Асқар Жұмаділдаевтың Abai.kz сайты жүргізген интернет-конференциядағы сұқбаты

– Қайырлы таң, Асқар аға! Сіз қазақтың сақалын сипап сазға отырған мына кейпіне ең алдымен жөн сілтей алар қабілеті жоқ енжар зиялы қауым кінәлі екеніне, екіншіден, ез, енжар һәм жалқау қазақ халқының өзі кінәлі екеніне менімен келісесіз бе? Келіспесеңіз неге? Неге қазақтар өркениет деп айтатын дүниетаным деңгейінде өте төмен орналасқан?

– Жалқаулар қазақта бар. Жалқаулар қазақ еместерде де бар. Бұдан қазақ халқының өзі кінәлі деген қорытынды шықпайды. Қазақтар дүниетаным деңгейінде төмен орналасқан деген қате пікір.

Қазақ демей-ақ қоялық, өйткені қазақ әзірше бар потенциалын ашып үлгірмеген жас ұлт, қазақтың бабалары – көшпенділер делік, олар, мысалы өркениетке мынадай үлес қосқан:

  1. Бұтқа шалбар киюді үйреткен;
  2. Үзеңгіні ойлап тапқан;
  3. Көбейту кестесін үйреткен.

– Сіз математика саласында әлемдік деңгейде қызмет етесіз. Математика саласын мықты меңгере отырып және де ең бастысы қоғамның жай-күйін талдай білетін қабілетке ие бола отырып не себептен мемлекетке, экономика саласында тұщымды кеңес, яки қонымды жоспар құрып бере алмайсыз?

Математика мен экономика екеуі екі бөлек ғылым. Екеуінің ортақ бөліктері болуы мүмкін. Мен математиканың өте кішкентай бөлігін ғана білемін. Оның да экономикаға қатысы жоқ.

Саят Ыбырайға араша түскеніңіз белгілі. Алла разы болсын, қалың қазағыңыз риза, енді сол шаруаның соңы не болып жатыр? Арыстай азаматымызды қараңғы қапасқа қамап қойып қалай тамағымыздан ас өтеді?

Естуімше, Саятқа екі айдай неше түрлі айып тағылды. Қазір ештеңе табылмағасын, енді қандай айып ойлап табамыз деп тергеушілердің бастары қатып жатқан секілді. Мен білетін Саят – немістің әлемдегі ең беделді Гумбольтд стипендиясын алған қазақстандық үш математиктің бірі, МГУ-дың түлегі, мықты математик, ғылым докторы, профессор. Абайды Саяттай білетін, Шәкәрімді Саяттай жатқа айтатын басқа қазақты көрмедім. Қазақ мақтанар болса, осындай болсын дейтін азамат. Саяттың әлі қапаста жатқаны өкінішті.

Сіз қоғамға белгілі адамсыз. Мемлекет басшысына, еліміздің білім, ғылым саласының азып-тозып тұрғаны жөнінде неге ашық хат жазбайсыз? Біз секілді қарапайым адамның сөзі өтпейді, ал сіздің сөзіңіз өтімді болар еді.

Ғылым мен білім деңгейі өспеді, ойдағыдай деңгейге көтерілмеді. Үзіп-жұлқып жасалған реформалар ғылымның титығына жетті. Бұл жөнінде ойымды анық айтып жүрмін. Ашық хат жанрын меңгергенім жоқ. Меңгергім де келмейді.

Қазіргі егеменді еліміздің мектеп, институттарында білім беру сапасы Кеңес Одағы кезіндегі білім беру сапасынан едәуір төмен түсіп кеткенін мойындайсыз ба? Осы екі кезеңдегі білім сапасына 5 балдық шкаламен баға берсеңіз. Мысалы: Кеңес заманында – +4 болса, егеменді елімізде – 3 немесе 2 деген секілді.

Білім, ғылымды шартты түрде екіге бөлуге болады: идеологияның әсері басым гуманитарлық ғылым, идеологияның әсері аз жаратылыстану ғылымы. Кеңестік дәуірдегі гуманитарлық ғылым өкілдері міндеттелген есебін шығара алмаса да, жауабына қарай туырлайтын нашар оқушыны еске түсіреді. Өйткені, не істесең де қорытынды партия съездері шешімдерімен, күн көсемдердің цитаталарымен сәйкес келуі керек. Жауабы белгілі ғылым – ғылым емес. Сондықтан, Кеңес дәуіріндегі идеологиялық ғылым, идеологиялық білім деңгейін 2 деген бағамен бағалауға болады.

Ал жаратылыстану саласына, іргелі ғылымдар саласына келсек, жағдай мүлдем басқа. Кеңестік дәуірде адам алғашқы рет ғарышқа ұшты. Кеңестік дәуірде атом игерілді. Кибернетика мен генетика саласының негізі қаланды. Рас, бұл салалар Кеңестер Одағында дами алмады. Себебі, ғылымдарға идеологияның шабуылы орасан зор болды. Ғарышта адам ұшқаннан кейін Америка басшылары, Америка зиялылары сұрақты төтесінен қойды. Неге ақшасы мол, қайраты мол, жерінде соғыс болмаған Америка кеше ғана соғыстан шыққан, орасан зор шығын көрген Кеңестер Одағынан қалып қойды? Кеңестер Одағының біз білмейтін қандай құпия қаруы бар? Зерттей келе жауап та төтесінен айтылды. Кеңестер Одағының бізде жоқ құпия қаруы білімінде, идеологиялық ғылымында емес, жаратылыстану ғылымдарын оқыту жүйесінде. Пролетариат диктатурасы туралы ілім, КПСС-нің ең озық партия екендігі жөніндегі ілім, күн көсемдердің даналығы жөніндегі ілім ешқандай ғылым емес, бәрі бос сөз, бұған назар аударып қажеті жоқ. Кеңестер одағының орасан күшті қаруы математика, физика, химия сықылды ғылымдарды оқыту жүйесінде. Сондықтан біз де осындай іргелі ғылымдарды оқыту, дамыту бағытында жұмыс істеуіміз керек деді. Демократиялық жүйенің тоталитарлық жүйеден айырмашылығы, артықшылығы қатені мойындай білуінде, мойындап қана қоймай, қатені жөндей білуінде. Сондықтан жаратылыстану саласындағы Кеңестік дәуір оқу жүйесіне 5 деген баға қоюға болады. Өкінішке орай, біз Кеңестік дәуірдегі жаратылыстану ғылымдарын оқыту үрдісінен алшақтап барамыз. Бұның артықшылығынан гөрі кемшілігі көптеу көрінеді. Біздің математика саласындағы жеңістеріміз инерциямен келе жатқан Кеңестік дәуірдегі жетістіктеріміздің жалғасы.

Сізді әлем мойындаған математик ретінде мақтан тұтамын. Барлық жетістікке өз еңбегіңізбен келгендігіңіз жұртқа мәлім. Қазір көбіміз өкінішке орай, «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді мақтан тұтатын болдық. Бұл ғылым саласына да қатысты. Жастар екі-үш диплом алып, жұмыссыз жүр. Сонда білімнің сапасы кеткен бе? Әлде мәселе басқада ма?

Білімнің сапасы төмендегені рас. Бірақ, себеп тек осында десек қате болады. Жастардың көбі істің парқына бармай, жылтыраққа әуестенеді. Ертең жұмыс таппайтыны белгілі болса, ондай саланы игеріп не керек? Сіздің қалтаңызда он диплом болуы мүмкін. Керек емес университеттердің керек емес мамандықтарын игеріп, керек емес дипломдардың коллекциясын жасап музейге тапсырмақшымысыз?

Құрметті Асқар мырза, сіз Қазақстанда екі жақсы мектеп бар дейсіз. Олай болған жағдайда, 7800 мектеп сабақ оқытпай ма, өзіңіз алғаш білімді қай мектептен алдыңыз?

Қазақстанда мен білетін екі жақсы оқыту жүйесі бар: бірі – Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебі; екіншісі – Қазақ-Түрік лицейлері. Ғылыми олимпиадалардағы жетістіктер бұған дәлел. Аудан, облыс, Республика деңгейіндегі емес, халықаралық деңгейдегі жетістіктердің бәрі дерлік осы екі мектеп түлектерінен шығып жүр. Назарбаев университетінде оқып жатқан кімдер десеңіз, негізі осы мектептердің түлектері. Гарвардта, MIT-те оқып жатқан қазақ жастары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бәрі дерлік осы екі мектептен шығады. Ғылыми жоба жарыстарын алыңыз, медалистер санын алыңыз, тесттен ең жоғарғы балл көрсеткендерді алыңыз, бәрі дерлік осы екі мектептің түлектері. Бұның сыры неде десеңіз, бұл екі мектепте де математика мен физиканы дұрыс оқытады. Кеңестік (немістік) жүйемен, бұрынғы Кеңестік кітаптармен оқытады. Математика мен физиканы жақсы меңгерген баланың логикасы анық болады. Логикасы дұрыс адам басқа да кез келген саланы тез меңгеріп кетеді.

Әрине, екі мектеп мықты деген тұжырымнан басқа мектептерде сабақ оқытпайды деген қорытынды да шығаруға болмайды. Мен Шиелі ауданындағы №299 төрт жылдық теміржол бастауыш мектебінде, сонан соң аудан орталығындағы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы № 45 қазақ орта мектебінде, соңғы үш жылды Алматыдағы республикалық физика-математика мектеп интернатында оқыдым. Бұлар өте жақсы мектептер.

Балаларыңызбен қазақша сөйлесесіз бе? Қазақ мектептерінің оқушылары нашар деген ұғыммен келісесіз бе? Бұл ұғым (нашар деген) қайдан шыққан, кім, неге шығарған деп ойлайсыз?

Балаларыммен, үй ішімен қазақша сөйлесемін. Балаларым қазақ тілінде тәп-тәуір сөйлейді. Кейде өзге тілде жауап аламын. Бұның себебі теледидар әсері деп білемін. Балалар далада еркін ойнай алмайды. Алматы, өкінішке орай, баяғы алма қаласы емес. Алматы – үлкен авто тұрақ. Балалар далада еркін ойнауы үшін қасына бір ересек еріп шығу керек. Үйде отырған баланың тірлігі – азаннан кешке дейін теледидар көру, мультфильм көру. «Балапан» дейтін жаңа бағдарлама шықты деп есіттім. Бірақ біздің ICON да «Балапан» жоқ. Кабельдік телевидениеде толып жатқан спорт, музыка хабарлары. Бәрі дерлік Ресейден, не шет елден келген бағдарламалар. Парламент заң шығарып, заңда тек қана тіл қатынасы елу де елу емес, барлық кабельдік телевидение қазақтың балаларға арналған бағдарламаларын және оқу-ғылымға қатысты танымдық бағдарламаларын көрсетуін міндеттеу керек деп есептеймін. Қазақ мектептерінің оқушылары нашар деген пікірмен келіспеймін. Бұл пікір өзі тіл білмегендіктен балаларына көмектесе алмайтын ата-аналардан шығуы мүмкін.

Білім. Демография. Экономика. Саяси тұрақтылық. Қайсысын бірінші орынға қоясыз.

Бәрі де бірінші орында.

ОБСЕ саммиті бізге не берді, біз оған не бердік?

Он бір жыл бойы басы қосылмай жүрген елдердің басын қосудың өзі ерлік. Кімнің кімге не бергенін білмеймін.

Батыстың дамуын біраз ғалымдар Лютер мен Кальвиндер өмірге әкелген протестантизм дінімен байланыстырады. Демек, ғылым, экономика діннен бөлек болмады ғой. ҒАЛЫМДАРДЫҢ ДІНДІ СЫНАЙТЫН НЕ ЖӨНІ БАР?

Дүние – жалған деген ұғымды өкінішке орай, кейбір мұсылман «білгіштері» теріс түсіндіреді; дүние – жалған, нағыз өмір о дүниеде басталады, жұмақ, хор қыздары, өздігінен пісіп, аузыңа түсіп тұрған жеміс, нағыз рахат, т.б. бірақ бұның бәрі о дүниеде болмақ. Демек, бұл дүниеде аса тырысып керегі жоқ, аса жан ауыртып еңбек қылып керегі жоқ, бәрібір бар жақсылық өлгеннен кейін басталады. Өкінішке орай, бұл психология қазақтың әндеріне, аңыздарына, ойлау болмысына терең енген. Дүние қайран, жас кезіңде ойна да күл дейді. Тек қана бір қазақ – Құнанбайұлы Ибраһим деген кісі «Қайратың барында еңбек қыл, ғылым үйрен, мал тап» дейді. Лютер мен Кальвиндер о дүние ұғымын жоққа шығармайды. Бірақ жұмаққа барар жол бүгіннен, өзіңнен басталады дейді. Өзіңе сен, аянбай еңбек ет, басыңды істет, нағыз сауап іс – осы дейді. Батыстың қатты дамуының бір себебі осында жатқаны хақ. Сондықтан, батыстың дамуын ғалымдардың протестантизм дінімен байланыстыруы кездейсоқтық емес.

Ататүрк те жастарды шетелдерге оқытуды қолдаған екен. Сол жастар шет елдегі оқуын аяқтап елдеріне келгенде оларды білім-ғылым саласына жіберіпті. Бір жағынан, қисынды үйреніп келгенін қаншама отандастарына үйретеді. Ал, бірақ билікке жолатпаған. Бұлар өзге елдің идеологиясына уланып қалған болуы мүмкін, сондықтан елді бүлдіруі мүмкіндеген ой болған көрінеді. Сіз осыған қалай қарайсыз. Шет елде оқып (қалай, нені оқығанын бір құдай білер) келген, еңбек тәжірибесінен хабарсыз өрімдей балаларды жоғары лауазымдарға жайғастыруды қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

Билікке кедейдің баласы ғана келуі керек деген дұрыс емес, билікке байдың баласы ғана келуі керек деген де дұрыс емес. Билікке шетелде оқыған бала ғана келуі керек деген дұрыс емес, шетелде оқымаған бала ғана келуі керек деген де дұрыс емес. Билікке ұяты бар, ақылы бар, іскерлігі бар, адамдармен тіл табыса жұмыс істей алатын бала келуі керек деген дұрыс.

Дүниежүзіндегі ең ұлы математик қазір кім? Ол несімен ұлы? Сіз өзіңіз ұлы математик деп мойындаған тұлғаңызбен кездесіп көрдіңіз бе?

А.Н Колмогоров, И.М. Гельфанд, Ж.П. Серр, … Олардың ұлылығы мықты теоремалар дәлелдегендігінде. Мен бұлардың семинарларына қатыстым. Лекцияларын тыңдадым.

Сессия кезіндегі «ставкаңыз» қанша?

Сессия кезіндегі менің студенттен алар «ставкам» 0 теңге. Менің студентке берер «ставкам» – 100 доллар. Бұл ставка жыл сайын өсіп тұрады. Егер есеп бұл жылы шықпаса, келесі жылы 200 доллар, ол жылы шықпаса, келесі жылы 300 доллар дегендей. Әзірше мені 300 доллардан артық ұтқан студент жоқ. Демек, есеп бір жылы шықпаса, көп болса үш жылда шығады деген сөз. Егер есеп шығаруға шамасы келмей, бірақ ынта танытса, табандылық танытса, есеп шығаруға ұмтылыс қылса, «ставка» – студентке тегін бір түскі ас. Бұл менің ноу хауым. Патенттелмеген. Тираждамақ азаматтар болса, бұл ноу хауды тегін сыйладым.

Бір қалада орналасқан бірнеше мемлекеттік оқу орындардың бір-бірінің мамандықтарын қайталауы неге керек? Мысалы, Алматыда ҚазҰУ, АГУ, ҚызПУ үшеуінде де филология, тарих, педогогика деген сияқты т.б. мамандықтарды оқытады. Одан да бұл оқу орындарды «узкая специализация» сипатына жақындатып, басқа атаумен қайта құрса болмай ма? Айталық, ҚазҰУ – астрономия, физика, химия, АГУ – тарих, философия, заң, ҚызПУ – тіл, шығыстану, әдебиет, журналистика деген сияқты бірін-бірі қайталамайтын арнайы салаларды оқытса. Яғни, ҚазҰУ филология факультетіндегі 20 бала, АГУ филология факультетіндегі 20 бала. ҚызПУ филология факультетіндегі 20 балаға қосылып, 60 студент болады. Сан жағынан ештеңе жоғалтпаймыз, бірақ сапаға көшеміз. Сабақ беруші ұстаздар арасында бәсекелестік, кітапханалары салалық болып, шығып жатқан ғылыми еңбектер де біржүйелілікке көшер еді. Ал жекеменшік оқу орындары шамасына қарай осы мамандықтарды қайталап оқытып жатса, оның жөні бөлек. Көп факультеттілік, университеттер алыс қалараға қатынасу қиын, облыс бойынша бір-екі ғана ЖОО бар қалаларға жарасады. Ректорлардың бәйгесін тоқтату керек, бұлай кете берсек, экономист-акушер, юрист-гинеколог деп әркім ойына келген факультеттерді аша береді.

Бұл идеяңыз зиялы елдерде баяғыдан жүзеге асқан белгілі идея. ҚазҰУ деген не? ҚазҰУ дегенде Тимирязев-Шашкин-Әл-Фараби көшелері бойындағы ғимарат, Жолдасбеков деген ректор еске түседі. Кэмбридж университеті деген не? Кэмбридж университетінің ректоры кім? Бұл түсініксіздеу сұрақ, өйткені ондай университет жоқ. Университет деген шартты ұғым, колледждердің жиынтығы. Алғашқы колледждері бұдан 500 жылдай бұрын ашылса (Тринити колледжі сықылды), соңғыларының бірі осыдан 40 жылдай бұрын ашылған Черчилл колледжі. Черчилл тек қана Ұлыбританияның екі рет премьер-министрі болған азамат емес, әдебиеттен Нобель сыйлығын алған ғылым мен білімге қатысы бар адам екенін естен шығармайық. Кэмбридж деген Лондоннан бір сағаттай жерде орналасқан Қаскелең секілді кішігірім қала. Қаскелеңнен бір айырмашылығы отыз бестей университеттен басқа ешқандай мекеме жоқ университеттік қала. Кешіріңіз, университеттерден емес, біздің университеттерді жүз орайтын колледж деп аталатын мекемелерден құралған қала. Кэмбридж университетінің ректоры кім десеңіз, онда ректор жоқ. Диплом королева атынан беріледі. Ректор рөлін канцлер немесе вице-канцлер атқарады, әр колледждің өз автономиясы бар. Колледж деген ең алдымен жатақхана, ең алдымен тәрбие. Әр колледждің өз әнұраны, өзіндік таңбасы бар. Дүниедегі дәстүрге, салт-санаға, намыс деген ұғымға, тәрбиеге ең мұқият қарайтын ұлт, шамасы ағылшындар мен жапондар болса керек. Біздегі университет дәрежесінен жүз есе артса да дәстүр бойынша колледж деп аталады. Колледждердің құрылуы, ынтымақтаса жұмыс істеуі, дәл сіз айтқан жүйе бойынша құрылған. Бір колледжде физик те, математик те, химик те, журналист те, медик те оқи беруі мүмкін. Мысалы, физик Исаак Ньютон, Индияның премьер-министрі Джавархалал Неру, Винни-Пухты ойлап жазушы Милн бәрі – Тринити колледжінің түлектері. Сондықтан, ана колледждің бірнеше математигі, мына колледждің бірнеше математигі қосылып бәрі бір жерге барып сабақ оқиды. Филологтары, медиктері де сол секілді әртүрлі колледждерде тіркелсе де, бәрі бір профессорға барып сабақ оқи беруі мүмкін. Онда студент профессорды таңдайды. Қазіргі біздің айтып жүрген кредиттік жүйе осындай нәрселерге әкелуі керек еді, бірақ іс жүзінде олай болмай тұр. Сіз айтқандай, ҚызПУ студенті ҚазҰУ-ға келіп, ҚазҰУ студенттері АГУ-ге барып дегендей, студент профессор артынан жүруі керек еді. Бұл тек қана финанстық үнемге келмей, ғылым қуар студентке де, ғылым жасайтын профессорға да пайдалы болар еді. Өйткені, ғылыммен шын айналысқысы келетін студент көп болмайды, көбі қиыншылыққа шыдамай кетіп қалады. Әне жерден бір-екі, мына жерден бір-екі дұрыс студент табылса, олардың басы қосылса, оларға ғылым жайлы дұрыс әңгіме айтуға болар еді, дұрыс спецкурс жасауға болар еді, ең ғанибеті осы болар еді. Бірақ біздің ректорлар мен декандар университеттерін өздерінің феодалдық меншігі болғанын қалайтындай. Біздің декандар өз суденттерінің басқа университетке барып лекция тыңдап, емтихан тапсырғанын қаламайды. Маған өздері үшін сабағыма қатысып, емтихан тапсырып жүргендер аз емес. Бірақ олардың бұл еңбегі өз университеттерінде есепке алынбайды. Сол себепті, маған магистратураға, аспирантураға түскісі келген, бірақ осындай феодалдық жүйе себебімен түсе алмаған студенттер баршылық. Өкінішке орай, сіздің басыңызға келген идея үкім шығарар шенеуніктердің басына келмей тұр.

Сіз ғылымдағы әділетсіздікке қарсылық ретінде Пуанкаре гипотезасын дәлелдеген Перельманға ұқсап 2 млн. доллардан бас тарта алар ма едіңіз?

Алдымен, Перельман секілді Пуанкаре гипотезасын дәлелдеп алайық. Оған менің өрем жетпеді. Мүмкін жігерлі жас ұлан сенің ақылың жетер, сенің батылың жетер!

Сахаровқа ұқсап ғаламдық деңгейде әділетсіздік үшін күресе алатын қабілетке иесіз бе?

Жоқ, мен бар болғаны математикпін. Ең болмағанда, бір ғылымды дұрыстап игеріп алсам да жаман болмас.

Фетхуллаһ Гүлен жөніндегі пікіріңіз. Бұл кісінің іліміне қалай қарайсыз?

Дін деген де тірі ағза. Молдалар мен шіркеу әкейлері де заман талабына сәйкес бейімделеді. Дін де реформацияға, модернизацияға түсіп жатады. Бұл дұрыс, бұл дұрыс емес деген пікірталас кейде қантөгіске ұштасып жатады. Менің білуімше, Фетхуллаһ Гүлен ислам дінін ұстаушылардың осы күні технология саласынан артта қалып бара жатқанын сезетін ғұлама. Нобель сыйлығы берілетініне 100 жылдай уақыт болды. Осы уақытқа дейін мұсылманнан 1 ғана Нобель сыйлығы лауреаты шықты. Оның аты – Абдус Салам, оның өзі де Ахмадия сенімінде екенін, кейбір елде, мысалы Пәкістанда, бұл дін мұсылман дініне жатпайды деп есептелетінін ескерсек, мұсылманнан Нобельді алған физик болмайтын болып шығады. Медицина деген сөздің қазақшасы – Ибн Синаның медеті, Ибн Синаның шапағаты, Ибн Синаның шипасы деген сөз. Бұдан мың жыл бұрын медицина канондарын жазған Ибн Синаның құрметімен дәрігерлік ғылым бүкіл әлемде осылай аталады. Алгебра деген сөз «аль джебр уал мукабала» деген сөзден шыққан. Бұл кітапты жазған біздің де бабамыз деуге болады, Арал теңізі маңында Хорезмде туылған Ибн Мұса Аль-Хорезми. Алгоритм, яғни ғылыми әдіс ұғымы осы бабамыздың латындалған атымен аталады. Осы секілді ислам әлемінде туған ғылыми технологиялық жаңалықтар өте көп. Бұл жаңалықтардың ортақ бір қасиеті бар. Олардың барлығы осыдан кем дегенде жүздеген жылдар бұрын ашылған. Неге алгебраны ойлап тапқан, медицинаны ойлап тапқан ислам әлемі соңғы ғасырларда бір технологиялық жаңалық бере алмады? Неге соңғы кезде ислам дегенде Ибн Сина мен Аль Хорезми емес, террористер мен жанкештілер ғана еске түседі? Бұл сұрақ көзі ашық көп адамдарды толғандырады. Осындай ойлаушы адамдардың бірі Фетхуллаһ Гүлен. Ұлты түрік болса да ортодокстардың көзқарасы бойынша, теріс ойлайсың деген желеумен елінен қуылып кеткен. Қазір Америкада тұрады. Мектептер ашып, онда жаратылыстану ғылымдарына үлкен мән беріп, исламды технократтық санамен ұштастыруға ықпал жасайды. Менің білуімше, қазаққа жетпей тұрған технократтық сана. Халуаны жүз рет халуа дегеннен аузың тәттіні сезбейді. Жүз жерден рух қайда деп айқайлағаннан ұйықтап қалған рух күшеймейді. Тек қана «не боп қалды өзі? бұл не шу?» деп бес минутқа селк етіп көзін ашуы мүмкін, содан кейін қайтадан ұйқыға көшеді. Менің білуімше, қазақ технократтық ұлтқа айналмай, оны жапондар, ағылшындар, еврейлер секілді өз тілімен, өз дінімен, өз салт-санасымен ұштастырмай көсегесі көгерер ел бола алмайды. Осы бағытта жұмыс істейтін барлық адам менің көңілімнен шығады.

Логикалық ойлау қабілеті басым адам ретінде сіз секілді білімді адамдардың ісінде не дұрыс, не бұрыс? Оған кім немесе не кінәлі?

Жігіт ағасы жасына жеткенімді білемін, бұны еске салғаныңызға рахмет. Бірақ, өсиет айтуға ақылымның тарлығын байқаймын. Бұған «кінәлі» Құнанбайұлы Ибраһим деген кісі. Не айтсам да, не ойласам да, біраздан соң бұл ойды Ибраһим мырзаның бұрынырақ айтып кеткенін байқаймын. Ибраһим мырза университет бітірмесе де, компьютерді білмесе де, ғылыми атағы болмаса да, Ибраһим мырзаның қасында өзімді тек оқушы ретінде сезінемін. Өсиет айту Абайға ғана жарасатын сықылды. «Абайды оқыңдар!» дегеннен артық ақыл айта алмаспын.

– «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен сөйлесіпсіз. Қарныңыз ашыпты. Сол жайында ашып айтсаңыз.

– «Болашақ» бағдарламасын бітіргендермен сөйлескенім жоқ. «Болашақ» бітіргендердің бір де бірі елдегі математика ғылым саласына келмегеніне таңданыс білдірдім.

Қазір Қызылордаға Алматыдан мықтылар жиі келгіш болып кетті. Өткенде Иран-Ғайып, оның алдында келген тағы сондай «қайраткерлер» әкімнің қолынан үй алып, жырғап жатыр. Солардың арасында СІЗ жоқсыз… НЕГЕ?

Бұл жерде менің аталарымның ізі жатыр. Бұл жерде менің іні-қарындастарым тұрады. Ертең зейнетке шықсам елге барып, Бәйгеқұмның маңында Оқшы атаның түбінде тұрсам дейтін арманым бар. Өткен жылы ауылға барғанда әкімнен 8 соттық жер сатып алуға өтініш айттым. Маған сол жер де жетеді. Иран-Ғайып қазақтың мықты ақыны. Оған қай қаладан үй берілсе де сол қаланың мәртебесі көтеріледі. Кезінде Иманғали Тасмағанбетов Алматыда тұратын Атыраудан шыққан ақын-жазушыларды, академиктерді қайта еліне шақыртып, коттедждер беріп, қаланың деңгейін бір көтеріп тастап еді. Сол үрдісті Сыр бойы әкімдері қолға алса, несі айып?

Телеарналардан ұлттық идеология хақында жиі пікірлер айтқаныңыз есімізде. Қазіргі өліара шақта қазақтың жігерін жанитын, мақсатты істерге жетелейтін ҰЛТТЫҚ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ керек. Онда дамудың нақты тетіктерін, пункттері мен әрекеттерін көрсету қажет. Енді сөзден іске көшетін уақыт жетті. Сізге өзекті сауалдар жолдағандардың дені жастар. Өзіңіз де байқап отырған боларсыз. Онда тізгін сізде. Жастардың рухани жетекшісі болуға дайынсыз ба?

Мен өзімді логикасы түзулеу, қарапайым математик есебінде ғана сезінемін. Ешкімнің рухани жетекшісі емеспін. Біреу сөзімді тыңдаса ол оның өз шаруасы. Тыңдамаса да өз шаруасы.