Жайлауым – Лондон, қыстауым – Мюнхен

«Жайлауым Лондон, қыстауым Мюнхен»— дейді елден жырақта жүруге дағдыланған Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымының докторы Асқар Жұмаділдаев.

Алғы сөз________________________

Асқар Серқұлұлы Алматыдағы физикаматематика мектебінде оқып жүргендеақ есімі Қазақстанға әйгілі болған. Оқушылардың пән олимпиадаларында алдына жан салмаған сары бала 1972 жылы Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің физикаматематика факультетіне оқуға түсіп, оны 1978 жылы ерекше дипломмен бітіреді. Аспирантурада білімін жалғастырып, 25 жасында кандидаттық диссертациясын қорғайды.

Еңбек жолын Ұлттық Ғылым академиясының Математика институтында аға ғылыми қызметкерлікпен бастаған Асекең 31 жасында математика ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне ие болады.

СІЗ ҚАЙДА ЖҮРСІЗ?

Асқар Серқұлұлы, бір кездері ғылымға бет бұрған жастар арасында Сізге еліктегендері аз болмаған еді. Осы үрдіс жақсы бір қалыпқа түсе бастағанда, жұрт Сізден адасып қалды. «Асекеңді Алматы емес, шетелден табу оңай» деген алыпқашпа әңгіме де шықты. Шетелге шапқылауыңыздың себепсалдарын білуге бола ма?

 – Өркениетті мемлекеттерде өздеріне пайдасы болмаса бір тиынды да шашау шығармайды. Олардың арнайы мақсаттарға жұмсайтын қаражатына ортақтасатын білімді және іскер азаматтар ғана. Солардың қатарында өзімнің де болғаныма мың да бір рет тәубе деймін. Яғни, мен шетелдерде жарияланған конкурстарда гранттарын жеңіп аламын да, сол қаражатты қажетімше түрлі мұқтаждығыма және шәкірттерімнің білім деңгейін көтеруге жұмсаймын.

Басқаны былай қойғанда Алматыда қаншама қор бар, солардың бәрі де ақшаны мол пайда түсетін салаға немесе саясаттың ұшқыны байқалатын мақсаттарға береді. Ал, математика, физика, информатика саласын өркендету ниетінде ешкім қомақты қаржы жұмсамайды. Сондай-ақ, Американың демократиясы мен заңын үйренуге бел бусаңыз, тиын-тебен жағынан көмек қолын созатындар табылады. Ғылымына үңілсеңіз – қарсылыққа тап боласыз. Осындай шектеуді бұзудың амалы – түрлі бағдарламалық байқауларға қатысып, гранттарды, мемлекеттік деңгейдегі сыйлықтарды жеңіп алу. Мәселен, 10 жылға жуық уақыттан бері Америка математика қоғамының, Халықаралық ғылыми қордың, Швед корольдігі ғылыми академиясының, «INTAS» грантын, Германияда Гумбольт, Жапония ғылыми байланыс қоғамының стипендиялары, т.б. жеңіп алдым.

 Мысалы, Швед Корольдігінің математика институты жыл сайын бір бағдарламаға байқау жариялайды. Алдыңғы жылы осында Кванттық өрісті теорияның геометриясы мен типологиясы бағдарламасында жеңіске жеттім. Сонда не істегенімді айтайын… Швеция – шағын ғана ел. Ақшаны босқа шашпас үшін Скандинав елдері бірігіп институт ашқан. Олар жоғарыдағыдай тәсілмен жұмысқа оқытушылар шақырып, аспиранттар мен студенттерге дәріс оқытады. Мен солардың бір тобының жетекшісі, құрметті қонақ профессор ретінде лекциялар оқыдым, семинар сабақтарын өткізіп, кеңес бердім. Жалпы шетелдердегі жүргендегі тіршілігім осы секілді жұмыстардан тұрады. Конкурстық негіздегі бағдарламалардың дені 6 айды немесе 1 жылды қамтиды. Демек, кім ақша төлесе, сонда жүремін. Оның еш сөкеттігі жоқ, нарық экономикасына тән құбылыс. «Жайлауым – Лондон, қыстауым – Мюнхен» деп, әзіл-шыны аралас әңгіме айтуымның бір ұшы осында жатыр.

Сөз ортасы___________________

Асқар Жұмаділдаев Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінде құрметті қонақ ретінде, Англиядағы Кембридж университетінің Ньютон институтында, Италиядағы Абдул Салам атындағы теориялық физика орталығында, Швед Королі Ғылым академиясының МитталЛеффлер атындағы математика институтында қызмет істеген бірден бір қазақ ғалымы.

 Ли алгебрасының құпиялары жөніндегі еңбектері жоғары оқу орындарында оқулық ретінде пайдаланылады. Қазақ, орыс және ағылшын тілін өте жақсы біледі. Француз және түрік тілдерін үйреніп жүр.

ШЕТЕЛ ҒАЛЫМДАРЫ ШЕНГЕ СЕМІРМЕЙ МЕ?

Ердің жасы елуге келмей жатып біраз атақдаңқа ие болдыңыз. Шетелде мәртебеңіз биік. Жат жұрттықтар алдымен атаққа қарай ма, әлде білімдіге бас ие ме? Еңбегіне қарай алатын жалақысы қазақстандық ғалымдардың табысымен шамалас па?

Бұл сұрақтың жауабын коммерциялық құпия деуге де болар еді. Дегенмен айтайын: шетелде жүрген әр күнім Қазақстандағы тұрмысымнан әлдеқайда жақсы. Қайда жүрсем де Отанымның бюджетінен бір тиын алған емеспін. Есесіне маңдай термен тапқан табысымның бір бөлігін жерлес жас ғалымдардың ой-өрісін, таным-түсінігін кеңейтуге жұмсап жүрмін. Олар менің көмегіммен өркениетті мемлекеттерді аралап, білім саласымен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болуда.

 Мені дәріс оқуға шақырған жоғары оқу орнының басшыларына өз талаптарымды қоямын: өзіммен бірге отбасымның еріп баратындығын, көз сүйсінтер үй болуын, жақсы жалақы төлеуін ескертемін. Шүкір, әлі күнге ешкім ренжіткен емес. Мысалы… Кембриджде 2 қабатты саяжайда тұрдым. Стокгольмде кілең миллионерлер тұратын Джюзхолом деген жер бар. Сол жерден ғажап коттедж берді. Коммунальдық қызметке, балаларымды оқытуға, медициналық сақтандыруға ғана ақшаны өзім төледім. Қалтамда Қазақстанда тұратын ата-анама көмектесуге жетерлік ақша да болғанын жасырмаймын. Мұны айтып отырған себебім, шетелде ғылым адамына қандай деңгейде қамқорлық жасалатындығына әріптестерімнің көзін жеткізу. Керісінше Қазақстандағы ғалымдардың табысына қарын ашады. Қомақты қаржы жоғары оқу орнын басқаратын ат төбеліндей топқа ғана жұмсалатыны өкінішті!

 Мен жүрген жерлерде кандидат, доктор деген атымен жоқ. Тіпті ол кейбіреулердің күлкісін келтіруі мүмкін. 1989 жылдан бері ТМД аймағында қорғалған кандидаттық және докторлық жұмыстарға сенімсіздік басым. Бұл атаққа азаматтардың қолы қалай жететінін олар жақсы біледі. Сан көбейгенімен, сапа жоғарыламағанынан да хабардар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымының докторы екенімді мен ешкімге айтқан емеспін. Ол түкке керегі жоқ. Шетел мені әлемнің ең таңдаулы ғылыми журналдарында жарияланған еңбектерім арқылы таниды. Соған қарап қызметке шақырады.

 Шетелде ғалымдарға беретін мықты көмек – стипендия. Айтулы стипендиялардың көпшілігін алдым. Біреуінен мысал келтірейін: Германияда Гумбольт стипендиясын иелендім. Оның басты ерекшелігі – сыйлықты мемлекеттің басшысы өз қолымен тапсырады. Мұндай құрметке ие болғанымды ешкімге айтқан емеспін. Сыйлықтың қаржылай мөлшері – Германияда хан секілді тұруға жетеді.

 Біздің елімізде де алыс-тартысқа да атақ-даңқты үлестіруден гөрі жоғарыдағыдай қомақты сыйлық беруді көбейтсе, бәлкім ғылым сапасы артар ма еді, пара атаулы түпкілікті жойылар ма еді?.. Әйтеуір түрлі ой басымнан шықпайды…

Сөз ортасы______________

Ағылшын тіліне ағып тұрған Асекең дүниежүзіндегі ғылыми еңбектердің 80 пайызы ағылшын тілінде басылатынын айта келіп, қазақ жастары ағылшын тілін терең меңгерсе деген ұсынысын да айтты. Осыған қарапақ қай тілдің үстем екендігін байқауға болады.

 Екіншіден, ана тілін терең білу әр баланың төл міндеті болуы тиіс. «Францияға барсам жергілікті халықтың тілімен сөйлеймін. Өйткені француздар өзге тілде сөйлегенді ұнатпайды» дейді Асекең. Шіркін, осындай намыс, талапшылдық бізге де жұғысты болса ғой!

 Асқар Серқұлұлының ұлқыздары әкесі жұмыс істеген мемлекеттерде жергілікті халықтың тілін меңгеріп, озат оқушылар болған. Туған елінен үнемі шалғайда жүретін олар қазақ екендіктерін мақтан етіп, ана тілін жадыларынан шығарған емес.

ҚАЙДАСЫҢДАР, ҚАЗАҚТАР?

Асеке, Құдай бізге келгенде ғалымдардан кемдік көрсетпепті. Барлық салада «сен тұр, мен атайындар» бар. Әсіресе математика ғылымында. Бірақ бәрі де шетелге шапқылауды әдетке айналдырған…

– Ғылымның екі түрі бар: гуманитарлық және іргелі ғылым. Екіншісіне математика, физика, химия, биология жатады. Дүние жүзінде елді сынайтын болса, осы іргелі ғылымы арқылы сынайды, баға береді.

 Қазақстанда ғылымның дамуы Кеңес үкіметі кезіндегі деңгеймен шамалас. Оның жедел дамуына кедергі болып отырған жағдай мықты ғалымдардың шетелге кетуі. Ешқайда кетпей «елім үшін» деп еңіреп жұмыс істейін десе, жағдай жоғарыда айтқандай. Тек математиктер: Серік Сағатов Швецияда, Санжар Францияда, қос Мұрат Америкада, Әнуар ағамыз Португалияда жүр. Ресей туралы сөз басқа. Олардың көзге түсуіне жастығы және керемет білімдері. Ал Қазақстанда осы екі қасиеттен гөрі кандидаттығы мен докторлығы, тіпті болмаса тамыр-таныстық басты рөл атқарады.

 Жастарды жұмысқа алуда өзіндік мән бар. Олар жаңалыққа құмар, ойларын бүкпесіз айтады, тақырыбын терең талдай біледі, дамыта алады. Сондықтан қаймақты өзімізден бұрын шетел пайдалануда. Алайда, шетелге кетіп жатқан талантты ғалымдар елге үлкен қауіп төндіреді деп айта алмаймын. Олар саясатпен емес, нақты ғылыммен айналысады және тұрмысын түзеген соң, елге бесаспап оқытушы болып оралады.

 «Қайдасыңдар, қазақтар?» деп аттан салатын уақыт бізде бола қоймас. Ғылымға бет бұрған ізбасарларымыз ағаларының орнын жоқтатпайтынына сенімім мол. Ал ғалымдарымыз бүкіл күш-қайраты мен ақыл-ойын ел ішіндегі жастарды оқытуға жұмсасын десек, мемлекет лайықты жағдай жасағаны жөн. Бір ғана мысал, білім-ғылым саласын басқаратын министрлік бірнеше рет өзгерді. Сондағы жасаған реформамыз – мекеменің мөрін ғана өзгерттік.

 Ғалымдарға еркіндік беру керек. Бюрократтар басын ауыртса, олардың бәрі де шетелге қашуға мәжбүр болады.

«СЫРТТА ЖҮРІП, САН СОҚТЫМ»

Шетелде жүргенде Сізді аса бір таңдандырған жағдайлар болды ма?

– Әлбетте… Мысалы, Қазақстанның қыруар ақшасы шашылмаған жер қалмады: ит те, құс та иеленіп кетті. Шетелде мемлекет қаржысымен оқыған жастарымыздың алды сол елдерде қалып қоюда. Дәл осы тәсілмен ел тағдырын шеше алмаймыз.

 Гранттың мақсаты – ғалымдарға қанша жақсылық жасап отырса, соншама ақыл-ойды алып қалу. Мемлекеттің жоғары оқу орны да мәселені мемлекеттік тұрғыдан қарайды. Америкадан грант алсаңыз, өзіңізше жұмыс істей алмайсыз. Өйткені, сол ақшаға міндетті түрде сол елдің фирмасынан құрал-жабдық сатып алуыңыз керек немесе бұзылса мамандарын шақыру қажет. Мүлде болмаса ұшаққа мінсеңіз АҚШ-тікін пайдаланасыз.

 Міне, мемлекеттің болашағын осылайша ұсақ-түйекке дейін ойлағанда ғана келешегіміз нұрлы болады. Ал инвестицияның соңы не болғанын, нарық рыногын зерттемесек, ертеңгі күніміз бұлдыр бола береді.

 АҚШ-та асып-тасып бара жатқан ғылым жоқ. Бар саланы дамытып жатқан еврейлер, орыстар, үнділіктер, қытайлықтар. Ағылшындар өте іскер ұйымдастырушылар ғана. Оның қасында қазақтардың ойлау қабілеттері ешкімнен кем емес.

 Жақында Кореяда халықаралық 41 олимпиада өтіп, оған әлемнің 80 мемлекетінен дарынды оқушылар қатысты. Қазақстан командалық есепте 24-інші орынды иеленді. Біз мақтауға әуес АҚШ 3 орынға шықты. Байқап отырсам, АҚШ-тың командасында кілең қытайлық жастар. Мәселе мынада екен: Қытайда оқушылардың көпшілігі мектеп бітірер жылы Америкада оқитын көрінеді. Сол жақтан олимпиадаға АҚШ атынан қатысып, 3 орын алып беріп отыр. Қытайдың өзі 1-орын алды. Ойланатын жағдай емес пе?

 Биыл Германия компьютер саласы бойынша 10 мың адамды жұмысқа шақыруға заң шығарды. Инженерлік саланы нашарлатып алған немістер экономикалық құлдыраудан осылайша құтылмақшы. Англия үстіміздегі жылды Ғылым және білім жылы деп жариялады. Бұл елде кез келген ауылда да университет ашуға мүмкіндік жасалған. Кембридж деген кезінде белгісіз жер болған. Университет ашу арқылы әлемге танылды. Осылайша ғылымды дамыту – мемлекеттің іргетасын нығайтады.

«МЕН МАНСАП ҚУМАЙМЫН»

Асқар мырза, елдің бәрі оқу орнын ашуға шебер болып алды. Жекеменшік мектеп ашу ойыңызда жоқ па?

– Бұл жағын ойламаппын. Оған уақыт та жоқ. Шетелде көп жүремін. Шай ішіп отырып жұмыс істеуге болмайтынын ескерсек, әр нәрсенің өз уақыты бар. Мен секілді көшпелі қазаққа оқу орнын ашу ерте секілді.

 Қызылорда облысының Шиелі ауданында Ақ орда мектебі математика кафедрасын ашыпты. Сондағы бауырларыма математикадан арнайы оқулықтар жазып берсем бе деп ойлаймын.

 Мансап қуу деген – Рухани аурудың жаманы. Атымды малданып, білім ордасын ашып, әлдекімдерге тізгінін беріп қойып, шалғайдан телефон соғып жұмыс бітіріп отыруды ұнатпаймын.

Сөз соңы_______________

Асқар Жұмаділдаев ғасыр тоғысында есімі ерекше аталатын қазақстандық көрнекті ғалымдардың бірі де бірегейі. Шетелдік жоғары оқу орындарында әлемдік өркениетті дамытуға үлес қосар жастарға дәріс беріп жүрген білікті ұстаздың Отанына оралып, шәкірттерін дүниежүзіне танытарына кәміл сенеміз.

Сол күндерде жүздескенше делік!

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

«Жас Алаш». №105. 1 қыркүйек.2000