Шиелі

1-нұсқа

Темір жолдың бойында
Таң шығындай ауыл бар.
Мәңгі қалар ойыңда,
Бал татыған қауын бар.

Үйге кірмей далада,
Кешке дейін, күн батпай.
Сол бір күндер санада,
Таңғажайып жұмбақтай.

Болушы еді бұғатын,
Жоңышқаның жиегі.
Бұл сырымды ұғатын,
Жердің аты – Шиелі.

Отыратын бір дана,
Аппақ күміс сақалы.
Он екіде бір бала,
Кетіп еді қапалы.

Сол кеткеннен жер шарын,
Арман қуып көп кезді.
Шиелідей жер барын
Сағынышта көп сезді.

Талай жерде төрледі,
Мақтамайық өте тым.
Таңның шығын көрмеді,
Шиеліге жететін.

Қуаныш пен қайғының,
Дәмін татып көп көрді.
Пәк сезімнің айдынын,
Туған жермен көмкерді.

Жылдар көшті қып мазақ,
Тышқан, ұлу, түйелі.
Көш соңында бір қазақ,
Арман жыры – Шиелі.

«Қазақ әдебиеті», №40 (2992) 6 қазан — 12 қазан, 2006 ж.

2-нұсқа

Балы тамған жас қамыс,
Бал құрақтай Шиелiм.
Бал бұраусыз баспаңыз,
Көңiл күйдiң тиегiн.
Шиелi ғой жыр-өңiр
Айтайықшы ән қылып.
Бiр күн өтер бұл өмiр,
Туған жерiң мәңгiлiк.
Жусан менен жыңғылдың –
Жүрек тербер мекенi.
Жыңғыл дейдi мың жылдық,
Роза гүлiң не теңi?
Таң ертеңгi ауасы
Самал жел боп еседi.
Жанға шипа дауасы,
Топырағы, кесегi.
Күн батады балбырап,
Мал қайтады бесiнде.
Сары құмда бал құрақ
Сурет қалды есiмде.
Арман қуар нұр-таңың
Дамылдатпас сенi де.
Анда-санда ұрпағым
Алар еске менi де.
А. Жұмадiлдаев, 17 мамыр 2006.

 

3-нұсқа

Көл айнала көк майса,
Сар даланың меңiндей.
Дастарханды көп жайса,
Жаңа түскен келiндей.
Асарлатып там салып,
Еңбек етсе ерiнбей.
Шиелi ғой таңсанып
Өтетұғын жерiңдей.
Жолды кеспей тосылса,
Тәуiр қыздың қылығы.
Сөз жарыста жосылса,
Даналардың ұлығы.
Жылылыққа тар екен
Жүрегiңнiң суығы.
Шиелiнiң бар екен
Қандай жерде жуығы?
Пайғамбарды жоқтаған
Күйеу бала, жиенi.
Әулие жоқ соқпаған,
Шөктiрмеген түйенi.
Садақ ұшын оқтаған
Оқшы-Ата киелi.
Асан-Қайғы тоқтаған
Мәңгi жаса Шиелi !
А. Жұмадiлдаев, 23 мамыр 2006.

 

*****

Ақ күмiстей ай қызын
Айналатын күн қайда?
Албыраған ай жүзiн
Аймалайтын түн қайда?
Иiлмейтiн тiк бұрыш
Келер ме екен ыңғайға?
Майыстырсаң нық құрыш
Морт кесiлiп сынбай ма?
Желiп жүрген себепсiз
Желгек шалың тынбай ма?
Өткен өмiр керексiз
Желмен ұшқан құмдай ма?
Алматы, 18.12.06