Жәутіков олимпиадасының үздіктері Назарбаев Университеті гранттарына ие болды.
Бұл күнде Халықаралық Жәутіков олимпиадасын қазақстандық білім брендіне айналды деп айтуға толық негіз бар. Биыл тоғызыншы рет алыс және жақын шетелдердің математика, физика және информатика пәндеріне қабілетті жеткіншектерін жинап, жеңімпаздарын анықтап берген олимпиада танымалдылық тұғырына тұрақтады. Айналамыздағы елдердің есепке жүйрік балалары Қазақстанда өтетін Жәутіков олимпиадасын біледі. Мамандандырылған басылымдар сайттарында жарияланатын осы олимпиаданың тапсырмаларын өз беттерінше орындайды, қатысуды көксейді. Бұл есептер күрделілігі жағынан Дүниежүзілік математика олимпиадасынан бір мысқал да кем еместігін мойындайды. Егер бұл күнде аталмыш олимпиадаға қатысатын мемлекеттердің қатары шектеулі болса, оған тек қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр деп түсіну қажет. Соңғы сайыста сынға түскен 13 елдің балалары Жәутіков олимпиадасының тапсырмалары биыл да қызық әрі күрделі болғандығын бір ауыздан атап өтті.
Олимпиада ұйымдастырушылары қатарындағы «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева 2015 жылы информатика бойынша халықаралық олимпиада Қазақстанда өтетіндігін мәлімдеді.
– Бізге Халықаралық Ұйымдастыру комитеті Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне хат жазып, 2014 жылы Халықаралық физика олимпиадасын өткізуді ұсынып отыр. Министрлік балаларға үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Математика, физика, информатика пәндерінен халықаралық Олимпидаларда алтындар жылдан жылға көбейіп келеді, – дейді Шолпан Ақашқызы.
Сонымен, IX Халықаралық Жәутіков олимпиадасын да қорытындылайтын кез келді. Бұл жарыста қазақстандық оқушылар 4 алтын, 21 күміс және 29 қола медаль иеленді. Білім бәйгесінде физика, математика және информатика пәндері бойынша әлемнің 13 елінен 53 команда бақ сынасқан болатын. Ал, командалық есепте бас жүлдені Ресей жеңіп алды. Бірінші орынды – Грузия, ал, екінші орынды – Болгария мен Тәжікстан өзара бөлісті. Үшінші орын – Қазақстан мен Украинаның еншісінде. Жүлделі орындардан көрінген дарынды жеткіншектер «Эксон Мобил Қазақстан» компаниясының бағалы сыйлықтарына ие болды. Ең бастысы, додада үздік танылғандар қаласа, Назарбаев Университетінде білім алуға құқылары бар.
Биылғы жарыстың бір жаңалығы – Халықаралық Жәутіков олимпиадасында физикадан ең жоғарғы нәтиже көрсеткен оқушыға Әділет Имамбеков атындағы арнайы сыйлық берілді.
Ал Әділет Имамбеков кім? Ол – АҚШ Президенті мен Лев Ландаудың сыйлықтарын иеленген және Гарвард университетінде РһD докторлығын қорғаған тұңғыш қазақ ғалымы. Осылайша, Жәутіков олимпиадасы өмірден мезгілсіз озған жас ғалымның есімін қайта жаңғыртып отыр.
Қазылар алқасының төрағасы ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаевтың ұсынысымен тағайындалған бұл сыйлық жыл сайын ұлтына, жасына қарамастан, тек ең үздік нәтиже көрсеткен бір оқушыға ғана табыс етілмек. Оның алғашқы иегері Мәскеу қаласы құрамасының мүшесі, Жәутіков олимпиадасының физика пәні бойынша алтын медальді жеңіп алған Илья Фрадкин болды.
Академик Асқар Жұмаділдаев жаңа жүлдені былай негіздеді:
– Қазіргі заман қаһарманын іздеген кезде Имамбеков есімі бірден есімізге түсті. Әділет физикадан Ресей командасының капитаны болды. Оқушылар арасындағы жарыстардан ешқашан алтын медальсіз қайтпаған ол Ресей Президентінің сыйлығын да алды. Оған қоса М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi жанындағы А.Колмогоров атындағы мамандандырылған оқу-ғылыми ордасын алтын медальмен және Мәскеу физика-техникалық институтын «қызыл» дипломмен аяқтады. Гарвардта білімін жетілдірген Әділет Имамбеков осы оқу орнында РһD докторлығын қорғаған тұңғыш қазақстандық болатын. 2009 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Райс университетiнде физика және астрономия профессоры қызметiн атқарып келген ол өз ісімен, ғылыммен шұғылданған адамның қандай биікке көтеріле алатынын күллі әлемге паш етті.
Әділет Оңласынұлы тек ғылыммен ғана шұғылданбай, альпинизммен айналысқан екен. Тіпті, жеңіл атлетикадан да өзіндік биіктіктерді бағындырған ол әлемнің ең биік шыңы Эвереске шығуға талаптанады. Оның алдында Хан тәңіріне көтерілмек болған Әділеттің үлкен жүрегі 31 жасқа қараған шағында 2012 жылы 17 шілдеде 5300 метр биiктiкте мезгілсіз тоқтады.
Олимпиада ұйымдастырушылары осындай ерек жандардың өмірі жастарға үлгі-өнеге болуы тиіс екендігін алға тартып, есімдері мектептер мен өзге де мекемелерге беріліп, абыройлы сыйлықтарға атын беру қажеттігін алға тартады.
Халықаралық қазылар алқасы медальдар саны жағынан қазақстандық өрендер алда болғанымен, білім сапасы жағынан бірінші орынды ресейліктер бермей келе жатқандығын атады. Олардың пікірінше, қазірге командалық есепте Бас жүлдені кезекті рет жеңіп алып, дес бермей келе жатқан МГУ жанындағы Мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының (СУНЦ) оқушыларына О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты (РМФМОМИ) ғана бәсекелес бола алады. ІХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпазы Әлібек Сайланбаев: – Бұған дейін Мәскеудегі техникалық жоғары орындарының бірінде мамандық алуды армандайтынмын. Бүгін мен үшін күтпеген сый жасалды. Жеңімпаз ретінде Астанадағы Назарбаев Университетінің грантына ие болдым», – дейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».