Білім бренді

Жәутіков олимпиадасының үздіктері Назарбаев Университеті гранттарына ие болды.

Бұл күнде Халықаралық Жәутіков олимпиадасын қазақстандық білім брендіне айналды деп айтуға толық негіз бар. Биыл то­ғы­­зыншы рет алыс және жақын шетелдер­дің математика, физика және информатика пәндеріне қабілетті жеткіншектерін жинап, жеңімпаздарын анықтап берген олимпиа­да танымалдылық тұғырына тұрақтады. Айналамыздағы елдердің есепке жүйрік балалары Қазақстанда өтетін Жәутіков олимпиадасын біледі. Мамандандырылған басылымдар сайттарында жарияланатын осы олимпиаданың тапсырмаларын өз бет­терінше орындайды, қатысуды көк­сейді. Бұл есептер күрделілігі жағынан Дүние­жүзілік математика олимпиадасынан бір мысқал да кем еместігін мойындайды. Егер бұл күнде аталмыш олимпиадаға қатысатын мемлекеттердің қатары шектеулі болса, оған тек қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр деп түсіну қажет. Соңғы сайыс­та сын­ға түскен 13 елдің балалары Жәутіков олим­пиадасының тапсырмалары биыл да қызық әрі күрделі болғандығын бір ауыздан атап өтті.

Олимпиада ұйымдастырушылары қата­рын­дағы «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева 2015 жылы информатика бойынша халықаралық олимпиада Қазақстанда өтетіндігін мәлімдеді.

– Бізге Халықаралық Ұйымдастыру ко­митеті Қазақстан Республикасының Бі­лім және ғылым министрлігіне хат жазып, 2014 жылы Халықаралық физика олим­пиадасын өткізуді ұсынып отыр. Министрлік ба­ла­лар­ға үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Ма­тематика, физика, информатика пән­де­рінен халықаралық Олимпидаларда алтындар жылдан жылға көбейіп келеді, – дейді Шолпан Ақашқызы.

Сонымен, IX Халықаралық Жәутіков олимпиадасын да қорытындылайтын кез келді. Бұл жарыста қазақстандық оқушылар 4 алтын, 21 күміс және 29 қола медаль иеленді. Білім бәйгесінде физика, мате­мати­ка және информатика пәндері бойынша әлемнің 13 елінен 53 команда бақ сынасқан болатын. Ал, командалық есеп­те бас жүлдені Ресей жеңіп алды. Бірінші орынды – Грузия, ал, екінші орын­ды – Болгария мен Тәжікстан өзара бө­лісті. Үшінші орын – Қазақстан мен Украи­наның еншісінде. Жүлделі орындардан көрінген дарынды жеткіншектер «Эксон Мобил Қазақстан» компаниясының бағалы сыйлықтарына ие болды. Ең бастысы, додада үздік танылғандар қаласа, Назарбаев Университетінде білім алуға құқылары бар.
Биылғы жарыстың бір жаңалығы – Халықаралық Жәутіков олимпиадасында физикадан ең жоғарғы нәтиже көрсеткен оқушыға Әділет Имамбеков атындағы арнайы сыйлық берілді.

Ал Әділет Имамбеков кім? Ол – АҚШ Президенті мен Лев Ландаудың сый­­лық­­тарын иеленген және Гарвард университетінде РһD докторлығын қорғаған тұңғыш қазақ ғалымы. Осылайша, Жәутіков олимпиадасы өмірден мезгілсіз озған жас ғалымның есімін қайта жаңғыртып отыр.
Қазылар алқасының төрағасы ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаевтың ұсынысымен тағайындалған бұл сыйлық жыл сайын ұлтына, жасына қарамастан, тек ең үздік нәтиже көрсеткен бір оқушыға ғана табыс етілмек. Оның алғашқы иегері Мәскеу қаласы құрамасының мүшесі, Жәутіков олимпиадасының физика пәні бойынша алтын медальді жеңіп алған Илья Фрадкин болды.

Академик Асқар Жұмаділдаев жаңа жүл­дені былай негіздеді:
– Қазіргі заман қаһарманын іздеген кезде Имамбеков есімі бірден есімізге түсті. Әділет физикадан Ресей командасының капитаны болды. Оқушылар арасындағы жарыстардан ешқашан алтын медальсіз қайтпаған ол Ресей Президентінің сый­лы­ғын да алды. Оған қоса М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттiк университетi жанындағы А.Колмогоров атындағы маман­­дандырылған оқу-ғылыми орда­сын ал­тын медальмен және Мәскеу физи­ка-техникалық институтын «қызыл» дип­лом­мен аяқтады. Гарвардта білімін жетіл­дірген Әділет Имамбеков осы оқу орнында РһD докторлығын қорғаған тұңғыш қазақстандық болатын. 2009 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Райс университетiнде физика және астрономия профессоры қызметiн атқарып келген ол өз ісімен, ғылыммен шұғылданған адамның қандай биікке көтеріле алатынын күллі әлемге паш етті.

Әділет Оңласынұлы тек ғы­лым­мен ғана шұғылданбай, альпинизммен айналысқан екен. Тіпті, жеңіл атлетикадан да өзіндік биіктіктерді бағындырған ол әлем­нің ең биік шыңы Эвереске шығуға талаптанады. Оның алдында Хан тәңіріне көтерілмек болған Әділеттің үлкен жүрегі 31 жасқа қараған шағында 2012 жылы 17 шілдеде 5300 метр биiктiкте мезгілсіз тоқтады.

Олимпиада ұйымдас­ты­­ру­­шылары осындай ерек жан­дардың өмірі жастарға үлгі-өне­ге болуы тиіс екендігін алға тартып, есімдері мектептер мен өзге де меке­мелерге беріліп, абыройлы сыйлықтарға атын беру қажеттігін алға тартады.

Халықаралық қазылар алқа­сы медаль­дар саны жағынан қазақ­стандық өрендер алда болға­нымен, білім сапасы жағынан бірін­ші орынды ресейліктер бермей келе жатқандығын атады. Олардың пікірін­ше, қазірге командалық есепте Бас жүл­де­ні кезекті рет жеңіп алып, дес бер­мей келе жатқан МГУ жанындағы Маман­­дандырылған оқу-ғылыми орта­лы­ғының (СУНЦ) оқу­шы­ларына О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты (РМФМОМИ) ғана бәсе­келес бола алады. ІХ Халықаралық Жәутіков олим­пиа­дасының жеңімпазы Әлібек Сайланбаев: – Бұған дейін Мәскеудегі техникалық жоғары орындарының бірінде мамандық алуды армандайтынмын. Бүгін мен үшін күтпеген сый жасалды. Жеңімпаз ретінде Астанадағы Назарбаев Университетінің грантына ие болдым», – дейді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».