Менің үнсіздігім – айғайлап тұрған үнсіздік

– Асқар мырза, сізді жұрт «саясатқа қатты өкпелі, сондықтан қолын бәріне бір сілтеп, өз мамандығымен жұмыс істегенді жөн көрді» дейді… Сол рас па?

– Біріншіден, мен «өкпе» деген сөзді білмеймін. Мысалы, жапондықтардың ұғымы бойынша, өмір сүрудің өзі үлкен өнер. Қуану да өнер, қайғыру да өнер, тіпті әдемі қартаю да, әдемі өле білу де – өнер. Өкпелеу үшін, біреуге кінә арту үшін уақытың болуы керек, ал оған менің уақытым жоқ. Екіншіден, сенің өкпеңді ұғатын адам болу керек. Айналамнан ондай адам көріп тұрғаным жоқ. Сондықтан, өкпелеуді баланың тірлігі деп түсінемін. Маған да ешкімнің өкпесі жоқ деп ойлаймын.

– Десек те, саяси аренада бір сәт жарқ етіп, көлеңкеге кеткен тұлғаларға «саясатқа немесе билікке өкпелеп кетті» деп асығыс шешім шығаруға бейім тұрамыз… Бірақ тасада қалуға немесе ұзақ уақытқа «тайм-аут» алып кетуге итермелеген жағдайдың түп-төркініне үңілген сәттеріңіз бар шығар?

Егер мәселеге осы қырынан келер болсаңыз, әңгіме басқа. Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: бірі – адами байлық, адам капиталы, екіншісі – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.

– Ал адам капиталының мүмкіндігін қалай пайдаланып отырмыз?

Сізге қарсы сұрақ қояйын. Сіз осы сауалға не деп жауап берген болар едіңіз?

– ?

Үндемейсіз. Қазақта екі ғана ғарышкер болса, соның бірі далада жылқы бағып жүр. Кімді айтып отырғанымызды ішіңіз сезіп отыр.

– Сезіп отырмын.

Ендеше, жұмбақтамай-ақ қояйын. Тоқаңның абыройы, ақыл-парасаты да, кескін-келбеті де Елбасымыздың айналасында жүргендерді он рет орап алды. Ал осы ағамыз қазақ еліне сыймай отыр. Сыйдырмай отырмыз. Жаңа сіз маған «өз қалыбыңызға сыймай, өртеніп жүрген жан сияқты көрінесіз» дедіңіз. Мұндай теңеу маған емес, Тоқтарға, Тоқаң сияқтыларға арналған. Барымыздың қадіріне жете алмауымыз, барымызды бағалай білуге өреміздің жетпегені, әлдебір топтардың сыбыр-күбірінен әрі аса алмауымыз – бізге ұят, тіпті ұлттығымызға сын.

– Ал Жапонияда ұлттың айбынын асырған тұлғаларға мемлекеттен ай сайын стипендия бөледі, оларды ұлттың брэнді деп таниды. Жапондықтардың ұғымында ұлт мақтанышы – ұлт капиталы.

Қазақта Әбдісалан Нұрмаханов деген атақты спортшы болған. Тәуелсіз қазақ елінің тарихында одан күші асқан боксшыны кездестірген емеспін. Серік Қонақбаев та, Бақыт Сәрсекбаев та одан кейін шыққан. Бір жұдырығымен бір тайыншаны құлататын ағамыз, қазақтың атақты чемпионы қайдағы бір сүмелектерден таяқ жеп, екі-үш топтың арасындағы бәсекелестіктің құрбанына айналып кетті. «Еркек тоқты-құрбандық» болып кете барса да арман жоқ еді. Ақымақтардың арасындағы түсінбестіктің ылаң-отына өртеніп, арманда кетті. Артында қалған жоқтаушылары оның құнын кімнен талап етерін білмей аңырап қалды.

Мәскеуде Лазер институтының директоры болған Ғалым Әбілсейітовті алыңыз. Лазер физикасы саласында үлкен маман. Қазақ-ресей ғалымдары арасында сол салада Ғалымнан аты озып шыққан маманды кездестіргенім жоқ. Бірақ қазақ еліне келген соң сүйген кәсібімен шұғылданбады, оған мүмкіндік те болмады. Қазақ қоғамы оны саясаттың төңірегінде қол-аяғын қимылдата алмайтын қуыршақ тәрізді шыр айналдырып қойды. Соңында далада қалды. Далада қалдырды. Қазақ Үкіметі Ғалым, Тоқтар тәрізді ағамыздың миын пайдалану керек еді. Ал біз болсақ, сырттағы қашпаған сиырдың бұзауына қарап дәметуден әлі күнге дейін арыла алмай келе жатырмыз. «Сырттан келген маман, сырттан келген профессорлардың бізде, іште жүргендерден қай жері артық» деп студенттерден немесе сол сырттан келіп жүрген мамандардың еңбегін қажетсініп жүрген топтан сұрап көрдіңіз бе?

– Сіз мені түсінбедіңіз. Сол кезде оның ұлт мүддесін ту етіп көтергеніңіз, «қазақтың атын шығару керек, Иса пайғамбар, Карл Маркс, Эйнштейн – еврей халқының мақтанышы. Біз кімнен кембіз!» деп шарқ ұрғаныңыз әлі есте.

Мен кезінде айтатынымды айтқанмын. Ұғар құлақ болса, жетер жеріне жеткізіп тұрып айтқанмын. Мысалы, осыдан оншақты жыл бұрын Қазақ радиосына берген сұхбатымнан үзінді сіздің есіңізде қалыпты. Демек, ұғатын адам да бар деген сөз, мен соған қуаныштымын. Математикада бір айтқанды екінші рет қайталамау керек деген қағида бар.

– Ертең сізге де бір үлкен қызмет немесе депутаттық кресло берсе, орныңызды сақтап қалу үшін үнсіз отырмайтыныңызға сенесіз бе?

Қайталап айтамын, мен – математикпін, абстрактылы тақырыпқа сөйлегім келмейді. Алдымен сіз айтқандай қызмет берсін, содан кейін көреміз. Әзірге ұсынып отырған ешкім жоқ. Жаңағы «үнсіз» дегеніңізге қайта оралғым келіп тұр. Мәселе – сөйлеуде емес, айтқаныңды орындауда.

– Сонда академик Асқар Жұмаділдаевтың үнсіздігі, ұққан адамға айғайлап тұрған үнсіздік дегіңіз келе ме?

Айтқаныңды ұғатын құлаққа тыңдату керек. Құр тақырға немесе иен далаға қарап айғайлай бергеннен ештеңе шықпайды. Кезінде Абайды да жан-жағы түсінбеген. Абай: «Кейінгі жастар «атамыз айтпай кетіпті» деп өкпелемесін деп жазып отырмын» деген. Менің үнсіздігім – сіз айтпақшы, айғайлап тұрған үнсіздік. Сіз оны көріп те, түсініп те отырсыз. Менің үнсіздігімді сіз тәрізді он адам түсінсе, одан арғының керегі жоқ маған.

– Біраз жұрт өз мамандығының төңірегін шиырлап жүрсе, сіз математика әлемінен ұзап, қазақ өнері мен әдебиетіне ойысып кетесіз. Сырт көзге үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын екі әлемді синтездеуге тырысасыз. Неге? Әлде екі ортадан көпшілік байқай бермейтін алтын аралықты таптыңыз ба?

Мектеп қабырғасында жүргенде, екі арманым болған. Бірі – Артекке бару, екіншісі – алтын медаль алу. Мектеп қабырғасында жүрген кезде, «Қазақстан пионері» газетіне «Бәленбай адам жаздырсаң, «Артекке» жолдаманы тегін береміз» деген жарнамалар жиі шығатын. Соған сеніп, мақала жазып, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүретінмін. Кейін олардың бәрінің бос сөз екенін, жолдама беру жайы басқа жолмен шешілетініне көзіміз жетті ғой.

Мектеп бітіргенде «Алтын белгі» алуыма қазақ тілінен алып қалған жалғыз «4» деген баға кедергі болды.

 Мені математикаға алып келген жол кездейсоқтық десе де болады. Мәскеу мемлекеттік университетіне түскенде орыс тілінен екі алдым. Құжаттарымды кері қайтарып алмақ болып тұрған кезде математикадан сынақ алған профессор кездесіп, жөн сұрады. «Құлап қалғанымды» естіп, аппеляцияға өтініш жазуға кеңес берді. Жалғау мен жұрнағы жалғаспай тұрған өтінішімді көріп, «мынаған қарап саған «2» емес, «1» қойып береді» деп өзі жазып берді.

Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында жүргенде бала кезде орындалмай қалған арманым ішінара орындалды десе де болады. Мектепте ала алмай қалған алтын белгіні Мәскеу сыйлады маған.

Қазақ – ақынжанды халық. Ауылға барсаң, екі қазақтың бірі ақын. Бірақ талантын жарқыратып көрсете алмай іштей өртеніп, үнсіз айғайлап тұрған ақын. Үнсіз жүретін, тасада қалуды жөн көретін «ақындықтан» мен де кенде емеспін. Бала күнімдегі шумақтарым сақталған ескі дәптерлер әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Тіпті, жоғары сыныптарда оқып жүргенде, математикалық ертегілер де жазғаным бар. Көпшіліктен ерекшелендіріп тұратын қисық-қыңыр мінезімнің іргетасы сол бала күнімнен қалыптасса керек. Мысалы, сол кезеңнің әдебиетшілері «Құнанбай – жаман, Абай – жақсы» дейді, мен: «Құнанбай жаман болса, одан жақсы Абай қайдан туған?», – деймін. Жауап жоқ. «Қыз Жібек» жырындағы Бекежандай батырдың қадірін білмей, Төлеген тәрізді жолдан қосылған «щеголдарды» пір тұтады? Немесе Баян сұлуды жар етуге толық құқы бар Қодар батырды босбелбеу Қозының алдында жығып береді. Есіңізде болсын, қоғамның іргетасы, ағысы математика заңына бағынса ғана айқындылық салтанат құрады. Ал бізде бәрі керісінше. Қазір қазақтың теңгесі ғана емес, қазақтың сөзі де девальвацияға ұшырады.

– Меніңше, құнсыздыққа ұшыраған тек қазақтың сөзі ғана емес сияқты…

Ол рас. Мысалы, мен докторлық диссертациямды 31 жасымда, Ленинградта қорғаппын. Елге келген бойда идеологияның басында отырған Өзбекәлі Жәнібеков аға шақырып алып: «Жас доктормен танысайын. Біз сияқты шалдар докторлық тұрмақ, кандидаттықты да қорғай алмай жүр. Сен қайда жүріп қорғадың?» – деп риза көңілін танытып, батасын берген-ді.

Менің жолымда кездескен мықты ағаларымның бірегейі осы Өз-ағам болды. Жәнібековтің бір ауыз сөзі қазақ жеріндегі тұрмысымның деңгейін басқа арнаға бұрды десем де болады.

Жаңағы сауалыңызға аяқталмай қалған ойды жалғастырсақ. Қазір сөз де, теңге де, адамның қадірі де, тіпті атаның батасы құнсыздыққа ұшырады. Апаларымыз айтқандай, батадан кие, қарғыстан күш кеткен заманға тап болдық. Оған заман емес, өзіміз кінәліміз. Ол жақсы ма, жаман ба, мен білмеймін. Қазір біздің қоғамға сөздің қадірін асыратын, сөздің қадірін бағалай білуге мойынсұндыратын БҰҚАР ЖЫРАУ тәрізді мықты тұлға қажет. Ол ақын болмай-ақ қойсын. Мүмкін, бизнесмен болар, мүмкін ғалым, саясаткер болар. Бірақ бір Бұқардың қажет екенін сезіп жүрміз.

– Бізде өзін Бұқар жырау ретінде көрсеткісі келіп жүрген «шуттар» бар емес пе?

Рас, сырт көзге «шуттың» рөлін ойнап, есебін түгендеп, сайқымазаққа айналып жүргендер бізде жетеді. Мен оларды есепке алмаймын.

– Айналаңызда «осыдан бірнәрсе шығадыау» деп көзіңізге басып жүрген, үміттеніп жүрген тұлғалар бар ма?

Ондайлар көп.

– Сырттай батырсынып жүрген тұлғаларымыздың көпшілігі Елбасымыздың алдына жеткенде, «бүлдіріп қойған баланың кейпіне түсіп», аузынан сөзін, қойнынан «бөзін» жоғалтып алатынын көзіміз көріп жүр.

Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт. Мен мұны айтып та жүрмін. Ай сайын беріліп тұратын 500 АҚШ долларына бола «Академия жабылсын, академияның бізге қажеті жоқ» деп екі қолын бірдей көтеріп шыққан шалдарға: – Сіздер Академияның түбіне жеттіңіздер. Жеме-жемге келгенде, барлығыңыз тайқып шыға келдіңіздер, – деп бетіне айтқанмын. Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.

Академияның кемшілігі рас, жетерлік еді. Бірақ ЖОҚ Академиядан гөрі БАР Академия дұрыс еді. Қазақ ғалымдары Қазақ Академиясында ғана өздерін туған шаңырақтарында отырғандай сезінетін. Бірақ соны да көпсінетін, қимайтын жандардың бар екені байқалып қалды. Ал жабылды. Шыққан мүйізіміз кәні? Ғалымдар көбейді ме? Кезінде ең жас доктор, ең жас академик Жұмаділдаев еді. Жұмаділдаев елуден асса да, шашы әппақ «жас» академик болып әлі жүр. Менен кейін ешкім жоқ. Соңымнан «ағалап» ақыл сұрайтын ізбасарларымның болмағаны маған ұят.

Адамның парасаттылығы, ұлылығы қателікте емес, қателікті түзетуінде. Оны дер кезінде мойындауында. Әлі де болса кеш емес.

– БАҚ өкілдеріне берген сұхбатыңызда «Бір теориямен айналысып жүргеніме бес-алты жылдың жүзі болды. Аяғына жеткізе аламын ба, жеткізе алмаймын ба деп жүрсем, бірнеше басшы ғылым докторы болып шыға келді. Үкімет жұмысында жүргендердің қолы тимесе керек еді» депсіз. Сіз доктор не кандидат мәртебесін «сырттай» иеленіп жүрген шенеунік ғалымдардың еңбегіндегі кемшіліктерді байқап, бетіне айтқан сәттеріңіз болды ма?

Біріншіден, менен ешкім сұраған жоқ. Екіншіден, бұл әңгімені мен баяғыдан айтып жүрмін. Президент әкім тағайындайтын бұйрыққа қол қойған кезде, «халықтың қамын ойла» десе керек. Егер әкім болып жүріп, докторлығын қорғап қалса, не ана жұмысын, не мына жұмысын дұрыс істемейді деген сөз. Ғылыммен шұғылданған адамның басқа жайтқа мойын бұруға мұршасы болмауы керек еді. Мысалы, мен студенттерге сабақ бергелі бері ғылыммен айналысуға мұршам болмай қалды. Біздің Үкімет сөз жүзінде қол астындағыларға «Ұрламаңдар, өтірік айтпаңдар» дейді де, іс жүзінде ұрлауға, өтірік айтуға итермелейді. Бізде айқындылықтың, мүмкіншілігіңді, АДАМ капиталының мүмкінділігін сарқа пайдаланудың айқын механизмі жоқ. Ғылыми Кеңес болуы үшін ең кем дегенде құрамында алты немесе жеті доктор болуы тиіс. Ал бізде ең көп докторлар – медицина саласында. Кезінде медицина саласында өз докторлығын қорғаған бір ағамыз екі жүзден астам доктор дайындап шыққан екен. Ал алгебрадан екі-ақ доктор бар, геометриядан бірде-бір доктор жоқ. Тіпті емге таппайсыз. Осыдан бес-алты жыл бұрын АҚШ-тың математикалық қоғамының рейтингінің қорытындысы бойынша Қазақстанда ең жоғарғы рейтингті мен иеленуші едім, қазір ол Уәлібай Өмірбаевта. Ол математика саласы бойынша, күрделі жобаның түйінін шешті де, алғашқы орынға көтерілді. Мен оған қуаныштымын. Мен үшін бір қазақтың аты озып шықса болды. Мықтыларын бағалай білу, жоғарыдағы Уәлібай сияқтылардың бәйгесін шаппай беру керек қой.

Өткен жылы математика саласында таңғаларлық жайттар көп болды. Соның бір-екеуін айтайын, біріншісі – Уәлібай Өмірбаев АҚШ математиктер қоғамының Бас Жүлдесін ұтып алды. Жұрттың бәрі Уәлібай «Асқардың лақап аты шығар» деп мені құттықтап жатты. Екіншісі – Қазақстанда өткен конкурстың бірінің бас жүлдесін Шымкент жақтан шыққан белгісіз математик ұтып кетті, ал оған жоғарыдағы Уәлібай бес жоба ұсынған болатын. Ол белгісіз математиктің кім екенін білмейміз. Және оның дерегін кімнен және қай ұйымнан сұрарымызды да білмейміз. Іздеп таба алмадық. Қазақстанда өткен конкурстың қорытындысымен танысқан АҚШ-тың математиктер қоғамы Уәлібайдың алдын орап кеткен жүлдегердің дерегін іздеп, менен сұрайды, Уәлібайдан сұрайды. Әлгі конкурстың қорытындысы шыққанына екі-үш айдың жүзі болса да жеңімпаз кім екенін айтып, «бетін ашпай-ақ» қойды. Тағы бір мысал: Біздің Қазақстанда 150 университет бар. Солардың бәрі жыл сайын Елбасының алдында «ғалымды еңсеріп жатырмыз» деп есеп береді. Сіз соған сенесіз бе? Жоқ. Бізде ғылым соңында тер төгіп жүрген ғалымдардың саны екі-үшеу ғана. Есіңізде болсын, мен өз салам бойынша ғана айтып отырмын. Сол екі-үш адамның қоғамдағы мәртебесіне көңілі толмаған жастар ғылымға емес, «көкелеріне» ұмтылады. Қазір біздің елде жүріп жатқан реформаларды «дамский преферансқа» теңеймін. Ол ойынның шарты бойынша, бергеннің бәрін алуыңыз керек, екіншіде ештеңе алмайсыз. Біздің жемқорлықпен күресіміз осы секілді. Кеңес Одағы кезінде, жекешелендіру кезінде қомақты үлесті қарпып, ұрлап үлгерген періштелер ұрлап үлгермегендерге «ұрламаңдар, ұят болады» дейді.

– Жемқорлық – біздің Үкімет үшін «ахиллестің өкшесі», сыр беріп қоятын осал тұсы. Солай дегіңіз келе ме?

(Күліп) Білмеймін. Бірақ сіздің анықтамаңызды оқырмандар Асқар Жұмаділдаев емес, «Айқынның» тілшісі Гүлбаршын Айтжанбай айтып отыр деп қабылдауын қалаймын.

– Елбасы шетте жүрген қазақ миын бір орталыққа жинайық деп бір емес, бірнеше рет ұсыныс айтты.

– Елбасы айтуын айтты.

– Жалпы, біздің қазақ экономикасы қазақ ғалымдарының, қазақтың миын қажетсініп отыр деп ойлайсыз ба?

– Қазір Қазақ миын ешкім қажетсініп отырған жоқ. Егер ми керек болса, Ғалым Әбілсейітовтің, Тоқтар Әубәкіровтің миын неге керексіз деп отырмыз? Неге қажетімізге жаратпаймыз? «Пайдаланамыз» деу сөз жүзінде ғана. Елбасыға жағынғысы келетін топтар «ми керек, жинайық, елге шақырайық» деп айта береді. «Ми» керек болса сол МИ-дің ордасы Академияны талан-таражға салмас еді. Мысалы, Путин үкімет басына келісімен ғалымдардың айлық жалақысын екі-үш есе көтерді. Сөйтті де, шашылып жүрген орыс миын ғана емес, ТМД-лықтардың миын өзіне меншіктеп алуға жанталасып жатыр. Бас-аяғы жиырма академикке 2-3 мың АҚШ доллар стипендия дайындау, Академиялық атақ беру біздің Үкімет үшін «түкірік» қана. Ал жастар үшін ғылымға ұмтылудың төте жолы. Бізде бәрі керісінше. Ғылымның жоғын жоқтайтын академиктердің жайын жоғарыда айттым. Сіз айтпақшы, қазақ миы ішкі нарықтың тарлығынан емес, қажетсіздіктен сыртқа кетіп жатыр.

– Ендеше, кетпейсіз бе сіз де. Сізді Қазақ елінде ұстап тұрған күш не?

– Біріншіден, мен қартайып қалдым. 1984 жылы шақырту алғанда кетіп қалуым керек еді. Шетелдіктер үшін адам 30 жасқа дейін ғана берерін бере алады. Отыздан кейінгі береріңнің бәрі де бос. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал аламын деп ойлама» дегенді қазақ та айтқан.

– Сіз бірде журналистерге берген сұхбатыңызда «қағазбастылық реформалардан арылғанда ғана қазақ ғалымдарының алтын ғасыры басталады» депсіз. Ал реформаларға технократтық сипат беруге, технократтандыруға асығамыз да тұрамыз.

– Біздің реформалар тек сыртқы формасында ғана «шетелденді» немесе «технократтанды». «Магистр» дейміз, «менеджмент» дейміз. Реформалардың аяқталатын, оның нәтижесін талап ететін кез әлдеқашан жетті. Бізде әзірге бітетін түгі жоқ. Орыстың анайы тілімен айтқанда, реформалар қазақтың зығырданын шығарды.

Реформалар әлі технократтық сипат алса, кәне. Бәрі сөз жүзінде. «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бірде-бірі математикаға келген жоқ. Әзірге, ғылымның уығын жанталасып қорғап жүргендер ауылдан келген, барыңа да, жоғыңа да қанағат пейілмен қарайтын қара балалар ғана. Мен солардан бірдеңе шығатын шығар деп үміттенемін.

– Сіз жоғарыда «СОКП съездерін математикалық формулаға салдым» дедіңіз. Қазақ елінде өткен реформалардың барысын математикалық формулаға салып көрдіңіз бе?

– Жоқ. Сауатсыз реформа математикаға бағынбайды. Қайталап айтамын. Математикалық дәлдік, айқындылық үстемділік құрмаса Қоғам алға жылжымайды. Мысалы, бізде Қазақ ұлтының мәртебесін тек тілмен, содан кейін оны салт-дәстүрімен ғана байланыстыра қарайтындар көп. Егер тілді ғылым тіліне, технология тіліне, саясат тіліне айналдыра алмасақ, ол кімге керек?

Есіңізде болсын, тілді өмір мен қоғамның қажеттілігімен ілестіре алсақ қана ол алға жылжиды. Мысалы, немістерге шалбар кигізіп, абыройын жауып жүруді біздің Аттила бабамыз үйретіп кетті. Тіпті батыс көбейту кестесін Шығыстан, Аттиламен барған қыпшақтардан үйренді. Қазір Батыс дамып кетті. Себебі онда қоғамның даму жүйесі технократтық бағытқа, математикалық дәлдікке арқа сүйеді, қолданыста жүрген заң дәлдікке, айқындылыққа жол ашты.

– Сіз «технократтық реформа» керек деп шырылдай бересіз, өзгелер рухани байлық жағына көңіл бөледі…

– 99 адам рухани байлықты жоғары қойғанмен, тіл, дәстүр, ұлттық құндылық деп шырылдағанмен, жұрттың бәрінің есінде менің айтқаным қалады. Сонда менің бір сөзім 99 адамның сөзіне тең болғаны ғой. Түсінгендер түсінсін, түсінбегендер намысы жоқ деп ойласа, ойлай берсін, басқалар менің айтқанымды айтса, үндемей, тыныш отыра берер едім. Бірақ ондайлар жоқ қой. Бәрінің «тілім құрып бара жатыр» деп ойбайлағаннан басқа айтары қалмай бара жатыр. Қазір бос сөздің, нәрсіз уәденің қазаққа керегі жоқ.

Қазақта «жақсы болсам да өзімнен, жаман болсам да өзімнен» деген қанатты сөз бар. Тіліміз қоғамның қажетін өтей алмай жатса, оған да өзіміз кінәліміз. Өзге жұрттың «қазақ есеп шығара алатын, миын еркін бағындыра алатын ақылды халық» деп ойлағаны және оған өзімнің де көзім жеткені мен үшін бәрінен де артық. Сіз эпостық жырмен немесе домбыра, қобызбен өзге жұртты мойындата алмайсыз. Қазір қазақтың тілін ЦРУ-дің адамдары, миссионерлер, қазақ тіліне жоғалып бара жатқан тіл деп қарайтын шетелдік ғалымдар ғана үйреніп жатыр. Экономика, қаржы, саясаттың қазақ тіліне келгенде қабағы қату, ішін беруге әзірге асығар емес.

– Жалпы, Қазақ ұлтының мемлекеттіліктің атауына мұрагер болып қалатын дербес, азат ұлт болып қаларына сіз сенесіз бе?

–Сенгім келеді. Және оған негіз бар. Себебі студенттерімнің арасында ақылды, таза балалар жеткілікті. Ертең елдің тұтқасын солар ұстайды.

– Асқар мырза, енді аз-кем жеке басыңыз жайлы. Ең жас академиктің біраз уақытқа дейін салт басты, сабау қамшылы болып жүргені бойжеткендеріміздің біразын алаңдата бастаған секілді.

– Солай ма?! Біраз уақытқа дейін шешесінің төсегін өзге әйелдерге қимай жүрген қыздарымның көңіліне қарағаным рас. Олардың анасының орнын алмастыра алатын жанды кездестіре алмай жүргенде біраз уақыт өтіп кетіпті.

 Бойжеткендерімізді «өкпелетіп» алдым-ау деймін. Ойымдағыдай жан кездесті. Үйлендім. Екі қызым әкесінің байламын және алдағы уақытта өздері қалағандай жалғаса бермесін түсінді. Ризалығын берді. Қазір екі қызымның егіз қозыдай құлындаған екі інісі бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

Айқын. 4 (1185). 16 қаңтар, 2009