Технократтық реформадан кейін ғана алтын ғасыр дүниеге келеді

Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев. Ғалым, физика-матемаика ғылымдарының докторы, профессор. Германияның АҚШ-тың мемлекеттік стипендияларын, Швеция корольдігі ҒА-ның грантын алған. Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты. Ньютон «өзгелерден артылып, алысты көретінім – алыптардың иығында тұрғандығымнан шығар» деген. Асқардың қоғамдық өмірдегі сан салалы оқиғаларын қағілездік танытып, батыл пікірлер айтуы – білімнің табиғи сезімталдықпен үндесіп үздіксіз ой екпініне еркіндік беруі. «Көптің ебін тап та, жөнге сал» деген Абай тәлсімін тілге тиек ете отырып, Асқар айтады: «Күннің Жерді айналуын құп көрген тобырға Коперник келіп: «Жоқ, Жер Күнді айналады!» дегені үшін отқа өртенген». Осындай пікірлер тасқыны бізді де бей-жай қалдырмады.                                 

Еліміз индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын қолға алғанда техникалық мамандардың жетіспеушілігі бірден көзге ұрды. Бұл орны толатын мәселе ме, әлде ән-жыр төгілген дала төсі технократтық санаға о бастан кемшін бе?

Қазаққа технократтық сана әу баста қалыптасқан. Тіпті, әлемге 5 түрлі өзгеріс әкелген де осы көшпелілердің озық ойы деседі. Біріншіден, адам баласының бұтына шалбар киюді үйретті. Екіншіден, моншаға түсуді, суға шомылуды үйретті. Үшіншіден, үзеңгіні ойлап тапты. Төртіншіден, көбейту кестесін ұсынды. Бесіншіден, әуенді нотаға түсірді. Дәлел келтірейін. Көне гректерді алып қараңыз, мәдени скульптурасы – Зевс, Венера мүсіндері, бәрі тыржалаңаш кейіпте бейнеленді. Оған таң қалуға болмайды. Үндістандағы ацтек тайпасы ше? Тригонометрияны, астрономияны меңгерген өркениет иелері испандықтардан жеңіліс тапты, өйткені олар дөңгелекті білмеген. Мысалы, марафонды алайық. Күн ыстығында 42 километрді жаяу жүгірген не азап десеңші! Сол бұрынғы батырлар атқа отырмай, жаяу жүгірген. Атқа отырса, бұты қажалады, шалбар киюді қаперіне ілмеген. Ер-тоқымды тағы білмейді, марафон солай пайда болды. Атилла атамыз (Еділ патша) Сыр бойынан шыққан ғой. Әлі күнге дейін ғылымда жұмбақ, ол неге сонша жер жүріп, Шығыс Рим империясына, солтүстік Италияға барған? Рим империясы ол кезде қазіргі Америка сияқты экономикасы дамыған, әскері мықты ел. Францияны, Германияны, Англияны басып алған, жүрген жерінде коммуникацияны жетілдірген. Сөйткен алпауыт ел сырттан келген варвардан, жабайыдан неге жеңілді? Гәп мынада, Рим солдаттары атқа отыра алмаған, оны тек көлік ретінде жүк тасымалдауға пайдаланды. Атилланың сарбаздары атқа нық отырды. Солайша, көшпенділер атпен келіп, садақпен талай жерді басып алды. XV ғасырға дейін бүкіл Еуропа Рим цифрларын қолданды. Ал, әл-Хорезми VIII ғасырда арифметика мен алгебраның негізгі трактаттарын («Китаб әл-джебр ва-л-мукабала») жазды. Сандарды бағанмен қосу, көбейту ережелерін – алгоритмді енгізді. Еуропалықтар «біз – христианбыз, неге мұсылманның көбейту кестесін пайдалануымыз керек?» деп қарсылық білдіргенде, ақылдылар тобы мұсылман кестесінің ыңғайлылығын айтып, көндірген. Ең бірінші университет Еуропадағы Кордова Араб халифатының бір бөлігі болған. Алғашқы университеттер Болонья, Сорбонна, Оксфорд, Кэмбридж – XV ғасыр еншісіне, ал мұсылман университеті XII ғасырда ашылған. Сол Кордовада 300-ге жуық кітапхана, 800-дей монша, медреселер болды. Оқылған сабақ Хорезми кітабы. Бірақ сол еңбектің араб тілінде түпнұсқасы сақталмаған, бізге латын тілінде аудармамен жеткен. Бұл технократтық сана емей немене?!

Ал, нотаны әл-Фараби әкелді. «Ғылымдар классификациясында» ол ғылымды 5-ке бөлді: тіл, логика, құқық, математика, құдіретті ғылым – физика. Дүниедегі кәсіптің бәрі – ғылым. Геометрия, алгебра, астрономия, механика, музыка деп математиканың өзін беске бөлген. Қараңыз, музыканы математикаға теліген, өйткені нота есептер амалынан құралды.

Мінеки, осы бес нәрсе – қазақ өркениетінің әлем өркениетіне қосқан үлесі. Шыңғысханның тұсында ше? Оның әскерінің 90 пайызы түрік тайпасы (найман, үйсін, қоңырат, қыпшақ) болды. Тек 10 пайызы ғана – ұлттық гвардиясы, оққағарлары еді. Темучин деген, Шыңғысхан деген кім өзі? Ол – мықты менеджер. Артықшылығы – бәрінің басын біріктіріп, найман ханынан айласын асыра білді, Алтын Орданы жаулады. Ойлап қарасаңыз, мұсылман мемлекеті бұрын мықты болған.

Содан кейін ше? Араб шейхы әл-Мақтұм ең білгір архитекторды шақырып алып: «Cен ешкімнің ойына келмеген дүние жаса. Ақшаға қам жеме, қанша сұрасаң, сонша берем» дейді. Ғажайып ғимарат алты жыл болды, Дубай аспанын тіреп тұр. Эйфель мұнарасынан да биік, әлемнің 100 кереметіне енді. Бірақ Әмірлік әлеуеті ғылым мен техникада әлі көмескі.

 Жақсының бәрі мың жыл бұрын болды, әл-Фараби мың жыл бұрын шықты. Мұсылман өркениетінің соңғы ғалымы – Ұлықбек (он бесінші ғасыр). Одан кейін тоқырау байқалды. Ғылым Еуропаға ауысты, бу машинасын ойлап тапқан кім, электрді, атомды, электронды ойлап тапқан кім? 200-дей физик Нобель сыйлығын алған, арасында бір мұсылман жоқ, кілең христиандар мен еврейлер. Себебі, біз мың жылдан кейін дінді догмаға айналдырдық. Мың жыл бойы өсуде болған өркениет енді талпынуды доғарды, «Бүкіл тіршілік Құранда жазылып кеткен» деп ақтады бұл әрекетті. О дүниені ойлады, ал бұл дүниенің мұраты ше, ілгері ұмтылу, іздену қайда қалды? Құранның негізгі қағидаларын теріс түсіндік. Исламда демократия жоқ, сын жоқ, ғылым жоқ. Неге? Мұнда есесіне әнші, ертегіші, ақын-жазушы көп. Ендеше, бірінші мәселе – технократты ғылымды дамыту керек. Бұрын бабаларымыз «найзаның ұшы, білектің күшімен» қорғаған болса, енді тек ғылым мен білімнің зор қуаты керек. Тек мұнайдан түскен байлық есеп емес.Мұсылман елдері нақты ғылымға ден қойып, дағдарыстан шығу керек.

АҚШ-тан ауысып, Шығысқа қарасақ. Жоғары технологиясымен, ілім-білімімен Жапония мен Қытайдың да шұғыласы төгіліп тұрған жоқ па?

Жапония қазаққа жақын ел. Алтай тілі тобына жатады. Грамматикасында, сөйлем түзуде бізбен ұқсастығы көп. Сосын, жапондар да ру айырады.

Ру шежіресін білу, сіздіңше, ескіліктің сарқыншағы ма, әлде ұлттық дәстүр ме?

Мен айтар едім, қазақтың тарихы – ру тарихы. Ата-тегін білмеуді тарихтан бас тарту деп ұғамын. Біржан сал Сарамен айтысқанда кемтар күйеуін айтып тұқыртатын жері бар ғой. «Сіздерге сенетұғын сорлы басым, келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп ақын Сара шаршы топта жеңілгенін мойындамай ма. Мен ойлаймын, қазір сол Сараның үрім-бұтағы бір кезде Біржан мінеген деп атасын ұмытпауға тиіс, қайта қадір тұтып, ардақтағаны абзал. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін». Мұны қай классик шығарды екен, өз басым қабылдай алмаймын. Жалпы мен молданың, жазушының, тарихшылар мен философтардың сөзіне сенбеймін. Геродот – тарихшы, әл-Фараби – философ, демек бұлар ғалым ретінде күшті, ал олардың ізбасарлары өтірік айтуға жол берді.   Біздің тарихшылар, пәлсапашылар мен жазушылар КОКП идеология бөлімінің бір бөлімшесіндей болды. Олар компартия мен одақтар арасында жасалған келісімшарт негізінде жұмыс істеді. Партияның «жасампаз» идеясын үгіттеп, бақытты қоғамда өмір сүрудеміз деп жырлады. Ақысы – жоғары қаламақы, жайлы тұрмыс. Компартия құрыған соң бұлардың да мазасы кетті. Сөз жоқ, адам болғасын қателеседі, тіпті қателесу – адамның құқы дер едім. Бірақ екіжүзді болма, принципіңді өзгертпе. Егер сіз Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты ұлтшыл деп докторлық диссертация қорғап, академик, профессор атансаңыз, ертең үкімет өзгергенде неге аунап түсесіз? Маған осы түсініксіз. Мұндай жағдай Германияда да болды. Екі Германия біріккенде ең алдымен Ғылым академиясын, Жазушылар одағын жапқан. Өйткені, олар да ғылымды, өнерді идеологияға айналдырып жіберді.

Марксизм-ленинизм методологиясы тарихтың 1 пайызын ғана, бірақ ол бүкіл ғылымды жаулап алған тегеурінді күш болды. Небір академиктер, мамандар бәрі жұмыссыз қалды, кезінде өздері қудалаған Адам құқығын қорғау комитеті енді оларды қорғады. «Бұл адам кәсібіне тыйым салу, адам құқы қадірлі» деп араша түсті. Сонда үкімет: жарайды, бұлардың ісі мәжбүрліктен туса, ғылымды қайта қорғасын, тек қорғаудың ой процедурасын жасасын, — деді, — «Кандидаттық, докторлық диссертацияларын қайта жазбай-ақ қойсын. Өздері тапқан, КПСС-ке сілтеме жасаған ғылымның атын атасын». Сонда көпшілігі әрекетсіз қалды. Неге? Өйткені, ғылым жоқ, таза идеология!

«Сонда Германияның қақ маңдайына аяусыз ақиқатты аударып салған ұлы немістер» (Т. Манн) болды ғой бәрібір.

Мен Мюньхенде екі жылдай тұрдым. Майя Плисецкая мен Роман Щедрин көршілерім болды. Астымызда Ғалымдар үйі бар, сонда танымал адамдар келіп бас қосады. Ағайынды Вольфтармен сонда таныстым. Біреуі ГДР-дың КГБ бастығы болған, інісі физик. Вольфты үш жыл бойы тергеуге алған. Бірақ ол бірде-бір жауабында жаңсақ кетіп, ешкімді жығып бермеген, құпия агенттерінің атын айтпаған. Қызметіне, Э. Хонеккерге адалдығынан таймаған. Компартияға, су ішкен құдығына түкірмеген. Сол кездегі тағы бір адам – КОКП тарихының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты автомобиль жөндейтін мекемеге барып, слесарь болып орналасқан екен. «ГДР-да таптық құрылысты ойлап таптым, социализм күшті дедім, халықты алдап келдім. Құдай алдына қалай барам деп ойлап жүрген едім, енді орнымды таптым», депті сол кісі. Бізде бәрібір, Сталинді мақта, Брежневті мақта, коммунизмді мақта – бәрібір. Атқа мінгеннің бәрі кешегі қызыл империяны жақтағандар. Ертең бір дауыл жүріп өтсе, олар жаңа жағдайға тағы бейімделе қояды. Бұл – екіжүзділік, өтірік айту! Біздің зиялы қауым дискуссияны білмейді, біреу бөтен сөз айта бастаса, кекетіп, мұқатып, «өй, оңбаған, мәңгүрт, тіл білмейсің», деп бірден дүрсе қоя береді.

Қазақ ұлт болып қалыптасам десе, өтірік айтуын доғарсын. Бұрынғы ғылымды қате десе, қайта қорғасын, дипломын лақтырсын. Кешегі қызыл комиссарларға бүйрегі бұрғандар – бүгін ұлтшыл. Мен оларға сенбеймін, мүмкін сіз сенетін шығарсыз, мен сенбеймін. Демек, бұрынғыға баға берілу керек. Оны гуманитарлық саладағы адамдардың біреуі айтуы керек. «Барлығы халық игілігі үшін!» деген басты ұранымыз болды. Халық деген кім? Референдумда Кеңес Одағы сақталсын деп дауыс берді 80 пайызы. Екі жылдан кейін ол тарап кетті, бірақ бір адам шықпады ғой көшеге. Өйткені, халықтың өзі жазушылардан, тарихшы мен философтардан кейін өтірікті бойына сіңіріп алды: «имеем ввиду одно, говорим другое; говорим другое – делаем третье». Осы тұрғыдан келгенде капитализм социализмнен анағұрлым мықты, бұл ең құрығанда өтірік айтпайды, айтса да кемірек айтады. Өтірік айтпаймын деу – бос сөз. Бәрі айтады, мәселе – оның есебінде ғана: 90% ба, әлде 25% ба? Біздің қоғамда өтірікті 90-нан 50-ге түсіру, тіпті, 25%-ке түсіру керек. Міне, біздің мақсат.

«Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» (Абай) Не істемек керек?

Байқап қарасаңыз, қазақ тілді зиялы қауымның арасында технокрт жоқ, көбінесе кертартпалыққа салып, қоғам қозғалысын тежегісі келеді. Елді ел қылатын – әуелі технология. Ол бізге батыстан келді, орыс тілімен, ағылшын тілімен келді. Мұны мойындауымыз керек, алға жылжуымыз үшін де! Кешіріңіз, сіздің керегіңіз жоқ Батысқа. Еуропа мен Америка бізге керек үйренуге. Бірінші Петрдің реформасы неден басталып еді? Ол жастарды ең бірінші шетелге оқуға жіберген. «Сен навигацияны (кеме жасау) үйрен, сен математиканы үйрен, сен сызудың сырын біл, сен балташылық өнерді біл, сен слесарь мектебін көр» деген. Сен философияны біл, ағылшын тілін үйрен деп жібермеген, нақты кәсіпті үйрен деген. Ал, бірінші Петрдің өзі Голландияға барып бір ұстаханада жұмыс істеген, темір соғуды үйренген, қазіргі тілмен айтқанда «өндірістік шпионажбен» айналысқан. Сөйтіп, ол алып кеме жасаған, мықты әскер жасақтаған, ел экономикасын көтерген. Содан 100 жылдан кейін Пушкин,Чехов, Толстой Чайковскийлер келді. Технократтық реформадан кейін ғана алтын ғасыр туды… Демек, қазаққа қазір дәл осындай құбылыс керек.

Ісмерліктің түр-түрін, өнер-ғылымды игерген, тетік-білікті бұрай білген жастар өсіп шықса – жалауының жайнағаны. Сіз қазір Алматыдағы екі бірдей университетте ұстаздық етесіз, қазіргі жастар қандай?

«Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болад-тағы. Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?» — Менің пір тұтатыным Абай, міне, қалай жақсы айтқан! Жастарға дәл осындай тәрбие беруіміз керек. Өзіңнен ілгері кеткендерге ұмтыл, озық дүниені өзіңе сіңіре біл, көшбасшы бол. Қазіргі балалар алпыстағы шалдан артық. Біздер жастардың санасына ілесуіміз керек, олар замана тынысын сезеді, не керек екенін де ұққандай. «Ақылды бол, патриот бол» деп жалаң айта бергеннен ештеңе шықпайды. Үйдегі мына аппаратура, бұйымдардың біреуін жасай бересің бе, соған үйрет. Бір кездері «орыстық жұмыс» деген ұғым болды, «неміс сапасын» әлем таниды. Сол сияқты кез келген істе «қазақы жұмыс» деген жақсы пікір қалыптасу керек.

Қазір технопарктер жобасы жүзеге асуда, олар бүкіл дүние жүзінде бар, ақылмен жұмыс істеп, баюдың жолы осы болады. Жастардың арасынан инженер-техниктер, нақты ғылым мамандары көптеп суырылып шығуға тиіс. Шетелдерде көп дәріс оқыдым, онда студенттер тек өздеріне сенеді, таза білім алғылары келіп, үлкен жауапкершілікпен жанталасады. Ал, біздің шәкірттеріміздің кемшілігі – көшіріп алу, ата-анасына қоңырау шалдыртып, жағдай айту. Туған күн, би кештері сияқты сылтаулары көп. Ынталы, зерек жастарға мен арнайы есеп құрастырып, байқау жарияладым. Жауабы дәл шығарса, өз қалтамнан 300 доллар беріп отырамын. «Асқар есептерінің» бірінші жеңімпазы Қазақ-Британ техникалық университетінен шықты.

Ғылымда не алаңдатады?

Ғылым Академиясының кітапханасын Астанаға көшіреді екен деген әңгіме шықты. Осыған қабырғам қайысып, алаңдаймын. Бұның техникалық әдебиеті Ұлттық кітапханадан бай,бүкіл керегіңді табасың. Сол құндылықтың өз төрінен кетпегені дұрыс. Өсек деңгейінде қабылдаған нәрселердің барлығы жүзеге асып жатқасын,шындап алаңдаған жайым бар осы жайтқа. Астананы түлету Алматы есебінен болмауы керек қой. Олжас айтпақшы, «тауларды аласартпай, даланы асқақтатуға болмас па?» Біреуі әкімшілік орталық, біреуі мәдени орталық мәртебесімен жарасқан Ыстамбұл мен Анкараны алайық. Ыстамбұлда бәрі сақталған, халықаралық әуежайы да.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы «ғылыми мұрамен» жалғасын табуға тиіс. 50-ші жылдардан кейін ғана дамыған қазақ ғылымының бәйтерегі төрге шығып келеді. Оны болдырмауға күш жұмсау қажет. Мемлекеттік тіл де ғылым мен техника тіліне айналмай, өркендемейді. Он жерден ойбайлап, үндеу тастағаныңызбен 1 сантиметр алға жылжымайды. Нақты ғылымдар саласында қазақ тілді мамандар көбейсе, мемлекеттік тілдің ғылыми тіл ретінде қалыптасуы оңай. Әйтпесе, әдеби көркем тіл дәрежесінде қалу қаупі бар. Мені батысшыл дейді, бірақ өздері Батыс философтарын тоты құстай қайталап әлек. Идеология шеберлерінің ғана қазақша сөйлеуі аз, тағы да айтамын, қазақ тілі технократтық ілімдерді жаулап алсын. Әйтпесе, көтерем атты қамшылаудың қажеті не?

Аралап талай жердің дәмін таттыңыз. Ер жігіттің ұшар көлі, қонар көлі – туған жері. Еліңізді дамыл таппай сағынғанда жаныңызға не медет болды?

Жеңгеңіз қасымда болғанда әлемнің көп жерін армансыз араладық. Ол кісі дүниеден өткесін, Алматыда кішкентай қызымның оқуына қарайлап жүрген жайым бар. Үлкен қызым Мәскеуде университетте оқиды, ал кішкентайым мектепте. Әр елде немісше, шведше оқып келген соң, соған қиын болмасын деп Алматыда оқуын бітіруін күтіп жүрмін. Бірақ жазғы демалыста Еуропаға барып келсем деймін. Маған өзгеше шабыт, тыныс-дем береді сол мекен. Әлде ғалымдар ортасы, әлде теңіз шуылы… білмеймін көкірегіме бір күш толады. Мен ойлап тапқан алгебралар біреуі – Төрткен Италияның оңтүстігіндегі Трест қаласында, біреуі – Бескен Парижде дүниеге келді. Ең бір бақытты кездерім Швецияда, Стокгольм түбіндегі үйімізде өтті. Балтық жағалауында тұрдық, теңіз ала-дүлей буырқанып жатады. Толқынмен жағаласып, айқайлап ән айтамын: «Маңмаңгер», «Екі жирен», «Балқадиша»… «Ахау, туған елім, балаң едім; өзіңе осынау әнді ала келдім», тіпті «партия қайда болса, жеңіс сонда» деп әуелетем. Ерсі көрінер, бірақ біз осы әндермен өстік. Сосын Жанар Айжанованың, Рамазан Стамғазиевтің, Ержан Белғозиевтің орындауындағы әндерді үнемі өзіммен алып жүрдім.

Мифтік шоқжұлдыздар әлеміне математик болсаңыз да сенесіз, бәлкім. Жұлдызыңыз балық болғасын да теңіз толқыны Сіздің басты белгіңіз сияқты…

Қалқам, мен астрологияға сенбеймін, экстрасенске, молдаға да сенбеймін. Жүзуді жақсы көрем, 1-2 шақырымды еркін малти аламын, тынысым жетеді. Шетелдерде тұрақтаған жерімнің бәрі теңіз жағалауы болыпты.Суға жүзуді де Мәскеуде үйрендім, ауылда білмейтінмін. Бала кезде тек велосипед мініп жүрдік, ат ұстау біздің жақта үрдіс болмаған.

Ал, автакөлікке құмарлығыңыз қандай? Көңіліңізге қонатын тұрақты бір марка бар ма дегенім ғой?

Автомобильді Ауди, Тойота деп айырмадым. Жеке көлігім жоқ. Кеше бір қызық болды. «Өзің білетін шопыр барады, бәленбай машинада» деп хабарлады. Шықсам, машина көп, қайсысына мінерімді білмедім, түр-түсін түстей алмайтыным сол.

Дегенмен, ұялы телефоныңыз болса, Сізді оңай табар едім. Биік технология тілекшісі болған Сіздің қолыңызда оның болмауы қызық екен?

Жоғары техниканың өлшемі деген үздіксіз байланыстың шеңберінде жүру емес қой. Іздеген – табады. Бәрібір таптыңыз ғой мені (риясыз күлді).

Салыстыру арқылы жақсы танылатын болса, сырттан Қазақстанға келгенде, көзіңізге не қораш көрінеді? Нені өзгерткіңіз келіп кетеді?

Еуропада, сөз жоқ, сервис өте жоғары. Ешкім асығып, аптықпайтын сияқты. Мүлтіксіз тәртіп бар, көліктер уақытысында келіп тұрады.Темір жолдары қандай! Қоғамды көліктерде отырып-ақ әлеуметтік шетін мәселелер болмайтынын білесің. Мүгедектер мен балалы әйелдер үшін бәрі жасалған. Шопыр жүгіріп шығып, балалы әйелдің қол арбасын әдейілеп кіргізіп, баулығын іліп қояды. Өйткені, ол мемлекет қызметкері, мемлекеттің шынайы қамқорлығын көрсетуге тиіс. Кезек жоқ еш жерде. АВИР мекемесіне 3 ай сайын барып тіркеліп жүремін, тұру рұқсатын ұзарту керек. Кідіріссіз, нөмріңді алып өте бересің.Бізде ше,құдай салмасын! АВИР-де қалың нөпір. Шенеуніктер ең қарапайым осы нәрсені, кезектің болмауын қолға алу керек қой.

Ас пісіру қолыңыздан келе ме?                                                               

Тамақ жасаймын. Дәмнің 2-3 түрін әзірлей аламын. Тек оның бәрі 40 минуттан аспауға тиіс. Уақытым жоқ күтуге. Палауды сол үшін жақсы көрем. Осы уақытта дәл піседі. Шведше ет бұқтырғанды ұнатамын.

Айтпақшы, қазақ тілді басылымдарға көзқарасыңыз?

Менің пікірім консервативті. «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» болды ғой, жақсы оқитын басылымдар. Осылардың қатарына қазір «Нұр-Астана», «Жас қазақ» сияқты жаңа газеттер қосылды. «Нұр-Астананы» оқып тұрамын. Салмақты, ойлы сараптамалар жазады.

Әңгімеңізге көп рахмет!

                                                                           Қарлығаш ИСИНА

«Нұр -Астана» 7 сәуір, 2005 жыл