Асқарға

Асқарға

Асқар бала, баламды алған баласың
Математик iшiндегi данасың.
Әлi сен бiр жасалмаған көшесiң,
Әлi сен бiр салынбаған қаласың.

Ешкiмге де алынбаған қамалсың,
Жақұт iздеп жалындаған жанарсың
Бақыт iздеп лүпiлдеген жүрексiң,
Әлi талай, талай жерге барарсың.

Ғылымыңмен бар ғаламды аларсың,
Сүйiктi елге, биiктерден қарарсың.
Өз қасыңда өмiр сүрген бiраз жыл,
Тұзды да еске, бiздi де еске аларсың.

Ноян болып Нобельдi де аларсың,
Ауырды да, жеңiлдi де аларсың.
Азаматтың ауыр жүгiн көтерiп
Қазақ атты көңiлдi де аларсың.

Әлi өсесiң, толысасың, толарсың,
Айтулы бiр академик боларсың.
Тарихында өзiң туған елiңнiң
Асқар болып мәңгi-бақи қаларсың.

Елуге кел, алпысқа кел, жүзге кел,
Сендей ұлды талай ғасыр iздедi ел.
Жас ғұмырың үлгi болды жастарға
Жақсылығың аз болмасын бiз көрер.

Тұманбай Молдағалиев
25 ақпан 1992.

 

Асқарға
Сұрайсың жерден де ақыл, елден де ақыл,
Отыздың жетеуiне келген батыр.
Мәңгiлiк өлмейтiндер тiзiмiне
Ойласаң осы бастан енген мақұл.

Бәрiне жетем десе адамда ерiк,
Заманың кигiзедi саған бөрiк.
Сыйлапты ғалымдығын саған тағдыр,
Ақжаңбыр ақындығын маған берiп.

Түрленiп iсiмiзден жатады өңiр,
Гүлдентер көңiлiмiздi бата не бiр.
Қазақтың қасиеттi екi ұлы боп,
Сүру де бақ емес пе қатар өмiр.

Тұманбай ағаң
25 ақпан 1993.

 

Бiздiң Асқар
(Елуiн құттықтап)

Қамал алдында тұрғандай қабағың шыттың,
Айламен емес, ақылмен жауыңды жықтың.
Өрлемей-ақ, қыранның қанатымен
Ғылым деп едiк ғылымның шыңына шықтың.

Ұмытпас ендi туған ел батырын мәңгi,
Алысың сенi аялап, жақының жанды.
Ағылшын өзi Асқарға айтқаның жөн деп,
Немiсiң өзi неше кеп ақылыңды алды.

Кiсi ұқпай сiрә қоймас-ау кiсi ұғынғанды,
Славян алған сабақты Мүсiлiм де алды.
Еврей өзi ертеңге бiрге барамын деп,
Ауылына барсаң атыңнан түсiрiп алды.

Қалмайды бүгiн қалмайды сенен де ай, күн,
Асқарым өзiң арқаңда беделге баймын.
Математика дегендi жаңғақтай шағып,
Қазақтың мүмкiндiктерiн әлемге жайдың.

Бiр бүйрегiңде жатады бүтiндiк ұран,
Заңғарларға ұшып жетем деп күтiндi қыран.
Бүкiл әлемнiң бiр ұлы өз балам – деймiн,
Iшiмнен соған шаттанып шүкiрлiк қылам.

Сен жүрiп өткен тердi ұрпақ көшеңнiң гүлiн,
Бақытты шалдың ғұмырын кешермiн, ұлым.
Елуге жаңа келiптi Алтынай, папаң,
Жалғыз жүрiп-ақ жеңiптi мешеудiң мыңын.

Керектi жерде қашанда сөйлеудi бiлген,
Өрнекпен көрдiм, Асқарым бейнеңдi гүлмен.
Құралайымның жоғын-ау осынау тойда,
Тағдырдың қатал оғын-ай кеудемдi тiлген.

Көктемде жауар жаңбырсыз гүлдей ме ақыл,
Күнi барларды уақыт күндей ме батыл.
Құралай бар деп ойлаңдар осынау тойда,
Алысқа кетiп келуге үлгермей жатыр.

Артыңнан шәкiрт балалар топтана ерсiн,
Жұмадiлдаевтар мақталды, мақтала берсiн.
Адамзат үшiн жаралған Асқарым менiң
Ойларың көп қой, тойларың көп бола берсiн.

Тұманбай ағаң,
25 ақпан 2006.

Тұманбай ағама
(Құттықтауға жауап)

Сiз де келген елуге бiз де келдiк,
Көктем кеттi, жаз да кеттi, күзге келдiк.
Үйде қалса жататұғын келi түйiп
Батырмыз жасайтұғын түзде ерлiк.

Елуге жеткен де бар, жетпеген де,
Не сауап алдап-сулап ептегенде?
Iстерiң сөздерiңнен кейiн тұрса,
Не жауап келер ұрпақ кет дегенде?

Талай iс күтiп тұр-ау келуiмдi,
Аз сөйлеп, көп нәтиже беруiмдi.
Көзiлдiрiк кигенiмдi көрiп едiң,
Құралайым көрмедiң-ау елуiмдi.

Мұңымды сездiретiн көзiм ғана,
Қуатым – қайрат, жiгер, төзiм ғана.
Құралайым қатыспаған осы тойда
Жұбаныш отырғаның өзiң аға!

Көп көрелiк қуаныш, аз ба қайғы,
Желгек шал желiп жүрiп жол былғайды.
Сары құм арасында сары бала
Сағыныш сағым болып қол бұлғайды.

Поездарға өткен-кеткен қарайлайды,
Билет таппай жолсерiктi маңайлайды.
Оқшыда қауын еккен сол бiр сәттi,
Ендi қайта iздесе де таба алмайды.

Қол бұлғайды сұңғақ жiгiт қыпша белдi
Дұрыстап елудi де ұқсақ ендi.
Қырық қатын толғатса да туа алмайтын
Иманжүсiп атамдай қыпшақ елдi.

Өзiңе ұқсамақ боп арман қылдық,
Арманға жеткiзбедi жалған тiрлiк.
Атыңның шылбырынан ұстағанды
Уақыттың сындарына қалқан қылдық.

Жүзге келер ағамыз мен де бiлсем,
Жүзге келген тойыңда мен де жүрсем.
Қолыңа шылапшынмен су құйғанда,
Төгiп алар кездерiңе мен де күлсем.

А. Жұмадiлдаев,
25 ақпан 2006.