Ақ қалам – Ақмолам

Ақ қалам – Ақмолам

Қазақ деген халық бар,
Ақпен теңер пәктікті.
Ақ пейілін танып қал,
Құрмет қылған мәрттікті.
Сыбағадан бос қалып,
Өкінгеннен пайда жоқ.
Сәтін сезбес бос халық,
Басқан ізі сайда жоқ.
Несібесі ертеңде
Ел мінезі өр болар.
От маңызды өртеңде,
Мал жайылып, төл толар.
Ақмоладай астанаң,
Қасиетті жерің бұл.
Жол бастайтын хас данаң,
Туғызбаған елің тұл.
Сарыарқаның бораны,
Алатауда ұсталар.
Тоғыз жолдың торабы,
Бағыт ұстар тұс болар.
Ақбөкендей сақ мүйіз,
Сайран солған далаң бар.
Хан көтерген ақ киіз,
Болашаққа аман бар.
Ақ сүтіне ананың,
Қандай теңеу жақындар?
Қақ төсінде даланың.
Алшаң басар хақым бар.
Самал желдің өтінде,
Орын тепкен ақ қалам.
Сағындыртып төркінде,
Жаңа астанам – Ақмолам!
“Егемен Қазақстан” газеті. №65. 3 сәуір 1998