адам жұмыс істейді. Мен шыңдалған шебер (мастер класс) ретінде семинар жүргіземін. Бұл өзі математиктер Меккесі сияқты жер. Мұнда ғылыми мәселелер түскі тамақ үстінде шешіледі. Саясат сөз болмайды. Тек таза ғылым. Олар «Сен төрт рет келіп, төртеуінде де лекцияны ағылшынша жүргіздің. Французша жүргізетін кезің болды ғой,» — деп реніш білдірді. Мен өз Отанымда 4,7 пайыз қолданылып жүрген мемлекеттік тілім – ана тілімді ойладым. Өзім Парижде, Италияда, Стокгольмде жүргенімде математик екенімді сезінемін. Шведтерден Нобель шықты. Ол да меценат. Олардың байлары ғылымнан аянбайды. Бізде де солай болса ғой.

Бұның бұра тартар тік мінезін бұрыннан білемін. Арада жылдар жылжып, өмір мен көңіл қосы өзгерсе де сүтпен келген сол мінез өзгермепті. Ол қашан да өз мұратына адал, сөзіне сенімді. Тәуелсіз еліміздің алғашқы шақырылған Жоғарғы Кеңестерінде халық қалаулысы орындығына отырып, өз атынан халқына жағымды сөз сөйлеген де осы Асқар болатын. XII шақырылған кеңесте С. Зиманов, Ө. Жолдасбеков, С. Сартаев, Ш. Есенов, М. Қозыбаев, Қ. Мырзалиев, Ш.Мұртаза секілді ел таныған ағаларымен қатар отырып, халық күшін – ел үнін танытты. XIII шақырылған Жоғарғы Кеңесте тәуелсіздік декларациясы қабылданды. «Қазақша білетін Адам ғана Президент бола алады» деген ұсыныс түсті, сонда Асқар «Қазақ тілін еркін сөйлеп, жаза алатын адам ғана Президент бола алады» деген түзету енгізіп, заманымыздың қарлығашындай «еркін» сөзін қосып, өз ойын еркін көсілтті. Сонда Козлов деген депутат: «Неге менің балам Президент болмауы керек?», — деп қарсы дау айтып, тап берді. «Сіздер болдыңыздар, әлі де болмай қалмайсыздар, әуелі тұрған жеріңіздің тілін үйренетін уақыт жетті», — деп көпшілік көңілінен шыққан уәж айтты. Еркін сөз, еркін пікір мінберінің қарлығашы іспеттес екі шақырылымдағы Кеңестің ғұмыры қысқа болғанмен иісі қазақтың есінде мәңгі сақталып қалды.

1988 жылы Ленинградта «Ли алгебраларының когомологиялары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі боп сайланғанына өзі де таңғалды. «Мені математик Өмірбек Жолдасбеков қолдапты. «Жақсылыққа жақсылық бәрінің қолынан келеді, жамандыққа жақсылық әркімнің қолынан келмейді» дейді ғой дана халқымыз. XIII шақырылған Жоғарғы Кеңесте Өмекең, МГУ-дің түлегі, мәдениет пен ғылым жөніндегі комитеттің төрағасы болды. Сол кісі, әйтеуір, мені ұнатты, айтқанын екі етпедім. Дауыс бергенде мені қатты қолдапты. Топырағы торқа болсын», — деді мұңайып. – Қазір корреспондент-мүше 80 доллар айлық алса, біздің ғылым адамдары, салым тастағанына мәз көкпаршылар секілді.

-Осы айлық алуға қалай қарайсың? – дедім тәуелсіздік алғалы әрі қиын, әрі оңай боп кеткен мәселенің басын шалып.

-Бізде мемлекеттік сыйлықтың ғылыми құны жоқ, — деп ол тура пікірін білдірді. Оның Германияның Гумбольт сыйлығын алғанын білемін. Бұл – математиктер үшін Нобель сыйлығымен пара-пар дүние (математиктерге Нобель сыйлығы берілмейді, оның өзі бір сырлы шежіре). – Мына көкшіл галстук лауреатқа қоса беріледі, ғылым саласындағылар осы галстугіне қарап Гумбольттің иегері екеніңді біледі.

Ол, сондай-ақ, Жапония ғылымды қорғау қозғалысының, Швед Корольдігі Ғылым Академиясының стипендиаты, шетелдердегі тағы да бірнеше ғылыми ұйымдардың үздік ғалымдарға тағайындалған грантын жеңіп алған. «Осымен күн көріп жүрміз ғой» дегенді ерін ұшында іркіп қалды. Кәнігі сыр көзінен оқылып тұр.

Ол біздегі нақты ғылымдар саласындағы дарынды жастардың өзімізде көп тұрақтамай, шетелге кетіп қалу сырын да жайып салды. «Бізде ғылыми орта жоқ, жағдай жоқ. Сондықтан, олар төте жолды таңдайды. Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасын өте қолдаймын. Бұл – ғылым үшін қажетті жол», — деген кезде Шоқан көшесінде сап түзеген зәулім тұрғын үйлер Қаныш Сәтбаев арманының сарқындысындай боп көрінді.

Ол тәуелсізідіктің алғашқы күндерінде, депутат орындығынан ытқып кеткен сергелдең күндерде, көңілдегі көрікті ойды өлең жолдары қып қағазға түсірді. Оларды «Өзіме арналған өлеңдер» деп құпия дәптерде ұстады. Ал жазған ғылыми мақалалары әлемнің ең беделді басылымдарында жарияланып жүр. Шетелдердің топырағын басқанда қазақтың атын іздей жүретін әдеті бар. «Сан жылдардан бері Францияда жүріп, қазаққа байланысты теледидардан бір-ақ көрініс көрдім, бірақ ол да көкейге қонбады. Шетелдіктер түгілі, КСРО құрамында тұрғанда «Волоколам тас жолын» қойған МХАТ театры Бауыржан Момышұлы басына касканың ішіне өзбектің ала тақиясын кигізіп қойыпты. Не нәрсеге де біз өзіміз ел болып ара түспесек болмайды». Ол жүрген жер, барған үйлерінен қазақ кітаптарын іздейді, француздың алты профессорының үйінен Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» көргенін тамсана айтады. Сол «Жәмиланің» авторы – Шыңғыс аға жол үстінде – Стамбул әуежайында кездесіп қалады. Ол пойыз бен ұшақ үстінде кәнігі сырласы – кассетаға салынған қазақтың әні мен күйін құлаққа сым салып тыңдамаққа асығып, тіркеу залында тұрғанда сұңғақ бойы көк тіреген заңғар жазушы келе жатты. Сәлемдесіп, ұшаққа қатар отырып, үлкен жерге отырғанша сыр бөлісті.

-Математиктерден Нобель сыйлығына пара-пар грантқа мұсылманнан тұңғыш ие болған пәкістандық Абдусалам еді. Болашақта әдебиеттен сіз ие боларсыз, — деп еркін ой жүйткіткенде:

-Иә, иә, бұйырған қашпас. Мен бізден сендей жігіттің шыққанына қуанамын, — деп шын жүрек лебізін білдірді Шықаң…

-Трайболизм дегеннен аулақ екенімді білесің, — деді ол түсін суытып. – Елге келгенде біздің ғылыми институттарда да Швеция, Париж, Стокгольмдегідей сөз аз, іс көп болса ғой деп армандаймын. Мен үшін бәрінен де Мәскеудің орны бөлек. Ол – менің махаббатым десем де болады. Алғашқы жұбайым – Құралаймен сонда таныстым. Ол Мәскеудің физик-инженерлер даярлайтын институында оқыды. Үлкен қызымыз — Әлия МГУ-дің экономика факультетін бітірді. Университет қалашығы, өзім отырған «Ленинканы» (Ленин атындағы кітапхана, қазір атауы өзгерді ғой) сағынамын. Ресейдегі Қазақстан жылында жол түсе ме деп едім, ойлағаным болмады.

Санның анасы – қосу мен алу, математиканың анасы – алгебра дейміз. Алгебрадан жаңалық ашқандар оны архивке жібереді, бір ғасырларда ол Ли ме Ковалевская жаңалығындай жарқ етіп жарыққа шығады. Асқардың да өмірі осындай. Ол Францияда жүріп, теңдеуі төртке тең алгебралық амалды ашып, оған Кененнің қызы Төрткеннің есімі жаңғырсын деп, «Төрткен амалы» деген атау қойды. Қазақтың бозторғайының қызы – ән-жырға малынып туған перзент атымен аталған жаңалық есеп «Алгебрадағы байланыстар» халықаралық журналында жарияланып, жер жүзіне тарап кетті. Ол әлемнің әр түкпірінің топырағын басып, есеп шығарып жүрсе де, ел қамын естен шығармайды. Ауылдың арғы бетіндегі Мәскеуге баруды ойласа, ет жүрегі езіліп кетеді.

Мәскеу бір кездері он бес одақтас республиканың жүрегі боп дүрсілдей соқты. Алдына алыстағы деревнядан оқу іздеп қашып келген Ломоносовтың тас мүсіні тұғырға орнатылған оқу орны оның қобалжу мен қуанышты сәттерді бастан өткерген ұмытылмас мекені.

Он алты жасында Мәскеу мемлекеттік университетінің партасында отырып орыс тілінде мазмұндама жазған балаң жігіт жер ортасы жастан асса да өзінің жігерін жанып, өмірге қанат қақтырған, бес жыл бойы кіріп-шыққан көне қызыл есікті әрдайым аңсап отырады. Ол туралы айтса да, өзінің жолын қуған кейінгілер еліге тыңдап, еліктеп отырады.

Қуандық Түменбай

«Үркер» журналы, 2009, 7-8 номері