Асқар десе Асқар

Ғылым жолы – қысқа жол. Кейде оның ұшар басына қиялап қыран, өрмелеп жылан шыға алмай жатады. Оған тырбанып тырнақ ілсең көлеңкеде емес, күн көзі шыжғырып тұратын күнгейден көрінуің керек. Сонда еткен еңбек, төккен терің ақталады. Болмаса, ел үшін емес, тек өзі үшін құр атақ арқалап жүргендердің қатарында қаласың. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым деген нәрсенің бәрі ақымақшылық» деген Абайдың сөзін біреу бүгін болмаса, ертең алға тартып, бітіргеніңді сұрайды, «Ғылыми жұмыс өмірдің мазмұны мен мақсатына айналғанда ғана жемісті болмақ (А. Иофе) – сенің еңбегіңнің жемісі қайсы дейтіні анық.

Ғылымды өмірінің мән-мағынасына балаған, мамандығын ар туындай биік ұстаған бір азамат жайлы жазсам деген ой көптен көңілде жүретін. Сәті түскенде әңгіме өрбітіп көрелік.

Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан Республикасының халық депутаты болып сайланды. Сол кезде оның ұлт мүддесін ту етіп көтергені әлі есімізде. «Қазақтың атын шығару керек, Иса пайғамбар, Карл Маркс, Эйнштейн – еврей халқының мақтанышы. Біз кімнен кембіз!» деп шарқ ұрды. «Өндірістің тасын өрге қарай домалататын күш ол – ғылым. Шетелдік мысалға әуестеніп кеттік қой, мен де соларға жүгінейін. Қажетіне жаратар қазба байлығы жоқ Жапонияны қараңыз. Ненің арқасында дамыды? Әрине, ғылымның. Оймақтай ғана Израильдің бір өзінде 7 университет бар. Жыл сайын ғылыми конференция өткізіп, оған әлемдегі таңдаулы, болашағы зор ғалымдарды шақырады. Не үшін? Өз ғылымын дамыту үшін, сол арқылы байлық-дәулетін арттыру, халқының тұрмысын жақсарту үшін. Бүгінімен шектелмейтін, ертеңімен өмір сүруді ойлайтын елдердің үрдісі осындай. Иә, ғылымды саудаға салуға болмайды. Өзімізге белгілі жастар ғылымнан саудаға, тұрпайы саудаға – алыпсатарлыққа кетіп жатыр. Аспирантураның есігін ашатындар азайды. Ғылымның қаржысы тапшы, тұрмысы мүшкіл қақпасынан сығалап қарағысы келмейді. Базары тарқаған, қызығы қалмаған ортадан аулақ жүргісі келеді. Ғылым академиясындағы математика институтында киіктің еті, қант, май, теледидар сататын жеті түрлі кооператив бар. Ендігі базар, сірә сол болар» деп ұғар құлаққа үн қатты. «Ғылымдағы іргелі, ерекше жаңалықты 20-40 жас аралығындағылар ашатынын ескерсек, талай-талай тамаша таланттардың жанбай жатып сөніп, сауда соңындағы бейшара тірлікпен тынғанына күйінесің. Мұның бәрі – елдің ертеңгі байлығы, қазынасы еді ғой. Ғылымды дереу өнім беретін өндіріспен, шағын кәсіпорнымен салыстармайық. Одан бірден пайда түспейді. Жемісін пісіп-жетілгенде молынан, ұзағынан төгеді. Жастардың ғылымға көзқарасы, қызығушылығы төмендеп барады. Бұл – өте қауіпті дерттің белгісі. Шын мәнінде, егемен, тәуелсіз ел қатарына қосылу үшін дамыған ғылымымыз, жетілген өзіндік технологиямыз, инженер-маман ғалымдарымыз болуы тиіс», — деп жан күйзелісін жайып салып, ащы да болса ақиқатты ашып айтты. Алдағы күнге, алысқа көз жіберді.

Соңғы он жылдан аса уақыт ішінде ол Америка мен Еуропа, Жапония, т.б. елдердің гранттары мен сыйлықтарын жеңіп алып, сол жақта ғылыми жұмыстарын жалғастырды. Таза ғалымды тап басып танитын шетелдіктер Асқарды академияларына құрметті мүше етіп сайлады.

Асқармен ой бөлісіп отырғанда сарайың ашылып, тынысың кеңиді. Өзі айтқандай, қазақ ешкімнен кем емес екен-ау дегізеді. Компьютер деп бәріміз арбалып қалған әйнекті қобдишадағы жаңалықтың бәрін айтып отырғанда басқа әлемде жүргендей күй кешесің. Бізге бейтаныс – оған қолбаладай. Оның айтуына қарағанда, біздегі компьютер бағдарламаларының 70 пайызы Еуропа мен Қытайда қолданыстан шығып қалған екен. «Компьютер дегенің – темір — дейді Асқар. – Есепке жүгінсең, біздің елде аз емес екен. Онда толыққанды жұмыс істейтін адам қанша? Менеджмент, яғни ұйымдастыру қай дәрежеде? Бұл қызық әңгіме. Көбі сән үшін тұр».

Біраз жұрт өз мамандығының төңірегін шиырлап жүрсе, Асқар математика әлемінен ұзағанда, қазақ өнері мен әдебиетіне ойысып кетеді. Тап осы саланы зерттеп жүрген мамандай тың да тосын ойларды тоғытқанда адам қабілетінің шексіздігіне қайран қаласың. «Біз ұлттың ұлы екенін танытқан ұлыларды құрметтегенде, оның табиғатын терең танып, талғамы неде, тәлімі қандай, қайтсек соны ойға сіңіреміз, демей көбіне дүрмек пен мақтауға жол беріп, артынан түк болмағандай басыла қалатынымыз бар. Жас таланттарды қолдап-қолпаштау да кейде соның кейпін киіп жатады». Өз ойын осылай түйіндеген ғалым ендігі сәтте ғылым саласына қайта оралып етек алып бара жатқан девальвация, профонацияға ойысады. Қолына бор ұстап, тақта алдында тұрмай-ақ, бір шәкіртке дәріс бермей, кандидат, артынан доктор бола қалатындарға таңданыс білдірді. «Ат үстінде жүргендер қалай уақыт табады? Мен бір теориямен жұмыс істегеніме бес жылдан асып кетті, аяғына жеткізе алам ба, алмаймын ба деп жүрсем, бірнеше басшы ғылым докторы болып шыға келді. Апыр-ай! – деді ол – Үкімет жұмысында жүргендердің қолы тимесе керек еді. Оның үстіне Елбасы оларға ғалым атан деп емес, елге жағдай жаса деп мәртебелі қызметке қойды емес пе? Сонда олар қайсысын бұрын атқарғанына миым жетпей-ақ қойды. Әлде өз істеріне, қызметіне салғырт қарай ма екен? Болмаса, ертең қызметтен кете қалсам, бір әлетіне жарай ма деп топшылай ма? Сонда олар лауазымды қызметтен мүлде кетсе, ғалыммын деп жоғары оқу орнына қалай барады? Барса, студентке дәріс бере ала ма? Әлде өздері жиі айта беретін нашар маман даярлауға үлес қосып жүре бере ме? Бұл, енді, дүниені жасартып, жаңартып жатқан шын ғалымға обал. Ғылымды ауыл үйдің арасы екен ғой деп ұғатындар үшін қасірет. Өсер өндіріске, жайқалар егіске, қазылар кенге, жасалар құрал-жабдыққа салынған тұсау. Себебі, өмірін ғылымға арнаған, көз жанарын тауысып, теорияда дәлелдеп, тәжірибесін нақтылаған ғалымдардың жұмысынан жанып-өшер бұлардың ғылымсымағы, сөзі қазір өтімді ғой. Осы күні, қарап отырсам, жасанды ғалым көп».

Атақты ғалымның бұл ой-толғамдарынан кейін қазақтың ардақты ұлдарының бірі Смағұл Садуақасовтың: «Қазақтың теңдігі бес-алты жігіттің төре болғанымен табылмайды, жұрттың тіршілігін көркейтетін жұмыстарымен табылады», — деген сөзі еске түсті.

Ғылым десе, ішкен асын жерге қойып, сағаттап әңгімелейтін Асқардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі тіптен бөлек. Әлемнің айтулы елдерінде айлап емес, жылдап қызмет етсе де, ана тіліне қылаудай кір шалдырмаған.

 «Англияның біздегідей байлығы болмаса да, білім алып барып жатқандардан ағылшын тілін үйретіп, миллиондап табыс тауып жатыр. Біз қазақ тілін үйренгенге ақша төлейік дейміз. Онда үйренгенің үшін ақша төлейсің. Өз елімізде де сол тілге аз қаржы жұмсалып жатқан жоқ», — деді де: «Бәрі ниеттен, қазақ тілі құлдырап барады десек, ол – намыссыздықтан. Намыс болмаса, он ай омыртқасын үзген ананы да ұмытасың», — деп Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріне жүгінгенде өзіңді жаңылтады.

Сондай сәтте ата жұртынан аттап шықпаса да қазақ тілінде екі сөздің басын құрай алмайтындарды, «ң» мен «н»-ді ажыратпайтын тілі мүкістерді, оны өзінен көрмей, өзгеге итере салатындарды көргенде аямасқа шараң жоқ.

«Жалғандыққа бой алдырмай, бір шындықты мойындасақ, — деді Асқар. –«Гогольдің шекпенінен шықтық» дегендей қазақстандық ғалымдардың дені, оның ішінде өзім де бармын – орыс ғылымының шекпенінен шықтық. Мұны академияда, ғылыми институттарда жүрген азаматтар жоққа шығармайды.Қашан таразы басы тең болып еді? Зұлымдық пен жақсылықтың қатар жүрмеген жері бар ма? Жамандығын айтып, жақсылығын іркіп қалу өресіздікке, мәдениетсіздікке жатады. Ар алдында ұятқа батырады. Қазір де ғылым ошақтары, жеке ғалымдар байланыстарын үзген жоқ. Себебі, ғылымға ешкім тас қорған тұрғыза алмайды. Сол ресейдегідей биік дәрежеге біздің отандық ғылым да көтеріледі деген үміттемін».

Асқар осылай дей келіп, өзі шетелде болған уақытында Қазақстан мен Орта Азия ғалымдарының, жетістіктерін мойындайтындардың аз еместігін, ауыздан тастамай жүретіндердің молдығын, Еуропаның өзінде ғылым дамуының әрқилығын тілге тиек етеді.

«Мен әлемнің көп елін көрдім. Америка, Жапония, Франция, Германия, Мексика, Швеция, Италия, т.б. Саяхаттап емес, ғылыми жұмыспен бардым. Мысалы, АҚШ-та жүздеген университеттер бар. Оның ішінде ең мықтысы -12. Біздің жастар білімін жетілдіреміз деп ағылып жатыр. Ал олар қандай университеттерде білім жетілдіріп жүр. Бұл — үлкен сұрақ. Айталық, Кембридж университеті екеу. Біреуі атақты Кембридж де, екнішісі бес-алты жыл бұрын ғана ашылған. Оксфорт та екеу. Біріншісінің тарихы – 700 жылдан аса. Екіншісі кейін ашылған.Мықтының атына қосақталған. Әлгі жастарымыз Кембриджде, Оксфорта оқимыз дейді. Қайсысы екенін айтпайды. Көбі дерексіз университеттерге барады.Әрине, онда бізге қарағанда, компьютері, үстелі жаңа, хатшылары биязы, қосалқы қызметі жақсы. Яғни, менджмент күшті. Осы Кембридж университеті деген не? Ол – бір кездегі колледжден өсіп шыққан білім ордасы. Ал, колледж – 600-700 жыл бұрын ашылған діни оқу орындары. Әйтсе де, ондағы білім ғылыми негізде болған. Сол күннен бүгінге дейін жалғасып келеді. Университеттер былай тұрсын, колледждердің өз дәстүрі бар.Ол атадан балаға жалғасып отыр. Патша ауысады, революция болады. Ілім өзгереді, бірақ қалыптасқан дәстүр, әсіресе, тәрбие беру дәстүрі өзгермейді. Еш нәрсені лақтырып тастамайды. Сол заманның суреттері, неше түрлі заттары – бәрі-бәрі сақтаулы тұр. Керек десеңіз, шай ішу, сабақ беру дәстүрі бұзылмаған. «Ата-бабаларымыз осылай шешкен, біз оны орындауға міндеттіміз», — дейді кіммен сөйлесе қалсаңыз да. Сондай колледждің бірінде Ньютон да оқыған. Ньютонның отырған партасы, оқыған кітаптары, жүрген жолы деп мақтанатындар жетіп жатыр.Осы дінге сенген, бірақ ұятым жібермейді, деп қазақша айтқанда молда болмаған. Ендеше, сен кафедра басқармайсың деген. Ньютон келіскен. Ол үшін оны бүгін де ешкім кінәламайды. Қанша ғасыр өтсе де іліміне құрметпен қарайды. Тіпті, бұл колледжде Дж. Неру де оқыған деп қосып қоятындар да табылады. Оларда университет ректоры деп кординалды айтады. Баяғы замандардан солай. Дипломды сол кординалдың атынан береді. Біздегі нағыз ректорлар кординалдың орынбасары ретінде жүреді. Осының өзінен алар сабақ та аз болмаса керек. Заман өзгерді, дәуір жаңарды деп қырық құбылып, бәрін консепцияға теліп қоймай, ата-дәстүрмен ұштастырып, ұлттық үрдісті алға шығарып, жақсымен толықтырып отыратын – сол қасиет бізге де қажет. Көп айта беретін ата дәстүріміз, ұлттық салтымыз – сол емес пе!» Асқар осылай сұрақты төтесінен қояды.

«Мемлекеттік тапсырыспен, басқа жолдармен шетелге барып, оқып жатқан талапкерлер аз емес екенін жоғарыда аңғарттым. Енді олар кімдердің балалары дейсіз ғой, министрлердің, әкім-қаралардың, депутаттардың, т.б. Оқуға төлейтін қаржысы ұшан-теңіз. Ал олардың айлықтарын сұрасаң, тіске сыздық болмайды. Сонда сол азаматтар елінде қалай күн көріп отыр екен? Ауа ғана жұтып, тек қара су іше ме? Осыдан кейін ұрлық жоқ деп айтып көріңіз. Бір жолы қала сыртына шыққаным бар, көз жауын алатын сарайлар сап түзепті. Бәрі шенеуніктердікі. Бұлардың да айлығын сұрастырсам, менікінен көп емес. Таңқалмай көр енді. Менің бар тапқаным олардың іргетасына да жетпейді екен.

Шетелде бизнеспен айналысу өте қиын. Алыпсатарлыққа бармайды. Ақшаға емес, ақылға сенеді. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылады. Сөйтіп жүріп, 10 пайыз табыс тапса, дән риза. Заңнан аттамайды. Аттатпайды. Салықтан жалтармайды. Ебін тауып, екі асамайды. Сондықтан, шетелдіктер бизнеспен айналысу үшін Қазақстанға ұмтылады. Босбелбеу екенімізді жақсы біліп алған. Бәрін жиып қойып, ғылыммен айналысам десең, шетелге кетуің керек».

Ғалым сұрапыл соғыс тұсында Сталиннің кезінде, Қаныш Сәтбаев қиындық көріп жүріп ашқан академияның қазіргі жадау хәлін қинала әңгімелейді. Оның меңзеуінше, бір шыршаны өсіру үшін 120 жыл керек екен. Тян-Шянь қарағайы 12 жылда 10 сантиметр көтерілетін көрінеді. «Ғылымның жетістігі бұдан да жай болуы мүмкін. Күнде емес, жылда жаңалық ашыла бермейді. Біз барды бағалаудың орнына «ақсақал айтты, бай атты» деп ана елде анандай, мына елде мынандайға әуестеніп алғанбыз. «Біз де сендей болғанбыз» дегеніне қарамай: «Академиктерге ақша төлеудің қажеті жоқ екен, қайтеміз ол шалдарды» деген күндер де болған. Дегенмен, соңғы кезде бір жақсы нышан байқалады. Үміт сонда. Елбасы ғылымға бет бұрып отыр. Бізде істен гөрі дақпырт, ұзын-сонар жиналыс, өрге-төменге ағылған жансыз қағаз, құрғақ пәлсапа, қызыл сөз көп. Таласпайтынға таласамыз. Мысалы, біреу отбасы деген сөздің орнықтырайық десе, екіншіміз ол жанұя болу керек деп кеңірдекті созамыз. Одан да ұлттың, алдыңғы толқынның үлгісін сөз етсек қой.

Швецияда патриотизм деген сабақ бар. Алдымен, сіріңкені көрсетеді. Жәй нәрсе секілді. Бірақ олар: «Дүниежүзіне от жағуды үйреткенбіз» дейді. Онысы да жөн. Шырпыға күкірт жағудың технологиясын ойлап тапқан шведтер. Сүт пен айран құйған пакетті алдыңа қояды. «Мына пакет біздікі» дейді. Сол пакеттен түсетін табыстың 0,6 тиыны Швецияға кетіп жатыр. Міне, пайда! Германия мен Франция да сондай. Бұл ғылым мен ақылдың пайдасын көрсетеді. Қазақстанда қазір бай көп. Соның көбі ақылмен байығандар емес. Не әкесінің дәулеті, не болмаса алыпсатарлықпен бай болып жүргендер»,- деген ол тағы бір әңгіменің тиегін ағытты.

«Мен Кембридж университетінде жұмыс істедім. Оларда үш семестр болады. Ең соңғы семестрде есеп жазасың. Мен есебімді жарты параққа жеткізіп, аз болып қалды ма дедім. Сөйтсем, оқығандар: «Ойбай, сен қандай мылжыңсың. Алты сөйлем не деген көп. Бір ғана сөйлем жетеді. Істемегеніңді жалған есеппен жаба алмайсың. Ғылымды мұндаймен басқаруа болмайды. Ол оған көнбейді де. Есеп тек ақшаға ғана керек. Оған да мына көлем көптік етеді. Бұған алтын уақытыңды жібергенше, пайдалы бір мақала жазбайсың ба?»- деп қарап тұр.

«Шетелде менеджмент қатаң жолға қойылған. Бізде бұл жағы кемшін. Ебін тауып, бұлтарып кетуге құштармыз. Қарашы, мына қымбат дүниелерге, үйіп қойдым, жеке бөлмем бар еді, университет құлап қалмас үшін коммерцияға бердік. Мынандай кітаптар Қазақстанның еш жерінде жоқ. Шетте жүргенде көшірмесін аттай қалап әкеліп едім. Аударып, қазетке жаратамыз деген жан табылса, мен әзірмін. Шетелдерде анандай бар екен, мынандай бар екен, бізге сол жетпей жатыр деп жүргендердің бірде біреуі сенде не бар деп сұраған емес. Кітап жоқ дегендердің ащы айқайы құлаққа келеді. Бірақ қандай кітап екенін айтпайды. Сөйтеді де өздері қырық құрап жаза береді .

Италиядағы Әбдісалам университетінде бір емес, төрт рет болдым. Кәдімгі өзіміздің қапыда мерт болған Әбдісалам Нұрмұхамет аттас. Әбдісалам – физикадан Нобель сыйлығын тұңғыш алған мұсылман. Италяндықтар неге оған арнайы университет ашып беріп жүр десеңіз, жаңа дамып келе жатқан, не жағдайы жоқ, не ғылымға, не ғалымына дұрыс көңіл бөлмейтін елдердегі ақыл-ой иелері өлмесін деп, армансыз жұмыс істесін деп сондай бір ғылым ордасын ашып береді. Және барлық шығынын өздері көтерді. Мұндай мысалдар әлемде көп»,- дейді ол.

Мені шетелге шақырушылар баршылық. Бірақ Отанымның орны қай жерде де бөлек тұрады. Біз тектілік туралы көп айтамыз. Мен сол тектілік еткен еңбекте, төккен терде дер едім. Айталық, атақты Нобельдің әкесі кедей болған. Аталарында біреу би болған шығар, бірақ Нобель кедейліктен көтерілген. Ол бес тіл білген. Динамит жасап байыған. Швед жері – қиыршық тасты болып келеді. Тас деген аты болмаса, гранит. Гранитті динамит қана жарған. Нобель хатшы қыз ұстамаған. Хатшы қызға кеткен ақша – желге кеткен ақша деген. Сол шетеліңізде еңбегіне тәнті болған адамды қатты құрметтейді. Шын талант өзін жоғалтып алмасын деп, мен алыс елдерге ғылым іздеп барам деген жастарға кепілдеме берем. Себебі, мені білетін шетелдіктер тек топ жарған талантты жіберетінімді біледі. Өткен жылы менің кепілдемеммен он адам кетті. Шетелде танымал адамдардының кепілдемесі үлкен рөл атқарады.

 Мүмкіндік болса, шетелге бармай, өз еліңде қызмет еткенгене жетсін. Мен қай елде жүрсем де қазақ екенімді бір сәт те естен шығарған емеспін. Қойнымда елімнің аспан түстес жалауы жүреді» -дейді Асқар.

Ол бұдан кейін жер байлығын сатудан ақыл байлығын сатуға, жаңа технологияны сырттан тасығанға мәз болмай, өзімізде өндіру керектігін, оған қазақ ғалымдарының қарым-қабілетінің жететінін алға тартты. «Мен Абайдан басқаны оқымаймын. Оның екі томы 200 томға татиды. Амал не, ақынның атын білгенмен, ақылын ала қоймаймыз. Өнегесін үйренуге сараңбыз.Қырық жасында болыстықты доғарып, «маған бұл қол емес екен», — депті. Шіркін, бар қазақ Абай сөзіне құлақ асса ғой!

Маған біраз азаматтар демалмайсың ба дейді. Мен ғылыммен айналыспаған күні өліп қалуым мүмкін. Өйткені, ғылым – менің өмірім.Қызметін өміріне балаған адамдар шаршамайды. Шенеунік босаңшы дейтіндер бар. Мен депутат болып көрдім. Айқайдан құлақ тұнып, бас айналған, миға түк қонбаған деймін оларға. Министр болсам, байып, мұратыма жетем деген ой менде әсте болған емес. Егер солай бола қалса, Абай деген қара шал: «Ғылым таппай, мақтанба» дегенім қайда десе, не деп жауап беремін», — дейді Асқар Алатаудың асқар шыңдарына қадала қарап.

Ұлтын ұлықтап, халқын қадірлеген, ел болашағы дегенде ағынан жарылар азаматтың әр сөзінен түйер түйін аз емес. Тыңдап отырғанда: «Ойлайтындар мен емес бір күнгісін, Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін», — деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының үш жол өлеңі ойға оралды.

Сүлеймен Мәмет

Егемен Қазақстан №204 13 тамыз, сәрсенбі, 2003 жыл